Қайсарлығы елден асқан Баубек батыр

Заманхат

Бекмырза баласы Қарауыл Баубек батыр атамыздың көрегендігі сол, жолда айдауда кетіп бара жатып: – Аһ, менің топырағым елден бұйырмайды екен, – деп бір шынашағын кесіп, қасындағы бір жігітке «Мынаны Мағзұм балама апар» дейді.

Сол арада «ана жақтан мен қайтты деген хабар келгенде, денемнің осы мүшесін елде жерге көмсін» деп тапсырған екен. Қайтпас қайсарлық емей, немене бұл!

Әрі сол Мағзұмға: «Орыстың қызметінен бас тартпасын. Мен өзім Кенесары ханға берген антымды орындадым. Орысқа бағынбай, берген қызметтерінен бас тарттым» деген тағы бар. Мұнымен қоса, өзінің сыртынан қаралап, патша үкіметіне арыз жазған белгілі адамдардың біреуінің қызына үйленсін деп те айтып кеткен. Сондағы ойы өзіне жамандық ойлаған кісілерді кешіріп, өзі кеткен соң елдің іші тыныш болғанын қалағаны.

Мағзұм атамыз арабша өте сауатты, ел ішінде беделді, абыройлы кісі болған. Осындай жақсы мінезінен 13 жыл болыс болып, ел басқарған. Әкесі Баубек батырдың аманатын адал атқарған. Терісаққан елінде мешіт салдырды. Өзеннің арғы жағынан қайықпен тас тасып, батырдың дене мүшесі жатқан жерге шағын кесене көтерді. Қазір ол жер үлкен қорымға айналды. Бір ғасырдан астам уақыт бойы жүдеп, қирап тұрған бейітті баласы Жанарбек молдалардың рұқсаты бойынша өзге балаларымен белгі тас қойып, қалпына келтірді.

Мағзұмның баласы Сейдахмет атамызды кеңес өкіметі «бай-құлақ тұқымы» деп, 8 жылға жер аударған. Содан қартайғанда  елге келді. Ол кісіні мен де көрдім. Бір аяғын сылтып басатын, көзі өте өткір, қабағы қалың болатын. Ауылдастарына «Маған жас балаларды көрсетпеңдер» деп айтып отыратын. Үлкен күрең аты болды. Шақырған жерге соған мініп  баратын. Ұлы Ғалым ағамызды қуғын-сүргіннен аман алып қалу үшін нағашыларына беріп жіберген. Дүрбелең басылып, ел тыныштанған кезде ғана сақа жігіт болып елге оралды. Жеңгеміз Жәмилә екеуі 7 баланы өсіріп, жеткізді. Ғалым ағамыздың өзі 60 жасына жетпей өмірден озды.

Осы ағамыздың ұлы Жанарбек ініміз 2015 жылы ағайындарын жинап, көлік жалдап, Ресейдің Түмен облысына жол тартты. Мақсаты – арғы бабасы Баубек батырдың нақты жатқан жерін табу. Елдегілер де ол жағын анық білмейтін. Білетініміз әйтеуір, Түмен облысы, Ишим қаласы. Алла қолдап, Жанарбек сол қаладан мұсылман зиратын іздейді. Красная гора деген шағын тау бар екен. Соның басынан зиратты ақыры табады. Таудың төбесінен қараса, етегінде жалғыз үй тұр екен. Ініміз сол үйге кіріп, амандық сұрасқанда, үй иесі Қали ақсақал қарсы алады. Жанарбектің бұйымтайын естіп, таң қалып, жадырап сала береді. Қуанып, «мен Баубек батырдың жатқан жерін білемін» дейді сол арада. Сөйтсе, кезінде бұл жерде үлкен қазақ ауылы болған екен. Кейін бәрі жан-жаққа көшіп, әр жерге қоныс аударған. Алланың әмірімен тек қана Қали ақсақал көшпей қалған. Ішкі түйсігі солай бір нәрсені күттірген. Көшкісі келсе де, белгісіз, беймәлім күш Қали ақсақалды тоқтата беріпті. Құдіреттің күштілігі-ай, десейші! Әрине, табаны күректей 132 жыл өткен зиратқа қалың шөп өсіп кеткен. Бірақ, атамыздың жатқан жері бізден барған Жанарбекке басқаларына қарағанда, шоқтығы биік болып көрінген. «Міне, аталарыңның мәңгілік мекені осы» деген Қали қарт:

– Маған күмәндансаңдар, осы арадан 6 шақырым жерде, Ишим қаласында Дүйсенбек Шәріпов ақсақал тұрады, сол кісіні алып келіп, көрсетіңдер, – дейді.

