Он үш жыл министр болған жарқын тұлға

Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ұстаз Қажахмет Балахметовтың туғанына – 100 жыл

Көкшенің Айыртау, оның ішінде Сырымбет  сынды қасиет қонған өңірден шыққан тұлғаларын ауызға алғанда, осынау біртуар азаматтардың қатарында  Қажахмет Балахметұлы Балахметовтың есімі де ерекше аталады. Айыртау жері ертеден білімнің, өнер мен ғылымның  бір бесігіне айналғандай. Петербург  университетінде білім алып, «Жерлестер одағы» атты студенттік ұйымға қатысқан, өз заманының озық ойлы перзенттерінің бірі Мәмбетәлі Сердалин шыққан бұл өңірден. Бұл топырақтан осындай білімді тұлғалардың көптеп шығып, Айыртау жерінің құтты бесікке айналуына, әсіресе, Айғаным ханшаның, Шыңғыс және Шоқан Уәлихановтардың, жалпы хан ордасының ықпалы ерекше зор болды деп айтуға болады. Осы өңірде оқып білім алған, қызмет істеген біртуарлардың қатарында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған атақты жерлесіміз Бәйкен Әшімов,  айтулы ұстаз, педагог Мұсахан Қанапиянов та бар. Қажахмет ағамыздың ұстаздық жолды таңдап алуына өзінің ұстазы, өлкеміздегі халық ағарту ісіне зор еңбек сіңірген осы асыл азаматтың ықпалы зор болған.

Қажекең ол кісі туралы «Менің тірлігімнің темірқазығы, ұлағатты ұстазым, тағылым алған тұлғам» деп жазған екен бір естелігінде.  Осындай білімдар ортадан қанат қағып шыққандардың ішінде халқымыздың зор құрметіне бөленген, осы өңірден шыққан  ең алғашқы ғалым қазақ әйелдерінің бірі Әсия Мұқанова, партия, кеңес қызметкері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Тұрсын Махметов, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ауыл шаруашылығының білікті ұйымдастырушысы Төлеу Сүлейменов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тәуелсіз еліміздің Елтаңбасының авторы, сәулетші Шота Уәлиханов, белгілі ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықов, Социалистік Еңбек Ері Ұлтай Нүрсейітов, ауыл шаруашылығының білікті басшысы болған Қуандық Сәпиев, мемлекет қайраткері Аманолла Рамазанов, тағы басқалары бар. Еркін Әуелбековтың әкесі Нұржан Әуелбеков те Сырымбетте балалар үйінің директоры болған.  Бұл қатарда ұзақ жылдар бойы республика халық бақылау жүйесінде, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінде жауапты қызмет атқарған Хакімтай Әбділманов, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Нұрғожинді, ғылым кандидаттары Айша Біркенова, Саркен Беспаевтарды айтуға болады. Алаш қайраткерлері Біләл Малдыбаев, Есім Байғасқин, Абдолла Байтасов, Хамит Құрмашев, қазақ драматургиясының негізін қалаушылардың бірі, әдебиетші Шахмет Құсайыновтардың да осы топырақта аунап, шуағына шомыла өскенін ескерген жөн.

Әңгімемізге өзек болып отырған Қажахмет Балахметов ағамыздың өсіп-өнген ортасы, ұшқан ұясы  осындай киелі де қастерлі жер. Айыртау топырағында, кезінде Ақмола губерниясы Көкшетау уезі, Ортақшыл болысы, №18 ауылда Қажекең  1926 жылы  26 маусымда дүниеге келіпті, бұл бір кездегі «Сұлукөл» колхозы. Ортақшыл болысы сол жылы құрылған 17 болыстың бірі, орталығы Казанка селосы болған. Әкесі Балахмет  Қайырұлы соғыс ардагері, көп жылдар аудандық прокуратура, аупарткомда жауапты қызметте іс жүргізуші болып істейді, «Сұлукөл» колхозын ұйымдастырады, жетім-жесірге қамқор болады. Екі тілді меңгерген сауатты адам болған.  Кейін аудандық Кеңестің депутаты болып сайланады. 1937 жылы «байдың қызына үйленді, Алаш қайраткері Әбілғазин Фаттахтың тәрбиесінде болды» деген айыппен орнынан босап, ағайын-туыспен бірге қудаланады, Омбы жаққа қашуға мәжбүр болады, кейініректе бүкіл отбасы халық жаулары қатарына жатқызылып қуғын көреді, екі жылдан соң ақталады. Шешесі Ғазиза Мәлікова Рузаев ауданының Қарағаш ауылынан, кезінде Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан Қарауыл Баубек батырдың ұрпағы. Ол кісі 17 құрсақ көтеріп, соның жетеуі тірі қалады. Қажекең тұңғыштары болса керек. Одан басқа қарындастары Зина, Сәуле, Лида, інілері Қанатбек, Кенжеболат, Кәртай. Қажекеңнің ата тегі Орта жүз ішіндегі Атығай руының Құдайберді – Бәйімбет – Көшқұлы тармағы.  Қажекеңнің құдай қосқан қосағы Сараш Ақбұзауқызы Байгенжина Айыртау ауданының Қоскөл деген жерінен, мамандығы дәрігер, Алматының медициналық институтын бітірген. Кейіннен республикалық ғылыми-зерттеу институтында көп жыл бойы ғылыми қызметкер болып істеп, кандидаттық диссертация қорғайды. Әке-шешесі өздерінің туған жері, ата-бабасының қонысы Қоскөлде жерленген. Рулары Атығай ішінде Ораз, аталары Жантай. Шешесі Шыңғыс Уәлихановтың туысы Әлжан төреден тарайды.

Қажахмет атамыздың  жасөспірім шағы Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарымен тұспа-тұс келеді. Жас кезінен еңбекке араласады. Аудан орталығы Володаровкадағы әйгілі «Ақ мектептен» ана тілінде білім жолын бастаған бала, осы жалғыз қазақ мектебі жабылып қалады да, содан амалсыздан орысша оқуды 3 сыныптан қайта жалғастыруға мәжбүр болады. Әр жылдары  әкесі қуғын көргенде Качиловка, Омбы жерінде, Қызылжарда да аздап оқиды. Саумалкөлде зерек бала алға кеткен сыныптастарын көп ұзамай қуып жетіп, басып озады. Жан-жақты білімді жас  қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады, жастар ұйымын басқарады. Кейін ұстаздық жолды қалаған Қажекең Алматы қаласындағы ең жоғары оқу орны – Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті болады. Алайда, денсаулығына байланысты онда ұзак оқи алмайды. Содан кейін елге қайтып келіп, Кызылжар қаласындағы мұғалімдік институтта оқып білім алады да ұстаздық жолын 1948 жылы Сырымбет мектебінен бастайды. Алған білімін үнемі молайтуды көздеген ұстаз сырттай оқып, Семей педагогика институтын тәмамдайды. Алайда, ең адам тану білімін ол өмір мектебінен алады. Жоғарыда айтқан Мұсахан Қанапияұлынан баска да тәжірибелі де білікті ұстаздар, мектептегі оқу бөлімінің меңгерушісі Нағима Сәрсенова, математика пәнінің оқытушысы Қойшы Бибулаев, балалар үйінің директоры Нұржан Әуелбеков сынды ұстаздармен бірге жұмыс істеуі үлкен әсер етті. Өзі де білімі мен тәжірибесін шыңдай түсті. Талапкер жасты басшылар да тани білді, оның ағарту саласындағы еңбегі жоғарылап, өрлей берді. 1948-1952 жылдары белгілі Сырымбет орта мектебінің оқушыларына тарих пәнінен сабақ береді, 1953-1957 жылдары Еңбекшілдер ауданындағы Макин, Степняк орта мектептерінде директор болып істейді. Осы ретте, өзін қабілетті, ізденімпаз басшы ретінде танытып үлгерген жігерлі Қажахмет Балахметұлы облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына ұсынылады да, көп ұзамай-ақ бөлімді басқару сеніп тапсырылды. Кейін облыстық партия комитетінің мектептер бөлімін, насихат және үгіт бөлімін басқарып, партиялық жұмыста біраз шыңдалғаннан кейін Көкшетау қалалық комитетінің хатшылығына жоғарылатылады. Партиялық жұмыста жүріп, қоғамдық сайланбалы органдардың жұмысына белсене қатысады. Ауылдық, қалалық, облыстық Кеңестердің депутаты бола жүріп, халыққа білім беру ісін өркендетуге елеулі үлес қосады. 1970 жылдың тамызында Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті Ғылым және оқу орындары бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1974 жылдың 14 тамызында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Халық ағарту министріне тағайындалады. Осынау жауапкершілік жүгі мол қызметті Қ.Б.Балахметов он үш жыл бойы абыроймен атқарды.

Осынау жылдары білім беру ісіне, балалар мен жастарды тәрбиелеу мен мамандарды дайындауға бар күшін салып, өзіндік соны ізін қалдырады. Кеңес Одағы мен шет елдердің озық педагогикалық тәжірибелерін талмай зерттеді, соған  сәйкес тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлді. Мәселен, бірде Шри-Ланкада өткен Азия және Океания елдері Білім беру министрлерінің Төртінші аймақтық конференциясына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Конференция барысында педагогиканың озық тәжірибелеріне қатысты көп мағлұмат алды. Кейін осы тәжірибені елдегі мамандар арасында таратып, кең таралуына ықпал жасады, жұмыстың жаңа бір бағытына жол салғандай болды. Жоғары оқу орындары мен мектептердің әлеуетін арттыруға бар күшін салды, әсіресе, педагогтардың біліктілігін көтерудің нақтылы шаралары жүзеге асырылды.

Қажекеңнің кітаптары мен естеліктеріндегі «Министр мінбері», «Еңбек жолы – мектептен», «Тәрбиеленушілердің туған үйі» «Бұқаралық – спорттың жаны», «Жаңа оқу жылының міндеттері», «Мектеп – тәрбие жұмысының орталығы» атты мақалалардан   үзінділер келтірсек, көп нәрсеге қанық боламыз.

Мысалы «Заман зерделері» кітабында  мынадай деректерді кездестірдім. «Мұғалімдер дайындау ісіне ерекше мән берудің нәтижесінде төртінші-он бірінші сынып мұғалімдерінің 85,2 пайызын жоғары білімді мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Бұған қоса, ұстаздар қауымының біліктілігін уақыт ағымына сай үнемі жетілдіріп отыру ісіне ерекше көңіл бөлінді. Барлық аудандарда әдістемелік кабинеттер ашылды, штаттар кеңейтілді және материалдық базасы нығайтылды. Алматыда және барлық облыс орталықтарында мұғалімдердің біліктілігін арттыру институттары ашылды. Мемлекеттік деңгейде биіктен танылған Қазақстан оқу орындарының базасында Бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференциялар, мәжілістер мен олимпиадалар өткізу дәстүрге айналды. Жыл сайын «Мектеп» баспасынан жүзден астам әдістемелік нұсқаулар мен кітаптар жарық көріп отырды. Мұғалімдер түрлі педагогикалық басылымдар арқылы да оқытудың озық, әдістерімен танысу, өз тәжірибесін насихаттау мүмкіндігіне не болды. Республикада екі тілде «Қазақстан мұғалімі» газеті, «Қазақстан мектебі» журналы қосымшасымен, мұғалімдерге көмекші құрал болатын басқа да басылымдар шығып тұрды. Тек он бірінші бесжылдықтың ішінде ғана 15 докторлық, 289 кандидаттық диссертация қорғалыпты. Міне, осынау жұмыстың барлығы жаппай орта білім берудің берік іргетасына айналды».

Жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесін тарату, әдістемелік жаңалықтарды енгізу жұмыстары жүргізілді. 1980 жылдардың басында жалпыға бірдей міндетті орта білім берудің жүзеге асқандығы жарияланды. 1984 жылы кезекті мектеп реформасы басталды. Мектептің материалдық базасын нығайту, 6 жастан бастап оқыту, жаңа пəндер енгізу, мұғалім беделін көтеру мәселелері осы кезеңде қолға алына бастады. Енді цифрларға жүгініп көрейік. 1980 жылдардың ортасында ЖОО-ның саны 55-ке жетті. Бұл жылдары студенттік құрылыс отрядтары өріс алды. Орта арнаулы оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 550 мыңға жуық студенттер мен оқушылар 200 түрлі мамандық алды. Осы мақсатпен 283,6 мың орындық мектеп салынды. Ал, сексенінші жылдардың ортасына қарай бұл жұмыс одан әрі кең қанат жайып,  348,6 мың орындық 560 мектеп салынады. Бұған қоса, педагогикалық оқу орындарының материалдық базасын нығайту үнемі назарда болды. Сөйтіп, үлгілі жоба бойынша 30-дан астам оқу ғимараты мен жатақханалары салынды. Оның ішінде Қостанай, Көкшетау, Целиноград, Ақтөбе, Қарағанды, Орал педагогикалық институттарының оқу ғимараттары мен жатақханалары, Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің тұрғын үйі, педагогикалық училищелердің оқу ғимараттары, Алматы, Ақмола, Атырау қалаларындағы Оқушылар сарайы, спорттық және көркемсурет мектептері бірінен соң бірі пайдалануға берілді. Көп ұзамай орталық Мұғалімдер білімін жетілдіру институтының бас ғимараты мен жатақханасы,  Ы.Алтынсарин атындағы пединституттың кешені  оқу-ағарту ісін алға бастырудың тағы бір алғышарты ретінде көрініс тауып, ел игілігіне беріледі. Бір айта кететін жайт, Көкшетау қаласының Абай көшесіндегі бүгінгі отырған университеттің бас ғимараты, яғни, сол кездегі пединституттың  іргетасы да 1978 жылы, осы кезде қаланады. Ғимаратты салу туралы қаулыда Қажекеңнің де қолы бар. Оған сол кездегі республика басшысы Д.А.Қонаев, облыстың бірінші хатшысы Оразбек Қуанышев, ректор Е.Н.Боярский ат салысады.

