Айналаңда адам бар
- Еріктілер козғалысы кең өріс алып келеді
Ақмола өңірінде волонтерлер қозғалысы жай ғана әлеуметтік белсенділік емес, ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып жатқан үлкен ізгілік мектебі ретінде қарқынды дамып келеді. Облыстық «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің жетекшісі Дидар Хамзиннің айтуынша, қазіргі таңда облыс көлемінде 60 волонтерлік орталық ресми тіркеліп, оларда 3 600-ден астам жүрегі мейірімге толы ерікті белсенді қызмет атқаруда.
Олардың атқарып жатқан ауқымды жұмыстары «Bilim», «Sabaqtastyq», «Asylmura», «Qamqor», «TazaÁlem», «Umit», «Saýlyq», сондай-ақ6 соңғы уақытта ерекше қарқын алған «Күміс волонтерлік» пен «Корпоративтік волонтерлік» сияқты 9 негізгі бағытты қамтиды. Мұнымен қоса, өңірде авто-волонтерлік пен зоо-волонтерлік секілді заманауи бағыттар да өз оқырмандары мен жанашырларын тауып үлгерді.
«Жастар-ресурстық орталығы» жанындағы өңірлік «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесі бүгінде осы үлкен қозғалыстың басты үйлестіруші күші, алтын діңгегі болып отыр. Есепті кезеңде өңір волонтерлерінің ұйымдастыруымен 1100-ден астам ауқымды іс-шара іске асырылды. Бұл сандардың тасасында олардың үлкен қажыр-қайраты мен түн ұйқысын төрт бөлген ерен еңбектері жатыр. Қыстың көзі қырауда жалғызбасты қарттардың ауласындағы қарды тазалап, төбеден төнген қауіпті мұздарды ойып түсіру, экологиялық акциялар ұйымдастырып, «BIRGEMIZ TAZA QAZAQSTAN» жобасы аясында табиғатты аялау – бұл ақмолалық еріктілердің күнделікті өмір салты. Сонымен қатар, олар хоспистер мен дағдарыс орталықтарына қажетті құралдар мен ойыншықтар жеткізіп, бүлдіршіндерге ойын-сауық концерттерін сыйлады, Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне апта сайын азық-түлік себеттерін таратты. Донорлық қан тапсырудан бастап, спорттық марафондар ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі жандарға атаулы көмек көрсету және елдің түрлі өңірлерінде төтенше жағдай орын алған сын сағаттарда қаражат жинау жұмыстарының бел ортасында осы жандар жүрді. Волонтерлердің ізгі бастамасымен облыстағы 1200-ге жуық мұқтаж отбасыға азық-түлік жиынтығы мен демеушілік қолдау көрсетілді.
Қоғамдық сананы жаңғыртудағы бұл қозғалыстың маңыздылығын мемлекет те жоғары бағалап, жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Ақмола облысының волонтерлер қозғалысын дамыту бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Айта кетерлігі, 2024 жылы бұл бағытқа 3,5 миллион теңге бөлінсе, 2025 жылы жобаның маңыздылығы ескеріліп, қаржыландыру сомасы 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Жобаның басты мақсаты — волонтерлердің, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл әлеуетін арттыру, жастарды осы қызметке кеңінен тарту.
Осы жоба аясында үздік волонтерлік идеялар арасында байқау ұйымдастырылып, 3 бағыт бойынша жеңімпаздар арнайы дипломмен қатар, өз жобаларын іс жүзінде жүзеге асыру үшін 1 миллион теңге көлеміндегі қомақты гранттарға ие болды.
Жалынды жастардың еңбегі еленген «JAS_AQMOLA» облыстық жастар сыйлығы аясында «Жыл волонтері» номинациясының иегері анықталып, ол жыл бойы нашақорлыққа қарсы алдын алу жұмыстары мен волонтерлердің жазғы мектебінде ерекше белсенділік танытты. Бүгінгі таңда бұл жұмыстарды одан әрі жүйелі ету мақсатында өңірде волонтерлік қызметті қолдаудың 2025-2027 жылдарға арналған арнайы өңірлік бағдарламасы әзірленіп, жұмыс тұрақты бақылауға алынды.
