Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясы мүшелерінің «Әділет» партиясына қосылу жөнінде қабылдаған тарихи шешіміне ризашылығын білдірді.
Президент «AMANAT» партиясының бұрынғы төрағасы Ерлан Қошановқа аталған лауазымдағы абыройлы, нәтижелі әрі елге пайдалы еңбегі үшін алғыс айтты.
«Президент елімізді жаңғырту, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпке негізделген Әділетті Қазақстанды құру ісіне «AMANAT» партиясының елеулі үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысы отаншыл партия мүшелерінің «Әділет» партиясының қатарында да ел игілігі жолындағы белсенді әрі жемісті қызметін абыроймен жалғастыра беретініне сенім білдірді», – деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
2022 жылға дейін «Нұр Отан» деп аталған «Аманат» партиясы Қазақстандағы ең ірі саяси партия. 14 маусымда Астанада өткен съезде «AMANAT» партиясы «Әділет» партиясымен бірігуге дауыс беріп, оның құрамына қосылу туралы шешім қабылдады. 1 маусымда «Әділет» партиясы Әділет министрлігінен ресми тіркеуден өтті.
Sputnik.kz
Астанада «AMANAT» партиясының кезекті Съезі өтті
Съезд қорытындысы бойынша партия мүшелері мемлекетті дамыту бағытында атқарылған жұмыс нәтижесін қорытындылап, «Әділет» партиясына қосылу идеясын қолдады.
Бұл шешім Мемлекет басшысының ел дамуының жаңа кезеңінде барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар төңірегінде топтастыру туралы үндеуіне қолдау көрсету мақсатында қабылданды. Съезд жұмысына Қазақстанның барлық өңірінен келген делегаттар, Саяси кеңес мүшелері, Парламент депутаттары, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты. Жалпы саны 1500-ден астам адам бас қосты.
Өз сөзінде, Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың табысты жүзеге асырылып жатқан реформалары бүгінде жаңа қоғамның іргетасы мен мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда тәуелсіздікті нығайту, халықтың әл-ауқаты мен бірлігі, ұлт тұтастығы секілді басты құндылықтар алдыңғы қатарға шықты. Мемлекет басшысының батыл шешімдері арқылы биліктің барлық институты түбегейлі жаңғырып, саяси бәсекелестік күшейді, ал қоғам нақты шешімдер қабылдау үдерісіне ықпал ететін сенімді дауысқа ие болды.
Мәжіліс Төрағасы бұл үдерістердің шарықтау шегі әрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған саясаттың шынайы жеңісі ретінде жалпыұлттық референдумда қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдаған жаңа Конституцияның қабылдануын атады. Бүгінде еліміз жаңа тарихи дәуірге қадам басты. Оның негізінде адам, әділдік, заң және прогресс қағидаттары жатыр.
– Қазір біз уақыт талабына, мемлекет мүддесіне және қоғам сұранысына сай келетін қадам жасауымыз керек. Бүгінде еліміз бөлінуге емес, бірігуге ұмтылуы қажет. Сондықтан, осы жауапты кезеңде өз ресурстарымызды жаңа саяси күш – «Әділет» партиясына қосуымыз керек. Осылайша, біртұтас президенттік бағыттағы саяси күш құрамында Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды бірге құруды жалғастырамыз. Біз өз қағидаттарымыздан, ұстанымдарымыздан және идеяларымыздан бас тартпаймыз. Керісінше, оларды одан әрі күшейтіп, мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа даму деңгейіне көтереміз, – деді Ерлан Қошанов.
«AMANAT» Төрағасы бұл шешімді партияның барлық деңгейдегі мүшелері қолдаған табиғи әрі кемел саяси үдеріс деп атады.
– «AMANAT – бабалар аманаты әрі болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Әділет – қуатты әрі заманауи мемлекеттің негізі саналатын әділдік. Осы құндылықтарды біріктіре отырып, қоғамдық бірлікті нығайтамыз. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз ортақ – қуатты Қазақстан, гүлденген мемлекет және әрбір азаматтың әл-ауқаты. Біз дәл осы мақсат жолында қабылдап отырған шешімімізді жолдың соңы емес, ортақ тарихымыздың жаңа тарауының бастауы деп білеміз, – деді Ерлан Қошанов.
Съезде Мемлекет басшысының саяси бағытына қолдау көрсету бойынша партия тарапынан атқарылған ауқымды жұмыс қорытындыланды.
Реформаларды заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселесі туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Айдос Сарым баяндады. Осы шақырылым барысында бастамашылық етілген 118 заң жобасының 104-ін «AMANAT» фракциясының депутаттары әзірледі. Бұл – барлық заңнамалық бастамалардың 88 пайызы. Аталған заң жобалары ел дамуының ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталды. Сонымен қатар депутаттар көптеген депутаттық сауалдар жолдап, жүздеген мың азаматты қамтыған мыңдаған кездесу өткізді.
Съезд жұмысын қорытындылай келе, делегаттар «Әділет» партиясына қосылу туралы стратегиялық шешімді бірауыздан қолдап дауыс берді. Съезд мақұлдаған бұл бастама партия қауымы елдің жасампаз даму бағыты мен Президенттің стратегиялық саясатын қолдау үшін біртұтас әрі топтасқан алаң ретінде әрекет етуге дайын екенін көрсетті.
«AMANAT» партиясының сайты.
![]()

