Кейбір адамдардың тағдырына көз жіберсек, тұтас бір дәуірдің қаһармандық шежіресіндей әсер қалдырады. Сұрапыл соғыстың алғашқы күндерінен бастап, Жеңіс сәтіне дейін майдан даласында от кешкен гвардия аға сержанты Тотан Умаровтың жауынгерлік жолы нағыз ерліктің айқын үлгісі.
Бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Айыртау ауданының Бірлестік ауылында дүниеге келген Тотан Әубәкірұлының жауынгерлік жолы оңай болмаған. Көзкөргендер оны әскер қатарына ерте алынып, фин соғысынан жауынгерлік жолын бастаған деседі. Алайда, бұл деректер өкінішке орай, мұрағатта сақталмаған. Десе де, ұрпақтарының тапқан мәліметтерінде Ұлы Отан соғысындағы жүріп өткен жолы сайрап жатыр. Жиырма екі жасқа енді толған жас жігіт 1942 жылы 3-інші танк корпусының 50-інші бригадасы құрамында Харьков түбіндегі аса ауыр шайқастарға кіреді. «Барвенков қазанындағы» қоршау мен шегініс кезіндегі қиындықтар жас сарбаздың мінезін болаттай шыңдайды. Қаншама майдандастары жаумен бетпе-бет келіп, қасық қандары қалғанша арпалысып, опат болды. Бұл шайқастар мен Солтүстік Донец өзені бойындағы қорғаныс ұрыстары оны үлкен стратегиялық операцияларға шыңдай түсті.
1943 жылдың жазында Тотан Әубәкірұлы 3-інші гвардиялық танк армиясының қатарында әйгілі «Кутузов» операциясына қатысты. Адамзат тарихындағы ең ірі шайқастардың бірі Курск иінінде ол Олешня өзені бойындағы жау қорғанысын бұзып өтісіп, Орел бағытындағы шабуылдың алдыңғы шебінде болды. 50-ші танк бригадасы неміс топтарының оң қапталынан соққы беріп, стратегиялық басымдыққа ие болды. Сол жылы бұл армия Сумы, Киев және Житомир қалаларын азат етіп, Украина жерін басқыншылардан тазартуға зор үлес қосты.
1944 жылы ол 2-інші танк армиясының құрамында Батыс Украина мен Польшаның Луков, Седлец қалаларын жаудан босатты. Сол жылдың 20 қарашасы бригада тарихындағы ең айтулы күн болды. Көрсеткен ерен ерлігі мен қажырлы қайраты үшін бөлімге 50-інші гвардиялық танк бригадасы мәртебесі берілді.
1945 жылдың басында Висла-Одер бағытындағы қауырт шабуыл басталды. Гвардияшылар Варшаваны азат етіп, Помераниядағы неміс топтарын талқандады. Берлинді алу кезінде бригада шабуылының екпіні теңдессіз ерлікке толы болды. Жауынгерлер қаланың ең қайнаған орталығындағы кескілескен шайқастардан өтіп, Жеңіс туын жау астанасының қақ төрінде желбіретті. Сөйтіп, 50-інші Уманская гвардиялық танк бригадасы төрт жылдық қанды қырғында көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Суворов және ІІ дәрежелі Кутузов ордендерімен марапатталды.
Тотан Умаровтың өзі соғыстағы батылдығы үшін «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, сондай-ақ, мерейтойлық марапаттармен ұлықталды. Оның кеудесіндегі «Гвардия» мен «Үздік жүргізуші» төсбелгілері атқарған қызметінің мінсіздігін көрсетсе, денесіндегі жарақат іздері сол сұрапыл жылдардың үнсіз куәсіндей еді.
Еліне аман-есен оралған соң, Тотан ағамыз үйлі-баранды болып, он үш бала тәрбиелеп өсірді. Бейбіт күнде тың көтеру науқанына белсене араласып, Урожайный, Зуборовка, Володаровка секілді ауылдарда басқарушылық қызметтер атқарды. 1977 жылы Зеренді ауданының «Подлесный» кеңшарында қызмет істеп жүріп, мәңгілік сапарына аттанды.
Тотан Әубәкірұлы секілді батырлардың есімі ел есінде мәңгі қалады. Олар салған ерлік жолы бүгінгі бейбіт күннің іргетасы, ал олардың өнегелі өмірі келер ұрпақ үшін ешқашан мәнін жоймайтын қастерлі шежіре. Осындай ерлердің есімі ел тарихында мәңгі сақталатыны ақиқат.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

