Зерделі ұлт кітап оқу арқылы қалыптасады

Президент Жарлығы

Жақында ғана, 16 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Бұл көпшіліктің назарын кітап оқуға қайта бұруға, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, кітапханалар сапасын арттыруға зор ықпал етер құжат болмақ. Кітап оқыған ұлт – зерделі, ал, зерделі ұлт – озық ойлы қауым. Бұл – ел дамуының қарқынын арттыруға игі әсер етер  қадам. Кітап оқитын адамның мәдениеті, ұстамды, білімі терең, ой-қиялының көкжиегі кең болары сөзсіз.

Мемлекет басшысы бұған дейін кітап оқитын ұлт қалыптастыру, кітап оқу мәдениетін тәрбиелеу, кітапхана жүйесін жетілдіру туралы үнемі айтып, тапсырмалар беріп келген  болатын.

Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында тәулік бойы жұмыс жасайтын кітапханалар ашу қажеттігі айтылса, Алматы қаласында ондай үш  кітапхананың  есік ашқандығы белгілі. Президент тапсырмасын жүзеге асыру, тұрғындардың кітап оқуға құштарлығын арттыруды қамтамасыз ету мақсатында ол кітапханалар үлкен ізденістерді қолға алды. Мәселен, бұл кітапханаларда  кинокөрсетілімдер, жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, дебаттар, әдеби кештер, ашық дәрістер, байқаулар өтеді. Түрлі клубтар, жастарға арналған подкастар, көрмелер, сахналық өнер бойынша шеберлік сағаттары, цифрлық графика, сценарий жазу секциялары, фэнтези жанрындағы әңгіме жазу сияқты қызығушылық клубтары жұмыс жасайды. Оқырмандар кабинеттерінің болуы, кітап брондау, электронды каталог сияқты қызмет көрсету жүйелері, анықтамалық базаларға қолжетімділік оқырманға  қолайлы. Мемлекет басшысының пікірі барлық кітапханашылардың ынтасын арттырып, әр кітапхана мүмкіндіктеріне қарай ізденіс жолына түсті. Ойланып-толғанып, ынтамен атқарған жұмыстың өз жемісін беретіні тағы белгілі. Тәулік бойы жұмыс жасайтын аса қолайлы кітапханалар алдағы уақытта өңірлерде де ашылатын шығар.

Болашақта бүгінгі заман талабына сай кітапхана ғимараттары салынар болса, оған жоғары білімді кітапханашылар, IT мамандары да тартылуы қажет. Өйткені, жасанды интеллект жетістіктері бұл саланың ең маңызды көмекшісі болуы тиіс. Жасанды интеллектіні аса білімдарлықпен, талғаммен пайдалануымыз керек. Оны көпшілікті кітап оқуға бұрынғыдан да жақындата түсетін тәсілдер табуға қолданғанымыз абзал.

Бүгінгі таңда біздің облысымыздағы жоғары оқу орындарында кітапханашылар даярланбайды. Осындай арнайы Жарлықтан кейін кітапхана саласында үлкен бетбұрыс болып, қолдау көрсетілсе, бәлкім, бұл жоғары білім беру мәселесі де шешілер.

Әзірге тек Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжі ғана сырттай оқытып, кітапханашы мамандығына көңіл бөліп отыр. Кітапханашылар арасында жастардың аздығы да алаңдатарлық жағдай. Ойлары сергек, жаңашыл, білімдар жастар көбірек болса, өтетін шаралар да тартымдырақ болмақ. Кітапханаларға жастардың келуі үшін ол  мамандықтың беделі артып, алар жалақысы да жоғарылауы тиіс.

Президент Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында да «Біз ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек» деп, осы бағытта жастармен жұмыс сапасын артыттыру қажеттігін атады. Сондай-ақ,  «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан, кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды» деп, кітапхананың маңызына жоғары баға берді.

Мемлекет басшысының  жұртшылыққа оқуға 7 кітап  ұсынуы да өнегелі қадам еді. Президенттің қандай кітап оқитыны, қандай кітаптарды бағалайтыны қарапайым оқырманға, әрине, қызық. Ол жеті кітапта М.Мағауиннің «Аласапыран», Оралхан Бөкеевтің «Ұйқым келмейді», Дулат Исабековтің «Қарғын», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр», Әбіш Кекілбайдың «Үркер», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармалары бар. Кітапсүйер қауым осы тізімді қарап, өзінің осылардың қайсысын оқымағанын екшеп, көңіл бөлер деген ойдамыз.

Қазіргі қолына кітап ұстамайтын кейбір жастардың сылтауы, «мен кітапты да, мақалаларды да компьютерден оқимын» деген сөз. Алайда, бес жүз, алты жүз беттік романдарды экраннан оқып, ләззат алу, сүйсіну, ол кітаппен дос болып, сырласу мүмкін емес қой. Мысалы, Қабдеш Жұмаділовтің биыл «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша оқуға ұсынылған «Тағдыр» тарихи романы 623 бет. Осы күрделі шығарманы қалайша компьютерден оқисыз? Одан да арасында таныс емес сөздерге, бұрын аңғармаған ұғымдарға тоқталып, ойланып отырып оқығанның жөні бір бөлек емес пе?! Дәл осы шығармада біз білмеген сөздер, атаулар, ұғымдар өте көп-ақ.

Жалпы, «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша жылына ұсынылатын бір кітапты оқу еліміздің әр азаматына міндет деп түсінген жөн. Бәріміз оқып, сол шығарманы талдап, ортақ әңгіме өткізген қандай ғанибет болар еді! Бірақ, бүгінгі таңда ондай жағдайға жете аламй отырмыз…

Міне, енді арнайы Президенттің Жарлығы жарияланды. Осыдан бастап елімізде кітап оқуға, кітапханаға ерекше көңіл бөлінеді деген ойдамыз. Кітап оқудың пайдасы туралы Мемлекет басшысы «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы кітап оқу» деп атап көрсетті. Ендеше, қашанда төте жолмен жүрген тиімді емес пе? Қолына қалам ұстаған ақын-жазушылар, ұстаздар, зиялы қауым, кітапханашылар осы маңызды бастаманы қызу қолдайды деген сенімдемін. Зерделі ұлт, зерек маман – ел дамуының кепілі.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Қалалық ақпарттық кітапхана жүйесі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы.

Сурет egemen.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар