Әкім — ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Атбасар ауданына жұмыс сапары барысында «Әріп-Агро» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралап, көктемгі дала жұмыстарының жай-жапсарына қанықты.
Аталған шаруашылық жоспардан оза жұмыс істеп, 9,2 мың гектар егіс алқабының жартысынан астамын егіп үлгерген. Бұл жерлердің 35 пайызы майлы дақылдарға, 25 пайызы бұршақты дақылдарға және 40 пайызы дәнді дақылдарға бөлінген. Мұнда бидай мен арпадан бөлек, экспортқа шығаруға бағытталған «Белуга» сұрыпты қара жасымыққа да басымдық берілуде.
– Көктемгі егіс науқанын 6 мамыр күні күнбағыстан бастадық, қазір алқаптың шамамен 60 пайызы егілді. Жұмсақ және қатты бидай, арпа, сұлы, сондай-ақ, Түркияға экспортталатын жасымық егудеміз. «Кең Дала-1» және «Кең Дала-2» мемлекеттік бағдарламалары арқылы арзандатылған дизель отынын алып, аммофос бойынша келісім-шарт жасадық. Ең бастысы, топырақтағы ылғал қоры жақсы, тереңдігі 80 сантиметрден 1 метрге дейін жетеді, бұл әзірге дәннің көктеп шығуына ылғал жеткілікті деген сөз, – дейді «Әріп-Агро» ЖШС директоры Ғалымжан Әріпов.
Жұмыс сапарындағы келесі нысан егіс алқабы 31,5 мың гектардан асатын «Шуйское-ХХІ» ЖШС болды. Мұнда 17 450 гектар жерге бидай, ал, 4 000 гектарға арпа егу жоспарланған. Көктемгі науқанның қызған шағында мұндай көлемдегі жұмысты шаруашылық қуатты егіс техникасының және агротехникалық мерзімдерді қатаң сақтаудың арқасында тиімді жүргізуде.
– Бүгінге дейін ауданымызда 192 мың гектар жерге егін егілді, бұл жалпы жоспардың 42 пайызын құрайды. Дала жұмыстарына 632 трактор, 987 сепкіш және 125 егіс кешені жұмылдырылған. Барлық жұмыстар ұйымдасқан түрде жүргізілуде, жанар-жағармай мен техниканың жеткіліктілігі егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді, – деп баяндады Атбасар ауданының әкімі Кенеш Әлімжанов.
Сапар қорытындысы бойынша Марат Ахметжанов атбасарлық диқандардың жұмысына оң баға беріп, мемлекет фермерлерге барынша қолайлы жағдай жасап, оларды түрлі тәуекелдерден қорғап отырғанын атап өтті.
– Бүгінде өңірде егіс жұмыстары 40 пайыздан астам орындалды, біз республика бойынша егіс қарқыны жөнінен көш бастап тұрмыз. Мемлекет тарапынан агросекторды дамыту үшін барлық жағдай жасалуда, соның ішінде жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер беріліп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіледі. Фермерлерге көктемгі егіс жұмыстарын тезірек аяқтап, мол өнім алуды тілеймін. Өз тарапымыздан барлық өзекті мәселелерді шешуді жалғастырамыз, оның ішінде мердігерлермен бірлесіп егістікті киіктерден қорғау жұмыстарын жүргіземіз. Серіктес ретінде қолдан келгеннің бәрін жасаймыз және аграршылардың барлық ұсыныстарын алдағы жұмыс барысында міндетті түрде ескереміз, – деп түйіндеді өңір басшысы өз сөзін.
Жалпы, биылғы көктемгі егіс науқанында облысымызда 5,4 миллион гектар жерге жазғы дақылдар егіледі. Негізгі басымдық әртараптандыруға берілген. Дәнді дақылдардың көлемі оңтайландырылып, майлы дақылдардың алқабы 600 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Жеңілдетілген несиелеу мен «Aqmola Digital» орталығы арқылы жүргізілетін цифрлық мониторингтің арқасында көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтау жоспарланып отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Атбасар ауданы.
![]()

