Ел жағдайы
Жағдайы жақсы болса, алыс ауылдардың өзі адамды тартып тұратыны бар. «Шортанбай-2019» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сондай елді мекендердің бірі Сочинское ауылы тұрғындарына жайлы жағдай жасап, елді мекен ішін абаттандыру, көркейту бойынша айтуға тұрарлық жұмыстар атқарып жатыр. Жуырда серіктестік пен ауылдың тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп қайтқан едік.
Шаруашылық басшысы Жанат Комбатыров бізді ауылда өзі қарсы алып, бірден оның тарихына бойлатып әкетті. Шұңқыркөл ауылдық округіне қарасты Сочинское ауылы өткен ғасырдың тың игеру кезінде құрылған мекен. 1954 жылы Ресейдің Краснодар өлкесінің Сочи қаласынан келген студенттер салған бұл елді мекенде бүгінде 630-дан астам тұрғын тұрады. Ауыл тұрғындарының дені «Шортанбай-2019» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етіп, облыс орталығы былай тұрсын, аудан орталығынан шалғай болса да жақсы өмір сүруде. Серіктестік басшысы Жанат Абылайұлының айтуынша, ауылға көшіп келемін деген отбасылар болса, оларды құшақ жая қарсы алып, ересектерін жұмыспен қамтып, үй бөліп, алдарына мал салып, бала-шағасын мектепке орналастырып береді.
Ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімімен тығыз байланыстамыз. Егер ауылымызға көшіп келеміз дейтін отбасылар болса, серіктестікте жұмыс табылады, балаларын мектеп пен балабақшаға орналастырып, қосымша спорттық секциялармен де қамтимыз, – дейді ол.
Ауыл көркі – жасыл желек
Ауыл іші қайың мен қарағайға оранып, жасыл желекке бөленіп тұрғаны қандай тамаша. Жол бойы жазық далада күре жолдың ойдым-ойдым шұңқырларын санап, жол азабын тартып келген біздерге бұл жасыл желек ерекше көңіл-күй сыйлады. Көше жолдарының екі жақ бойына отырғызылған ағаштар көкке бой соза жайқалып, әдемі көрінеді, қарағайлардың жұпар иісі тынысыңды ашады. Бұл ағаштарды да серіктестік соңғы төрт-бес жылда Президент тапсырмасы аясында отырғызыпты. Көктем сайын 200-300 қарағай егіледі екен. Бұрын сайын дала болған алқап жасыл желекке оранады деп кім ойлаған?!.
Бұдан әрі ауылдың клубына ат басын тіредік. Бұл жерде бізді осыдан екі жыл бұрын халық өзі сайлап алған ауыл әкімі Бауыржан Мырзахметов күтіп алды. Танысып, хал сұрасқаннан кейін мәдени нысанды араладық. 1968 жылы салынған ғимарат күрделі жөндеуді, егер тіпті қаржы табылып жатса, реновацияны да қажет ететіні көрініп тұр. Нысан әбден ескірген, сұрғылт тартқан. Мұндаелді мекеннің 70 жылдығына орай ашылған, ауыл тұрғындарынан жиналып, Кеңес заманынан қалған, тұрмыс-тіршілікте пайдаланылған көне заттар мен кітаптар, ауыл мен бұрынғы «Сочинск» серіктестігінің тарихынан сыр шертететін стендтер, басқа да жәдігерлер қойылған музей орналасыпты. Сонда жүріп, «Сочинск» серіктестігінің «Шортанбай-2019» деп қайта аталғанын көзіміз шалды. Сөйтіп, сұрастыра келе, бұрын Виктор Адамович Гофман басқарған бұл серіктестік банкроттыққа ұшырап, 2019 жылы шаруашылық жұмысын әкелі-балалы Абылай мен Жанат Комбатыровтар қолға алғанын білдік. Содан бері егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан серіктестік өз кәсібін дөңгелете отырып, өзінің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпай, ел игілігі үшін бірқатар жұмыстарды қолға алыпты.
Жастардың шынығу мектебі
Серіктестік ауыл балаларының бокспен, күреспен айналысуы үшін бір қойманы босатып, спорттық алаң тәрізді жаттығатын орын жасап беріп, секция ашқан. Оған 35-40 бала қатысады. Залдың ішінде бокстан әр жылдардағы Олимпиада чемпиондарының фотосуреттері ілулі тұр. Жас өрендер осы жеңімпаз ағаларының жолын қусын, ұмтылсын деген ниет қой бұл. Ауыл ішінде өздері спорттық мектеп деп атап кеткен нысанда балалардың киімдерін ілетін сөрелер мен теледидар қойылған, алда олардың жаттығудан кейін жуынуына арналған монша салуға да орын дайын тұр.
Серіктестік басшысының айтуынша, өзі Президенттің мемлекеттік күзет қызметімен тығыз байланыс орнатқан екен. Сол қызметке қарасты «Абырой tеаm» деп аталатын команда арнайы келіп, осы залды ұйымдастыруға зор үлес қосыпты.
–Жазда балалар демалысқа шығады. Жуырда бокстан өткен облыстық турнирде біздің тәрбиеленушілеріміз бір бірінші, бір екінші орынды жеңіп алды. Ауылдық спорт секциясы үшін бұл үлкен көрсеткіш. Мұнда ауыл балалары қазақша күреспен де айналысады. Оларды әріптесім Нұрболат Башыбаев жаттықтырады. Қандай да жарыс болсын, жүлделі орынмен оралған балаларды серіктестік ынталандырып, ақшалай марапаттайды. Жарысқа апарып келуге қаржыны да серіктестік төлеп, демеушілік жасайды. Осыдан бір жыл бұрын өзім осы ауылға отбасыммен көшіп келдім. Иә, ауыл облыс орталығынан алыс, ауданға баратын жол да мәз емес, бірақ, жағдайымды жасап, еңбекақымды келісілгендей төлеп отырса, қажет кезде үнемі қолдау жасаса, неге жұмыс істемеске? –дейді спорт залының меңгерушісі, бокстан спорт шебері, аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Валентин Захаров.
Денсаулық кепілі мен дастархан берекесі
Ауылда жалпы білім беретін 11 жылдық мектеп бар. Онда 80-нен астам оқушы білім алады. Серіктестік мектептегі барлық оқушылар, ұстаздар мен техникалық персонал тегін тамақтануы үшін қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Бірінші сыныпқа баратын барлық балалардың қажетті құрал-жабдықтары мен киім-кешегін сатып әпереді. Осы жерде серіктестіктің әлеуметтік көмек ұсыну жағына тоқталып өтсек, Қарттар айлығы кезінде де ауылдың барша егде адамдарына бір реттік ақшалай сыйақы беріліп, серіктестік өндіретін азық-түлік салынған себеттер таратылып, дастархан жайылады екен.
Ауылда осыдан екі жыл бұрын жаңа дәрігерлік амбулатория ашылған. 2023 жылы құрылысы басталған амбулаторияны салған мердігер компания жосықсыздық танытып, жөндеу жұмыстары аяқсыз қалғандықтан, серіктестік өз тарапынан бірнеше миллион теңге көлемінде қаржы бөліп, халық денсаулығына маңызы зор нысанның толық бітуіне септігін тигізіп, 2024 жылы ол ел игілігіне берілген.
Дәрігерлік амбулаторияға 27 жылдан астам тәжірибесі бар Ольга Акимова жетекшілік етеді. Мұнда ауыл тұрғындарына дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық және фельдшерлік көмек көрсетіліп, жас мөлшерлеріне сай жоспарлы екпе егіледі, адамдарға қажет кезде укол салу, таңу ем-шаралары жасалады. Мекеме меншігінде жедел жәрдем көлігі бар. Ал, терапевт маман ауданнан ауылға аптасына бір рет келіп кетеді екен.
– Біз көрші орналасқан Есенгелді, Сепе ауылдарының да тұрғындарына медициналық көмек көрсетеміз. Амбулаторияға жалпы 1750 адам тіркелген, – дейді медициналық мекеменің меңгерушісі.
Ольга Акимова
Ауыл халқын ас атасы – нанмен қамтып отырған наубайханада 4 адам жұмыс істейді. Тәулігіне 200-300 нан пісіріп сататын наубайхана кебек нан, екінші сортты нан, донер, тәтті торттар мен пиццалар, дәмді бәліштерді де тапсырыспен дайындайды. Ауыл тұрғындарынан бөлек көрші елді мекендердің де халқы қызық-қуаныштарына жайылатын дастархандарына қажетті тәттілерді осы наубайхана қызметшілеріне тапсырыспен пісіртіп алады. Наубайхана меңгерушісі Наталья Вахнинаның айтуынша, нан ауыл тұрғындарына төмен бағаға, яғни, 120 теңгеге сатылады.
Бір атап өтерлігі, ауыл халқы орталықтандырылған жүйе арқылы келетін ауыз сумен толық қамтылған. Барлық әлеуметтік нысандар орталықтандырылған жылуға қосылған. Десе де, кей кездері желілерде ақаулар туындап жататын көрінеді. Оны серіктестік өз қаржысы есебінен жөндеп береді. Жанат Абылайұлы алдағы уақытта ауылдың барлық үйлері мен әлеуметтік нысандарын бір орталықтан жылытатындай жағдай жасауды алға мақсат етіп қойып отыр.
Ауылда серіктестік жұмысшылары тегін тамақтанатын дәмхана да бар. Бұл жерде ауыл тұрғындары өздерінің қызық-қуанышын тойлап, жақындарымен ойын-тойларын өткізулеріне әбден болады.
– Биыл облыстан ауылішілік жолдарды да жөндеуге 335 миллион теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта алғашқы 70 миллион теңге ғана беріліп отыр. Осы маусым айында жөндеу жұмыстары толық басталады. Бөлінген қаржының қалғанын тездетіп берсе, біз мердігер ұйымды барлық техникамен, қажетті жұмысшылармен қамтып, жұмысты ширатуға көмек қолын созар едік, – дейді Жанат Абылайұлы.
Егін егіп, мал баққан
Енді егіншілік және мал шаруашылығына қарай ойыссақ, серіктестік бидай, арпа, судан шөбін, күнбағыс, мақсары, картоп егеді.
– Қазіргі уақытта мен құс шаруашылығын дамытуды қолға алып жатырмын. Өзіміз инкубатор сатып алып, тәжірибе жасап жүрміз. Инкубаторды күніне екі рет қоямыз. Бірақ, біз балапандардың үйдікі болғанына баса назар аударамыз. Ешбір қоспасыз, экологиялық таза өнім шығаруды көздейміз. Күн сайын өзіміздің серіктестіктің қажеттіліктері үшін 80-100 жұмыртқадан жинаймыз, – дейді серіктестік басшысы.
Серіктестікте егін науқаны кезінде 150 адам жұмыс істесе, жыл бойы 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Көктемгі егіс кезінде механизаторлар айына 1,8-2 миллион теңге аралығында еңбекақы алады. Орақ науқанында да жалақылары жақсы. Егістік алқабы 35 мың, мал шаруашылығы мен жайылым жерлері 40 мың гектар аумақты құрайды. Негізінен бидай және арпа дақылдары егіледі. Биыл 18 мың гектарға бидай, 12 мың гектарға арпа, 4 мың гектарға күнбағыс, 1 мың гектар аумаққа судан шөбі мен басқа да мал азықтық, сұлы дақылдары себілді. Біз шаруашылықта болған кезде 28 мың гектар аумаққа дәнді дақылдар егілсе, осы аптада жауапты науқан толық аяқталды. Өйткені, мұнда әр техникада өз ісінің мамандары отыр. Механизаторлардың алды 60 жаста, ең жасы 23-те.
Сонымен қатар, серіктестік қарамағында механикаландырылған қырман, диірмен, дән ұнтақтағыш, макарон шығарытын шағын зауыт, 6-7 мың тонна өнімді еркін сақтай алатын қоймалар бар.
Мал шаруашылығына тоқталсақ, 700 бас жылқы, 400-500 бас ірі қара, 2000 басқа жетіп қалатын қой бар. Қыста «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша мемлекеттен жеңілдетілген 5 пайыздық мөлшерлемемен 435 миллион теңге несие алыпты. Енді аграрлық кредиттік корпорациядан қосымша тағы 150-200 миллион теңге алғалы отыр. Мамандардың жалақысы штаттық кесте бойынша 280 мың теңге, науқан кезінде 12 сағаттан артық жұмыс істегендіктен, еңбекақылары өсіп, 400 мың теңгеге дейін барады.
Өткен жылы серіктестіктің егіні өте жақсы шығыпты, бірақ өкінішке орай, 5 мың гектарды киіктер таптап, піскен бидайды жеп кеткен. Сол кезде Жануарлар дүниесін қорғау комитеті, облыстық әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, киіктерді алқаптардан қууға көмек берген екен. Бұл мәселе еліміз бойынша өзекті екенін баршамыз жақсы білеміз.
Май зауытында күніне 15 тонна күнбағыс өңделіп, 6 тонна май алынады. Жыл бойы жұмыс істейтін кәсіпорын майдың тазартылған және тазартылмаған түрлерін сатылымға шығарады.
– Май өңдейтін құрал-жабдықтар Ресейдің «Деметра» зауытынан сатып алынған. Дайын өнім тапсырыспен Астана, Атбасар, Көкшетау қалаларына жіберіледі. Ал, шемішкеден қалған сығынды мал мен құстардың азығына пайдаланылады. Ара-тұра «Шуйский» серіктестігі сүт зауытына алады. Штат бойынша зауытта 12 адам жұмыс істеуі керек, бірақ егін егу және ору науқаны кезінде 7 адам қалады. Май қалдықтарынан хош иістендірілген сұйық сабын қайнататын құрал-жабдық та бар. Бірақ, қазір оны қайнататын маман жоқ, – дейді зауыттың басшысы Қайрат Бисарин.
Соңғы кездері серіктестік техника базасын жаңартып, Қазіргі уақытта мұндағы техниканың бас-аяғы 50-ге жеткен.
– 16 жылдан бері осы шаруашылықта еңбек етіп келемін. Науқан кезінде еңбекақым өте жақсы. Осы ауылда туып, өсіп-өндім. Атбасар қаласының техникалық лицейінде тракторшы мамандығы бойынша үш жыл білім алып, содан бері туған жерімде еңбек етудемін. Науқаннан кейін шаруашылықта техника жөндеу, слесарлық жұмыстарды істеймін. Осы серіктестіктің арқасында отбасымды асырап, жағдайымды дұрыстап отырмын, – дейді «Case Steiger» тракторының жүргізушісі Бауыржан Ерғалиев.
Меморандум негізінде мамандарды тартады
Серіктестік басшысының айтуынша, қазіргі заманға сай олар да өз иеліктеріндегі егіншілік жерлерінің бәрін цифрландырған.
– 2024 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетімен меморандум жасалды. Бұл құжат аясында бізге студенттер келіп, ауыл шаруашылығы саласының мамандықтары бойынша тәжірибеден өтеді. Оларға біз жататын орындарын ыңғайлап, бос уақыттарын ұйымдастырып береміз, тамақтары тегін. Айталық, сол студенттер үшін бильярд үстелін алдық. Ең бастысы келіп, жұмыс істеп, тәжірибеден өтеді. Жылына осылай 20-30 шақты студент қабылдаймыз. Бұл меморандумға қол қоюдағы мақсатымыз – сол келген 100-200 студенттің тым болмаса 2-3-еуін қызықтырып, осы ауылда маман ретінде алып қалу. Бас мал дәрігеріміз де сол оқу орнын қызыл дипломмен аяқтап, осында жұмыс істеуге қалды, – дейді сөз арасында серіктестік басшысы.
Ауылдың географиялық орналасуы шалғай болғандықтан, мұнда әрі-бері қатынау үлкен проблема. Тіпті, жүк көлігінің жүргізушілері де бұл жаққа келуге ықылас таныта бермейді. Атбасардан ауылға дейінгі ойлы-қырлы, шұрық тесік жолмен 2,5–3 сағат жүру кез келген жүргізушіні қажытары анық.
Дегенмен, серіктестік өзіндегі тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасауға тырысып бағуда. Мәселен, арпа орылғаннан кейін ауыл тұрғындарына өз малдарын сол алқапқа бағуға рұқсат етеді. Бұл – қысқы соғымның семіз әрі құнарлы болуына жасалған жағдай. Сонымен қатар, серіктестік қызметкерлеріне жемшөп пен сұйық майды төмендетілген бағамен, жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік жасалған. Жанат Абылайұлы әрбір ауыл тұрғынының жақсы өмір сүргенін қалайды, бұл ретте, ауыл әкімі де өз тарапынан толық қолдау көрсетіп отыр.
– Президенттің жергілікті инвесторларды қолдау туралы тапсырмасы бойынша аудан мен облыс бізге қалай қолдау көрсетсе, біз де ауыл халқына солай, тіпті одан да асыра көмек беруге тырысып жатырмыз. Алдымызда жоспарларымыз өте көп, келешекте ірі агрохолдингтердің деңгейіне жеткіміз келеді. Қазірдің өзінде осы бағытта біраз жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ шалғай, алыс аймақта орналасқандықтан ба, бізге жоғарыдан көп көңіл бөліне бермейді, – деп өз назын да жасырмады Жанат Комбатыров.
Ауылда «Шортанбай-2019» серіктестігінен бөлек тағы үш шағын шаруа қожалығы бар. Олар да ортақ істен шет қалмай, бүгінде ауылдағы мешітті жөндеу жұмыстарына өз үлестерін қосуда. Шалғайда жатса да, тіршілігі қайнаған Сочинское ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі міне, осындай. Сүйсінесің, марқаясың. Өз жерін көркейтуді парыз санаған әкелі-балалы Абылай мен Жанат Комбатыров секілді азаматтар барда, бұл елді мекеннің болашағы тіпті жарқын болары анық.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