– Сырт көзге еріктілердің жұмысы өте оңай, тек қызықты іс-шаралардан, кездесулерден ғана тұратындай көрінуі мүмкін. Алайда, оның тасасында «көлеңкелі» қиындықтар мен үлкен жауапкершілік жүгі жатыр. Біздің еріктілер үшін ең үлкен марапат көмекке мұқтаж жандардың шынайы ризашылығы мен ақ баталы алғысы, – дейді Дидар Хамзин.
Бүгінде волонтерлік ұғымы Ақмола облысының жүрегі мейірімге толы жастары мен аға буын өкілдерінің арқасында қоғамның ажырамас тірегіне айналды. Жастық жалынын, бос уақыты мен күш-жігерін адамзаттың мұқтажына, қарттардың күлкісі мен қуанышына айырбастаған ақмолалық еріктілердің бейнесі нағыз мейірімділік миссиясының жарқын үлгісі.
***
- Жастық жалынын жақсылыққа жұмсаған Қажымұқан
Қазіргі қоғамның қым-қуыт тіршілігінде өз уақытын өзгеге сыйлап, өзгенің мұңына ортақтаса білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Жастық шақтың жалындаған қызығы мен сабақтан тыс қымбат уақытын қайырымды істерге арнап жүрген Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 4-курс студенті, волонтер Қажымұқан Қожағалиевтің осы игі істің соңында жүргеніне биыл үш жылдан асты.
Сырт көзге еріктілердің жұмысы өте оңай, қызықты іс-шаралар мен жарқын жүздесулерден ғана тұратындай көрінуі мүмкін. Алайда, оның тасасында ешкім көрмейтін, білмейтін, тек жүрекпен ғана сезінуге болатын «көлеңкелі» қиындықтары мен жауапкершілік салмағы жатыр. Жанының қалауымен жаңа орта іздеп, волонтерлік әлемнің есігін ашқан бозбала бүгінде үлкен бір ізгілік миссиясының қозғаушы күшіне айналып үлгерген.
Қажымұқан үшін ерікті болу – жай ғана ермек емес, иыққа алған үлкен жауапкершілік. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы өзі мен бүгінгі болмысын таразыға тартқан кейіпкеріміз бойындағы үлкен өзгерістерді мақтанышпен әрі байсалдылықпен баяндап берді.
– Мен үшін волонтерлік қызметке келудің басты себебі – қоғамға пайдалы болуға деген ниет және жаңа тәжірибе жинақтауға деген қызығушылық. Бос уақытымды тек өзіме емес, айналамдағы адамдарға, пайдалы істерге арнағым келді, — дейді ол өткен күнге көз жіберіп.
Оның бұл соқпағы алғаш рет жастар арасында ұйымдастырылған қоғамдық іс-шараларға қатысудан басталған. Алғашқыда ішкі қобалжу болғанымен, түрлі тағдырлармен танысып, ортақ мақсатқа жұмылу оның жүрегіндегі шырақты жақты. Қоғамдық шараларды ұйымдастырып, адамдардың шынайы алғысын естіп, олардың жүзіндегі бақыт ұшқынын көру жас жігітке өмірлік үлкен серпін сыйлады. Бүгінде бұл қызмет оның өмірінің ажырамас бөлшегі. «Қоршаған ортаға пайдаңды тигіз, пайдаң тимесе, зияныңды тигізбе» деген қағиданы ту еткен Қажымұқан үшін бұл өмірде қиындық деген ұғым жоқ. Өйткені, еріктінің жүрегі кез-келген уақытта қол ұшын созуға, қандай жағдай болмасын көмекке ұмтылуға әрдайым дайын тұрады.
Әрине, жас жігіттің айналасындағылардың бәрі бірдей оның бұл таңдауын бірден қолдай кетпеген. Жақын достары мен таныстарының арасында «Бос уақытыңды ақылы жұмысқа жұмсасаң болмай ма?» деп, материалдық құндылықты алға тартқандар да кездескен. Алайда, бұл сөздер жас жігіттің жігерін құм қыла алмады.
– Әр адамның өмірге деген көзқарасы әртүрлі деп ойлаймын. Мен үшін волонтерлік тек тегін жұмыс емес, ол тәжірибе жинау, жаңа адамдармен танысу, өзіңді дамыту және қоғамға пайдаңды тигізу мүмкіндігі. Сондықтан, мұндай пікірлер менің таңдауыма әсер еткен жоқ. Керісінше, уақыт өте келе волонтерліктің маған берген тәжірибесі мен мүмкіндіктерін көріп, өз таңдауымның дұрыс болғанына көзім жетті, – дейді кейіпкеріміз нық сеніммен.
Еріктілердің көзге көрінбейтін, ешбір мақтау-марапатты күтпейтін еңбегі арғы жылы Көкшетау қаласындағы Қылшақты өзені тасыған сын сағатта анық байқалды. Табиғаттың тосын мінезінен теміржол вокзалы маңындағы үйлерде тасқын судың ортасында қалған дәрменсіз жандарды, әсіресе, қорғансыз қарттарды қауіпсіз жерге көшіру үшін еріктілер жасағы барын салды. Төтенше жағдай қызметкерлерімен бірлесе қимылдап, су ортасында қалған үйлерден қарттарды жылы жерге орналастыру, олардың қауіпсіздігін күзету үлкен жауапкершілікті және қайсарлықты талап етті.
Волонтер жұмысының ең қастерлі тұсы материалдық көмектен бұрын, адам жанының тереңіне бойлай білуінде. Жалғызбасты қарттардың үй шаруасына қолғабыс етумен қатар, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, жүректегі шерін тарқату үлкен психологиялық жүк. Олардың мұңлы жанары мен ақ баталы алғыстары Қажымұқанның жүрегінде мәңгілік із қалдырған.
– Жалғызбасты қарттар үй шаруасына көмектескеннен бұрын, сырласуға, сөйлесуге мұқтаж болады. Олар бізге әр барған сайын «Жастық шақтарыңды босқа өткізбеңдер, жас кездеріңде оқыңдар, ел көріңдер, жер көріңдер, үйленіңдер, жақсы жар таңдаңдар, балаларың болса жақсы тәрбие беріңдер» деп ақылдарын айтып, көздеріне жас алып, алғыстарын жаудырады, — дейді кейіпкеріміз толқып.
Еріктілік қызметтің үлкен мектеп, шыңдалу алаңы екенін тілге тиек еткен кейіпкеріміз волонтерлық жұмысының барысында басынан өткен бір жағдайды айтып берді.
– Бірде маңызды іс-шара қарсаңында күтпеген жерден құрал-жабдықтар тиелген көлігіміз жолда бұзылып қалды. Іс-шараны белгіленген уақытта кешіктірмей ұйымдастыруымыз керек. Осы кезде команда мүшелері абдырап қалмай, бірі ұйымдастырушылармен байланысып, екіншісі басқа көлік тауып, мәселені санаулы минуттарда шешіп үлгердік. Осы оқиға волонтерлердің бойындағы ұйымшылдықты, жауапкершілікті және кез-келген тығырықтан жол таба алатын көшбасшылық қасиетті тағы бір мәрте дәлелдеп берген болатын, — деп еске алды Қажымұқан.
Бүгінде волонтерлік ұғымы Қажымұқан секілді жүрегі мейірімге толы жастардың арқасында қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Жастық жалынын адамзаттың игілігіне, қарттардың күлкісі мен мұқтаж жандардың қуанышына айырбастаған көкшетаулық студенттің бейнесі – қайырымдылық жолында жүрген өзі секілді мыңдаған жастардың, нағыз мейірімділік миссиясының жарқын үлгісі. Осындай ізгілікке толы жүректер барда, қоғамымыздың болашағы әрқашан жарқын, ал, адамгершілік мұраты асқақ бола бермек.
Қажымұқанның бойындағы бұл жауапкершілік пен ұйымшылдық тек волонтерлікпен ғана шектелмейді. Аймақтың ең белсенді жастарының бірі шәкірттік шағында-ақ түрлі деңгейдегі ғылыми жобалар мен пікірсайыс турнирлерінде топ жарып, «Жылдың үздік студенті» атанған. Қоғамдық белсенділігі жоғары бағаланып, облыстық, қалалық деңгейдегі бірнеше мәрте Алғыс хаттармен және «Жігерлі волонтер» төсбелгісімен марапатталған. Алайда, Қажымұқан үшін ең үлкен марапат төсбелгілер мен лауазымдар емес, көмекке мұқтаж жандардың шынайы ризашылығы.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