Сөйтіп, Алланың қалауымен, бір ғасырдан артық уақыттан соң Баубек батырдың жатқан жері табылды. Осыған мұрындық болған бауырым Жанарбек. Өкінішке орай, оған дейінгі ұрпақтарының қолынан келмеді. Дегенмен, ең бастысы, бұл іс қазақ елінің тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болды. Оған дейін атамыздың мәңгілік мекенін іздеу былай тұрсын, біз сол кісінің ұрпағымыз деп айтуға қорқатынбыз. Мені таң қалдырғаны, Түмен елінде тұрып жатқан қазақ бауырларымыздың біздің атамызға деген құрметі. Біз барғанда ол кісілер арада үш буын ұрпақ өтсе де, атамды арулап жуып, жер қойнына тапсырған адамдардың аты-жөніне дейін айтып берді.

Осы ретте, Түмен облысындағы қазақ қауымдастығының жұмысын зор ілтипатпен ауызға алуға болады. Бізді тәнті еткені, қазақ баласының қай жерде өмір сүрсе де, бір-біріне деген бауырмалдылығы. Жыл сайын Түмен облысының әр ауданында арнайы фестиваль өтеді. Оған сол аудандағы барлық ұлттардың өкілдері қатысып, киіз үйлер тігіліп, ат жарыс, айтыс, концерт ұйымдастырылады. Сондай құрылтайдың біріне біз де қатысып, жеке киіз үй алып, атамыздың аруағына арнап ас бердік. Баубек батырды арулап жуған кісілердің ұрпақтарына сый-сияпат жасадық. Елден апарған, атамызға арнап шығарған кітаптарымызды, газет-журналдарымызды халыққа таратып, мектептер мен музейлерге беріп кеттік.

Осы шараларда Ишим қаласындағы қазақ ұлттық мәдени қоғамының басшысы Жәмилә Мырзалина қарындасымыз бізге көп қол ұшын созды. Ол 2018 жылы әдейілеп Ресейден Баубек батырдың құрметіне өткен ғылыми конференцияға келіп, сөз сөйлеп, мерейімізді бір көтеріп тастаған еді. Сол үшін атамыздың ұрпақтарының атынан алғысымыз шексіз. Осы шаралардың бел ортасында бізден Жанарбек бауырымыз жүрді. Үлкен сауапты іс тындырып, 40 шақырым жерден ұзындығы 7 метр табиғи тас тауып, оған қашаумен шауып, Баубек батырдың анасы Шұға әжемізге ұрпақтарының тілегін жазды. Ол кісі де жатқан осы үлкен қорымды кеңейтіп, қоршауын жаңартты. Оның барысында барлық дәнекерлеу жұмысын өзі атқарды.

Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде газет-журналдар мен теледидарда Баубек атамыз туралы материалдар жиі шыға бастады. Мұның өзі батырдың басына шеттен зиярат етуге көпшілік қауымның да келе бастауына түрткі болып, солардың дені Жанарбектің шаңырағына ат басын тірейтін болды. Мұндайда келініміз Бибігүл лезде ақ дастарханын жайып, келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып жатқаны. Сол үшін Жанарбек екеуіне Алланың нұры жаусын дейміз.

Баубек атамыз тағдырдың жазуымен жер аударылып, сол біз айтып отырған Ишим қаласының маңында болады. Бір жылдан кейін елден 3-4 адам іздеп барған екен. Солардың ішінде менің арғы атам Үдербай бабамыз да болған. Ол кезде бұл кісі 13-14 жастағы бозбала екен. Сонда Баубек батыр:

– Міне, қараңдаршы, менің жолдасым Дос батыр сырқаттанып, өзі келе алмаған соң, мына кішкентай жалғыз ұлын жіберіпті! – деп риза болып, батасын берген екен.

Әуелі Алла, сосын батыр бабамыздың берген батасының арқасында Ғалым мен Смағұл аталарымыздың ұрпақтары сол бабаларымыз салып кеткен сара жолмен ойдағыдай жүріп келе жатырмыз. Осы екі шаңырақтың қызық-қуаныштары қашанда бір-біріне ортақ. Аллаға шүкір, екі жақта да ағайын-туыс баршылық. Бірақ, солармен өз басыма біздің отбасымыздың қарым-қатынасы жақын болып көрінеді. Өмірде еш нәрсе жайдан-жай болмайтынының бұл да болса, бір нышаны.

Бұл күнде Ғалым ағамыздан тараған Баубек батырдың тікелей ұрпақтары Әнуарбек, Қайырбек, Жанарбек, Әділбек және Жоламан. Бәрінің де құтты шаңырағы, бала-шағасы бар, ел қатарлы біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатыр. Ең бастысы, батыр бабаларының өсиетіне, ерлік рухына адал. Олар барда, келер ұрпақ барда, бүгінгі тәуелсіздігіміздің бір алдаспаны болып, кеймана қазақтың бақыты үшін күрескен Қарауыл Баубек батырдың да есімі ел есінде мәңгі жасай берері анық.

Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ,
зейнеткер.

Астана қаласы.

Суретте: Түмен жерінде Баубек батырдың басына қойылған құлпытас. Сол жақта Қали ақсақал және бабамыздың тікелей ұрпағы Жанарбек. 2016 жыл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар