Жарқайың ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Игі бастама шеңберінде аудан бойынша 2500-ге жуық ағаш отырғызылып, елді мекендерді абаттандыру мен қоршаған ортаны қорғауға ерекше көңіл бөлінуде.
Аталған шараның маңызды бөлігі ретінде «Жастар» шағын ауданында «Ардагерлер аллеясының» іргесі қаланды. Аллея аумағына 200 қарағай көшеті егілді. Бұл тек табиғатты көркейтуге бағытталған жоба ғана емес, сонымен қатар аға буын өкілдеріне деген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Көгалдандыру жұмыстарына аудан тұрғындары, жастар, ардагерлер және түрлі мекеме қызметкерлері белсенді қатысты. Ортақ іске жұмылған жұртшылық туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Жарқайың аудандық Билер кеңесінің төрағасы Төлеген Ибраев аталған бастаманың маңыздылығына тоқталып, өз пікірін білдірді:
«Таза Қазақстан» акциясы – ел болашағы үшін маңызды әрі тәрбиелік мәні зор бастама. Бүгін отырғызылған әрбір көшет – келер ұрпаққа жасалған қамқорлық. Әсіресе, «Ардагерлер аллеясының» ашылуы үлкен мағынаға ие. Бұл – ардагерлерге көрсетілген құрмет пен жастарға үлгі болатын тағылымды іс», – деді ол.
Көгалдандыру жұмыстары ауылдық округтерді де түгел қамтыды. Мәселен, Пригородное ауылында жергілікті жастардың қатысуымен саябақ пен орталық көше бойына 50 түп қарағай егілді. Осы орайда Пригородное ауылының тұрғыны Владимир Вебер де өз қуанышымен бөлісті:
«Біздің ауылда осындай игі шаралардың өтіп жатқаны өте қуанышты жағдай. Жастардың ағаш егуге деген ынтасы бізді сүйсіндіреді. Осы егілген қарағайлар ертең үлкен баққа айналып, ауылымыздың ауасын тазартып, көрікін ашатынына сенемін. Тазалық пен жасыл желек — денсаулық пен берекенің бастауы», — деп атап өтті ауыл тұрғыны.
Айта кетейік, аудан аумағында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
![]()