Сонымен қатар, Қажахмет ағамыз мына жәйттерді де еске алады. «Білім саласындағы тәуелсіздік тағылымы орасан зор. Мәселен, Қазақстанда бір мектеп, болмаса қосымша бір пән жүргізу немесе жоғары оқу орындарына бір стипендия тағайындау үшін Мәскеуден ұлықсат сұрайтын едік қой. Оны министр кезімде көп кезіктірдім. Мәселен, Петропавлдағы пединститутқа Сәбит Мұқанов атындағы бір стипендия, Целиноградтағы пединститутқа Сәкен Сейфуллин атындағы бір стипендия тағайындау үшін Мәскеудің алдынан өттік. Тағы бір мысал. Украинаның мен тәріздес министрі Мәскеудегі педагогикалық үлкен форумда мынандай мәселе қойды: Украина Ресейден кейінгі ірі республика. Ендеше, Украина географиясы пәнін неге жеке оқытпасқа? Ұлықсат беріңіздер, балалар өз елінің жағрапиялық жағдайымен танысып өссін деді. Өте орынды әрі өзекті сұрақ еді. Алайда, министр рұқсат бермеді. Уәжі Совет Одағында ортақ бір ғана СССР географиясы оқытылуға тиіс! Тап осындай өзекті сауал мені де аз мазалаған жоқ. Әдебиетімізді, тарихымызды, жағрапиямызды өзіміз жазып, өзіміз оқып, үйренуге қол жетті. Ендігі міндет сапалы, әлемдік стандартқа сай оқулықтар жазу. Бұл бағытта ақсап жатқан тұстарымыз мол».

Ендігі кезекте Қажахмет ағамыздың жетістіктерін, марапаттарын да айтып кетсек. Екі мәрте Орал облысының Қазтал сайлау округі бойынша, бір рет Қызылорда облысының Тасбөгет сайлау округі бойынша Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды, бірқатар басқарушы қоғамдық ұйымдардың мүшесі, 13 жыл бойы Қазақ-корей достығы қоғамының төрағасы болды. Ұзақ жылдардағы жемісті ұйымдастырушылық және ұстаздық кызметі үшін үш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Қажахмет Балахметұлы білімі мен тәжірибесін халықтың кәдесіне жаратудан ешқашан бас тартпаған адам. Тeк баспасөз бетінде ғана 70-тен астам мақала жариялап, Қазақ мемлекеттік университетінде, басқа да жоғары оқу орындарында, жоғары партия мектебі жанындағы кадрлар біліктілігін жетілдіру институтында дәріс оқыды. Қажатмет Балахметұлы өз тағдырын жеткіншек тағдырынан бөлек қараған емес. 1988 жылдың қаңтарында Республика Балалар қоры төрағасының орынбасары, ал, бір жылдан соң осы қордың төрағасы болып сайланып, он жыл жұмыс істеді. Соның соңғы екі жылында бұрынғы Кеңестің барлық республикаларын біріктіретін (Балтық бойы елдерінен басқа) Халықаралық Балалар қорының вице-президенті болды. Қандай мәртебелі қызметте жүрсе дағы Қажахмет Балахметұлының жүрегінде туып-өскен өңірге, Көкшетаудың саумал самалына деген перзенттік сағыныш оты бір сөнген емес. Қайта, уақыт әмірімен молая түскен сол қимастық оны жетелеп Көкшетау қаласына қоныс аудартты. Зейнеткерлік жаста болса да, 1988-2002 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі қызметін атқарып, студенттер алдында «Қазақстандағы педагогика және педагогикалық тұжырым-ойлардың тарихы» атты курс бойынша дәріс те оқығаны есімізде.

Қорытындылай келе, Қажахмет Балахметұлы Балахметов – қазақ халқының ағарту саласына өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті ұстаз, білікті ұйымдастырушы әрі мемлекет қайраткері. Ол өзі туған Айыртау-Сырымбет өңірінің рухани дәстүрін жалғастырып, бүкіл саналы ғұмырын білім мен тәрбие ісіне арнады. Қиын кезеңдердің ауыртпалығын көріп өскен Қажекең еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында қарапайым мұғалімдіктен республика деңгейіндегі Халық ағарту министрі дәрежесіне дейін көтерілді. Қажахмет Балахметұлының өмір жолы елге адал қызмет етудің, ұстаздыққа деген шексіз сүйіспеншіліктің және адамгершілік пен парасаттылықтың жарқын үлгісі. Сондықтан да, оның есімі мен еңбегі қазақ халқының білім тарихында мәңгі сақталады.

Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
 Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты,
 профессор, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар