Меморандум
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының өкілдерімен кездесіп, басқарма төрайымы Үміт Шаяхметовамен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аталған құжат өңірде шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Сонымен қатар, меморандум аясында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, цифрлық бастамаларды дамыту және креативті жобаларды қолдау мәселелері де қамтылған.
Соңғы жылдары Ақмола облысында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта республикалық және жергілікті бюджеттерден қомақты қаражат бөлініп, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және сауда салаларында көптеген табысты жобалар жүзеге асырылуда. Аймақтағы кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие беру, субсидиялау және инвестициялық қолдау тетіктері кеңінен қолданылып келеді.
Осы ретте, Қазақстан Халық Банкі өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отыр. Бүгінде Ақмола облысындағы несие беру көлемінің 71 пайызы аталған қаржы институты арқылы жүзеге асырылады. Әсіресе, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын іске асыру бағытында банк белсенді жұмыс атқаруда.
Мәселен, көктемгі егіс жұмыстарына арналған жеңілдетілген несиелеудің «Кең Дала — 2» бағдарламасы аясында облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері айтарлықтай қолдауға ие болды. Бағдарлама арқылы бөлінген қаржының негізгі бөлігі дәл осы Халық банк арқылы таратылған. Бұл өз кезегінде аграрлық сектордың тұрақты дамуына, шаруалардың қаржылық жүктемесін азайтуға және көктемгі егіс науқанын уақытылы жүргізуге мүмкіндік беруде.
Жиын барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қазіргі экономикалық жағдайда қаржыны тиімді әрі мақсатты пайдалану аса маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте, өңірге сенімді серіктестік пен заманауи қаржылық менеджмент қажет.
– Қолда бар қаржыны дұрыс әрі тиімді пайдалануымыз керек. Сондықтан, бізге сенімді серіктестік қажет. Мемлекет пен қаржы институттарының бірлескен жұмысы кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастырып, өңір экономикасының дамуына серпін береді, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.
Ал, Үміт Шаяхметова банк алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға белсенді қатысатынын жеткізді.
– Бүгінде Халық банкі еліміздің барлық өңірінде халыққа қолжетімді қаржылық қызмет көрсетіп келеді. Ел бойынша 531 филиал жұмыс істейді. Ақмола облысында несие беруде шағын және орта бизнеске арналған жобалар, субсидиялау, «Өрлеу», «Кең Дала-2» секілді мемлекеттік қолдау бағдарламаларының басым бөлігі Халық банк арқылы жүзеге асырылып отыр, – деді банк басшысы.
Кездесу қорытындысында тараптар алдағы уақытта өңірдегі инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екендіктерін мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай серіктестік кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін беріп қана қоймай, облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға, соның ішінде жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне мүмкіндік береді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

