Құрметті мәдениет және өнер қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Мәдениет – қоғамның рухани тірегі, ұлттық дәстүр мен салт-cананың алтын діңгегі. Облысымыздың мәдениет саласында алты жүзден астам мекеме жұмыс істейді. Рухани бірлікті нығайтуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және өңірдің шығармашылық әлеуетін дамытуға «үлгілі» және «халықтық» атағы бар 127 көркемөнерпаздар ұжымы елеулі үлес қосып келеді.
Биыл Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының құрылғанына 30 жыл, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана мен Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияға 80 жыл толады. Өңір мәдениетінің қара шаңырағына айналған бұл ұйымдар жұртшылықтың мәдени талғамын қалыптастырып, ұлттық өнер мен әдебиеттің өркендеуіне, облысымыздың рухани кемелденуіне баға жетпес үлес қосып келеді.
Мәдени ұжымдарымыз бен өнерпаздарымыздың облыс намысын республикалық және халықаралық сахналарда лайықты қорғап, беделді байқаулар мен фестивальдардың лауреаты атанып жүргені біз үшін ерекше мақтаныш. Бұл жетістіктер – аймақ өнерпаздарының жоғары кәсібилігі мен бай мәдени әлеуетінің жарқын айғағы. Руханият ісіне деген адалдық пен жасампаз еңбектің арқасында ұлтымыздың мәдени мұрасы еселеніп, шығармашылық көкжиегі кеңейе түсуде.
Барша өнер саңлақтарына, сала ардагерлеріне, шығармашылық ұжымдарға, кітапханашылар мен музей қызметкерлеріне, саз бен сахна майталмандарына терең алғысымды білдіремін!
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, шалқар шабыт, шығармашылық табыс және ықыласты көрермен тілеймін!
***
Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері!
Ақмола облысының депутаттық корпусы атынан Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстанның мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сала ардагерлері, театр және кино қайраткерлері, жазушылар, музыканттар, суретшілер, музей, кітапхана, мұрағат қызметкерлері, мәдениет үйлері мен клубтардың, көркемөнерпаздар ұжымдарының өкілдері, баршаңыз өңірдің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер.
Ақмола өңірі халқымыздың бай тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын сақтап, ұрпаққа насихаттап келе жатқан қасиетті мекен. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды өнер саңлақтарының ізі қалған бұл өңірде мәдениет пен өнерге деген құрмет әрдайым жоғары.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениеттің ұлт руханиятындағы айрықша рөлін үнемі атап көрсетіп келеді. Бүгінде облыста мәдениет саласын дамытуға, шығармашылық ұжымдарды қолдауға, ауыл мәдениетін жаңғыртуға және жас таланттардың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Жыл сайын мәдениет нысандары жаңартылып, материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
Сіздер қоғамның рухани өмірін байытып, ұлттық өнер мен мәдени мұраны сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Осы айтулы күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық шабыт, толағай табыс және жаңа жетістіктер тілеймін! Өнерлеріңіз өркендеп, еңбектеріңіз ел игілігіне қызмет ете берсін!
Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.
![]()

