Министр сапары
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов және Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бірінші орынбасары Руслан Жақсылықов Целиноград ауданының Родина ауылындағы Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери-тарихи мұражай филиалының салтанатты ашылуына қатысты.
Жаңа мәдени нысан Қорғаныс министрлігінің қолдауымен және «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэрдің бастамасымен салынды. Отан қорғаушы және Жеңіс күні мерекелері қарсаңында ашылған бұл музей ардагерлеріміз бен ел іргесінің тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарға деген үлкен құрметтің белгісі.
– Кешегі күндей күркіреп өткен соғыста Отанын қорғаған мыңдаған боздақ ерлікпен қаза тапты. Солардың арасында 66 ақмолалық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Оның ішінде осы атаққа екі мәрте ие болған ұшқыш Талғат Бигелдиновтің, сондай-ақ, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімдері ерекше аталады. Бұл кешенде халқымыздың айбынын, ерлігі мен рухани ұлылығын паш ететін тарихымыздың бір бөлшегі тасқа басылғандай. Музейді құру барысында заманауи шетелдік әскери кешендерді салудың озық тәжірибесі ескерілді. Бұл музей бүкіл өңір үшін маңызды мәдени-ағартушылық орталыққа айналып, жастарға патриоттық тәрбие беруге, батырлар есімін ұлықтап, тарихқа деген құрметті сақтауға, сондай-ақ, еліміздің Қарулы Күштерінің беделін арттыруға үлкен үлес қосатынына сенімдіміз, – деп атап өтті музейдің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі.
Дәурен Қосанов ақмолалық батырлардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан зор үлесіне, сондай-ақ, ұрпақтар сабақтастығына ерекше тоқталды. Айтуынша, кезінде майданда болған әскери техника енді ел игілігі жолындағы жасампаз еңбекті қадірлейтін жерде сақталатын болады.
Ауыл тұрғындары мен құрметті қонақтар, олардың арасында Қазақстанның Халық қаһарманы және Еңбек Ері атақтарының 20-дан астам иегері жерлес жауынгерлердің есімдері жазылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Ақмола өңірінің жауынгерлік даңқ музейі Ұлы Отан соғысы жылдарында қан кешкен ата-бабаларымыздың – ақмолалық батырлардың есімін мәңгі есімізде сақтауға мүмкіндік береді.
Экспозиция үшін 1938-1946 жылдар аралығында және соғыстан кейінгі кезеңде шығарылған, тікелей шайқастарға қатысқан әскери техникалар таңдап алынды. Біз музейді құру барысында «Родина» агрофирмасының басшылығымен бірлесіп екі жыл бойы жұмыс істедік. Алдағы уақытта бұл бастаманы жалғастырып, еліміздің барлық өңірінде осындай музейлер ашуды жоспарлап отырмыз, – деді ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман Әсенов.
Айта кетерлігі, музей орнында бұрын терең сай болыпты. Мұнда бірнеше ай бойы әскери техникалар жұмыс істеп, жоғары төзімді аэродром плиталары төселген екен. Енді ашық аспан астындағы музей кешеніне барғандар бронетанктік және ұшу әскери техникасының 23 үлгісін, зениттік-зымыран кешені мен әскери кемелерді көре алады. 60-тан астам жәдігер жинақталған осы музейге келушілер сонымен қатар, Родина ауылының тарихымен және өлке батырларының өмір жолымен таныса алады. Экспозициядан мұрағаттық материалдарды, әскери артефактілерді, құнды заттар мен құжаттарды көруге болады. Музей жәдігерлерінің басым бөлігі Ұлы Отан соғысы кезеңіне тиесілі. Сонымен бірге, көптеген жәдігерлер ауылдың қалыптасу кезеңдерінен бастап бүгінгі күнге дейінгі даму тарихынан сыр шертеді.
Орталық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, қару-жарақ пен әскери техниканы ғылыми-техникалық зерттеу бөлімінің бас ғылыми қызметкері, генерал-лейтенант Абай Тасболатов өз кезегінде:
– Бүгін біз үшін есте қаларлық күн болды. Біз қатарда тұрып, елге қызмет етіп жүрген жауынгерлерімізді және Қарулы Күштер мен басқа да әскери құрылымдардың бастауында тұрған, олардың дамуына үлес қосқан ардагерлерімізді құттықтадық. Жауынгерлік даңқ музейі тарихи жадыны сақтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту үшін зор маңызға ие, – деді.
Музейге жасалған алғашқы экскурсия барысында қазақ палуандарының дәстүрін жалғастырушы Сергей Цырульников өзінің тағасын сыйға тартты. Айта кетейік, оның осындай тағалары әлемнің 34 қаласындағы музей коллекцияларында сақтаулы тұр.
Дәл осы күні облыс әкімі жұмыс сапары аясында Родина ауылындағы реновация бағдарламасы бойынша салынған жаңа әлеуметтік нысандармен танысты. Ауылда агрофирманың қаражаты есебінен ескі үйлердің орнына 14 екі қабатты сегіз пәтерлі тұрғын үйлер бой көтерген болатын. Осы жаңа үйлерден 100-ден астам отбасы жаңа пәтерлерге ие болды. Жыл соңына дейін тағы екі үй салу жоспарланған.
– Родина ауылы – бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. «Родина» агрофирмасы үйлер салып жатса, біз мемлекеттік қолдау аясында спорт және балалар алаңдарын тұрғызудамыз, – деп атап өтті Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында.
Қазіргі уақытта ауыл жастары заманауи футбол, волейбол, баскетбол алаңдарында, теннис корты мен воркаут аймағында спортпен белсенді шұғылданса, бүлдіршіндер үшін мұнда ойын алаңы орнатылған. Сондай-ақ, «Родина» агрофирмасы жас спортшыларға ыңғайлы болу үшін далада санитарлық тораптар мен киім ауыстыратын орындар салып беріпті. Бұған қоса, биыл «Сұрмерген» атты үйірме жұмысын бастаған. Сонымен қатар, хоккейшілерге арналған соққы бағыттау аймағы мен асық ату алаңының құрылысы жүріп жатыр. Тағы бір атап өтерлігі, ауыл ішіндегі жол желісіне күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда жұмыстың 90 пайызы аяқталып қалған. Асфальт төселіп, көшелерді жарықтандыру жүйесі ауыл теңгеріміне берілген. Абаттандыру жұмыстарын жаз маусымының соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.
Целиноград ауданы.
![]()

