Жаз және жастүлек
Облысымызда балалардың сауықтыру лагерлерін лицензиялау талаптары әлі де сұрақтар туғызып отыр.
Бұл мәселе Кәсіпкерлер палатасының туризм жөніндегі салалық кеңесінде бірнеше рет талқыланып, саланың дамуын тежейтін негізгі факторлардың бірі ретінде аталуда.
Кәсіпкерлердің айтуынша, балаларға білім беру және сауықтыру қызметтерін көрсетуге лицензия алу талаптары маусымдық лагерлердің жұмыс ерекшелігін толық ескермейді. Соның салдарынан кейбір нормалар артық немесе іс жүзінде орындалуы қиын.
Талқылау қорытындысы бойынша бизнес өкілдері қолданыстағы талаптарды жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, лагер басшыларына қойылатын педагогикалық өтіл талабын қайта қарау ұсынылады. Сала өкілдері үшін бастысы, бизнес иесінің педагог болуы емес, балалармен тікелей жұмыс істей алатын білікті маман болуы.
Медициналық қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Қазіргі талаптарға сәйкес медициналық қызметке лицензия тек заңды тұлғаларға беріледі, бұл жеке кәсіпкерлердің мүмкіндігін шектейді. Осыған байланысты лагерлерге емханалармен, ауылдық дәрігерлік амбулаториямен және фельдшерлік-акушерлік пункттермен келісім-шарт негізінде қызмет көрсету мүмкіндігін енгізу ұсынылуда.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер біліктілік талаптарынан санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерге қатысты нормаларды алып тастап, бұл функцияларды тиісті бақылаушы органдар құзыретінде қалдыруды ұсынады.
Мүліктік талаптар бөлігінде активтерге иелік ету немесе жалға алу мерзімін 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарту ұсынылды. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесіне сәйкес келеді.
Қауіпсіздік талаптары бойынша да қайталанатын нормалар мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, бейнебақылау, дабыл түймелері, күзет және өткізу режиміне қатысты талаптардың қайталанатыны айтылды. Оларды біліктілік талаптарынан алып тастап, рұқсат беру рәсімдері аясында реттеу ұсынылады. Бұл ретте, нысанның терроризмге қарсы қорғалу паспорты міндетті түрде сақталуы тиіс.
Көлікпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша да өзгерістер ұсынылды. Кәсіпкерлер өз автокөлігінің болуын міндеттейтін талаптан бас тартып, балаларды лицензияланған тасымалдаушылар арқылы келісім-шарт негізінде жеткізуге мүмкіндік беруді сұрайды.
Сонымен қатар, балалар лагерлері туралы толық әрі сенімді ақпаратты қамтитын бірыңғай республикалық портал құру және балалар сауықтыру орталықтарын қолдау үшін жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламаларын енгізу қажеттігі айтылды.
Аталған ұсыныстар салалық министрлік деңгейінде де қаралды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен Ақмола облысы балалар және жасөспірімдер туризмі қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтановтың кездесуінде тараптар жазғы маусым басталғанға дейін осы мәселені одан әрі тиянақтауға уағдаласты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сурет cdn.nur.kz сайтынан.
![]()

