Экология
Ақмола облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бөлім мамандары табиғат пайдаланушылардың экологиялық заңнама талаптарын сақтауын тұрақты түрде қадағалап, осы мақсатта жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер ұйымдастыруда. Нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қолданылып, оларды жою жөнінде міндетті нұсқамалар беріледі.
Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің 2025 жылы атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталсақ, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығына сәйкес алдын алу мақсатындағы 12 тексеріс жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша тиісті кәсіпорын-ұйым, мекемелерге 10 ұйғарым берілді. Сөйтіп, тұрақты бақылаудың нәтижесінде барлық талаптар толық орындалып, заң бұзушылықтарды жою бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Сонымен қатар, жыл ішінде біліктілік талаптарына сәйкестікке қатысты 5 тексеріс өтіп, 6 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оған кінәлілерге жалпы сомасы 1,2 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, ол толық өндірілді.
Мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер негізінде де жоспардан тыс 67 тексеріс жүргізіліп, 65 әкімшілік хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 38,4 миллион теңгені құрады және толық өндіріліп алынды. Бұл тексерістер қызметті экологтардың рұқсатынсыз жүргізу немесе рұқсат талаптарын сақтамау, апатты жағдайлардың орын алуы, қалдықтарды заңсыз орналастыру, сондай-ақ, ластаушы заттардың төгінділері мен шығарындыларына жол беру сияқты өзекті мәселелерге қатысты болды.
Облыстағы құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл нәтижесінде де бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Сөйтіп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 802-бабына сәйкес 46 әкімшілік хаттама толтырылып, 2,8 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Жалпы алғанда, 2025 жылы 84 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты осындай бақылау шаралары жүргізіліп, экологиялық заңнама бұзудың 93 фактісі анықталды, соған орай, 65 ұйғарым беріліп, 128 әкімшілік хаттама рәсімделді.
Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі бұған қоса, 111 әкімшілік істі де қарап, кінәлілерге 42,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Оның 41,6 миллион теңгесі ерікті түрде өндіріліп алынса, қалған бөлігі мәжбүрлеп өндіру сатысында. Сонымен қатар, сот органдарына жолданған 17 істің нәтижесінде 12 тұлға 9,3 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұдан басқаша болуы мүмкін де емес. Өйткені, таразы басында – қоршаған орта жайы.
Өңірдегі өзекті проблемалардың бірі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының талапқа сай болмауы. Бүгінде облыста 130 полигонға жер учаскелері рәсімделгенімен, оның тек 25-інде ғана қажетті рұқсат құжаттары бар. Яғни, экологиялық және санитарлық талаптарға толық сәйкес келетін мұндай нысандардың үлесі небары 19,2 пайыз ғана. Бұл жағдай стихиялық қоқыс орындарының пайда болуына және өңірдегі экологиялық ахуалдың күрделенуіне айтарлықтай кері әсерін тигізуде.
Ғарыштық мониторингтің нәтижелері бұл мәселенің ауқымын айқын көрсетіп берді. Айталық, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының деректері бойынша 2025 жылы облыс аумағында 458 рұқсатсыз қоқыс орны анықталды. Жергілікті атқарушы органдарға оны жою бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін арнайы ұйғарым хаттар жолданған болатын. Соңғы мәліметтерге сәйкес ол орындардың 421-інің немесе 92 пайызының жойылуына қол жеткізілді.
Бұл ретте, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою бойынша уақытылы шара қабылдамаған лауазымды тұлғалар да жауапкершіліктен тыс қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 365-бабының талаптарын орындамағаны үшін осындай 23 лауазымды тұлғаға 778 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Міне, жоғарыда атап көрсетілген нақты шаралардан да анық байқалатынындай, біздің бөлім өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп, осы тұрғыдағы заң талаптарының орындалуын нақты көрсеткіштермен дәлелдеп отыр. Дегенмен, біздің өмір сүру, өсіп-өну ортамыз – табиғатты қорғау тек бақылаушы органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте еске саламыз. Табиғат – ортақ үйіміз, ал оны сақтау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Осыны бір сәт те ойдан шығармасақ екен.
Арыстанбек Тасқынбаев,
Ақмола облысы бойынша экология департаментінің
мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы.
![]()

