Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласында болып, өңірдегі жалғыз көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрқасым Әжітаевты салтанатты түрде Жеңіс күнімен құттықтады.
– Нұрқасым аға ел басына күн туған қиын кезеңде Отанын қорғады. Оған қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Қиын-қыстау уақытта өз басын емес, халқын ойлаған жандардың ерлігі жастар үшін үлкен өнеге. Нұрқасым Әжітайұлы – үлкен әулеттің ақсақалы, ұрпағына тәрбие берген қадірлі жан. Оның өмір жолы келер ұрпаққа үлгі-өнеге, – деді Марат Ахметжанов.
Нұрқасым Әжітаев 1943 жылы қаңтарда Жаңасемей аудандық әскери комиссариаты тарапынан әскер қатарына шақырылған. Новосібір қаласындағы мергендер мектебін тәмамдап, Курск шайқасындағы кескілескен ұрыстарға қатысып, Берлинді алуға атсалысқан. Сонымен қатар, 293-атқыштар дивизиясының құрамында Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, 1945 жылдың тамыз айынан қыркүйек айына дейін майдан шебінде болған. Ол II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» және Кеңес Одағының Маршалы Георгий Жуков медальдарымен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Облыс әкімі майдангерге Қазақстан Респпубликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алғыс хат пен ақшалай сертификат және естелік сыйлық табыс етті.
– Тірі болып, денсаулығымның жақсы екеніне Аллаға шүкір етемін. Мәскеуде, Бейжіңде, Сирияда да болдым. Кезінде талай қиындықты бастан өткердік. Болашақ ұрпақ мұндай қиын күндерді көрмесін. Алла тағала бейбіт өмір беріп, халқымыз аман, елімізде тыныштық болсын, – деп ардагер жастарға ақ батасын берді.
Бүгінде Қазақстанда Ұлы Отан соғысының алпыстан астам ғана ардагері қалса, солардың бірі – Нұрқасым Әжітаев. 101 жылдық ғұмырында ол соғыстың ауыр кезеңдерін де, бейбіт еңбек жылдарын да бастан өткерді. Жеті бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр. Кездесу барысында облыс әкімі ардагердің ел алдындағы еңбегіне ерекше тоқталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Қосшы қаласы.
![]()

