21 маусым – Медицина қызметкері күні
Адам өмірінде мамандық таңдау сәті – болашақ тағдырдың бағытын айқындайтын ең жауапты қадам. Кейде бір ғана кездесу, жүрек жылытқан бір ауыз жылы сөз бүкіл өміріңнің темірқазығына айналуы мүмкін. Медицина саласында 45 жылдық еңбек өтілі бар, бүгінде Жарқайың аудандық ауруханасының фильтр кабинетінің дәрігері Орынтай Миланқызы Нарузбаеваның медицина әлеміне келуі де дәл сондай ұмытылмас сәтпен байланысты.
Кейіпкеріміз жоғары сыныпқа қадам басып, болашақ жайлы толғанып жүрген шағында мектеп қабырғасында аудандық аурухананың білікті хирургі Кемелбай Ғазезов Ғазезұлымен кездесу өтеді. Сол бір ақ халатты абзал жанның дәрігерлік мамандықтың қыр-сыры мен қадір-қасиетін тебірене жеткізген үгіт-насихаты мектеп оқушысы Орынтайдың жүрегінде лаулаған сезім ұшқынын жағып, үлкен арманға жол ашады. Әрине, арманы адастырған жоқ.
1981 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын сәтті тәмамдаған жас маманның еңбек жолы Торғай облысы, Аманкелді ауданындағы Иманов учаскелік ауруханасында педиатр дәрігер болып басталды. Одан кейінгі өмірі өзінің туып-өскен жері – Нахимов ауылымен тығыз байланысты өрбіді. Алтын ұясына қайта оралған Орынтай Миланқызы 1983 жылдан бастап Нахимов дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Ауылдық жердегі дәрігердің жүгі қашан да ауыр. Ірі қалалардағыдай тар бейінді мамандар тапшы болғандықтан, мұндағы ақ халаттылардан әмбебап болу талап етіледі. Сол жылдары екі мыңға жуық халқы болған Нахимов ауылында және көршілес төрт ауылдың бас дәрігері ретінде Орынтай Миланқызы бір мезетте педиатрияны да, терапияны да, акушерлік-гинекология мен хирургияны да қатар алып жүрді. Қыстың қаһарлы аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан, тәуліктің кез келген уақытында жедел көмек көрсетіп, халықтың денсаулығы күзетінде тұрды. Ауыл тұрғындары үшін ол жай ғана дәрігер емес, үлкен үміт пен сенімнің тірегі болды. 2005 жылы уақыт талабына сай Астана қаласында жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтіп, біліктілігін одан әрі шыңдай түсті. Білікті дәрігер осынау абыройлы жылдарда иық тіресе бірге еңбек еткен әріптестері Кемелбай Ғазезов, Маргуба Ибраева, Шолпан Еңсебаева, Әмина Егізбаева, Ғалым Сыздықов, Бибіғайша Мырзабекова, Назымбек Бимендин- Нұрикамал Бимендина, Ақсәулеш Дощанова сияқты жандардың ерен еңбегін бүгінде зор құрметпен еске алады.
Қазіргі таңда Орынтай Миланқызы емхананың ең маңызды шептерінің бірі саналатын фильтр кабинетінің дәрігері. Жалпы тәжірибелі дәрігер ретінде ол өңірдегі профилактикалық және эпидемияға қарсы жұмыстарды шебер үйлестіріп отыр. Оның күнделікті міндетіне ауданның ересектер мен балалар популяциясы арасындағы екпе жұмыстарын жоспарлау, мониторинг жүргізу және профилактикалық егуден бас тартқандармен тыңғылықты, сабырлы түсіндіру жұмыстарын жүргізу кіреді. Тәжірибелі маман халық арасындағы санитарлық-ағарту жұмыстарын ширатып қана қоймай, бұл істің қыр-сырын орталыққа жаңадан келген жас мамандарға үйретуден жалықпайды.
Медицинаның заманауи технологиялармен бірге қарыштап дамып жатқанына куә болып отырған кейіпкеріміз бүгінде емдеу ісінің айтарлықтай жеңілдегенін мақтанышпен айтады. Қазіргі уақытта науқастар бекітілген клиникалық хаттамалар бойынша ем қабылдайды, облыс орталығының білікті мамандарымен онлайн кеңестер жүргізіліп, аса шұғыл жағдайларда заманауи санитарлық авиация шақыртылады. Мұның бәрі емделушілерді уақытылы ауруханаға жатқызуға зор мүмкіндік туғызуда.
– Маған өз мамандығым өте ұнайды. Егер уақыт кері айналып, өмір соқпақтарын қайта таңдау мүмкіндігі туса, мен еш ойланбастан тағы да осы дәрігерлік жолды таңдар едім. Қатарымызға жас мамандар қосылғанда, олардың осындай қасиетті мамандықты таңдағанына балаша қуанамын. Менің пайымдауымша, егер сен адамдарға шын жүректен жақсылық жасасаң, ол жақсылық міндетті түрде өзіңе де, отбасыңа да еселеніп қайтады. Ауыр немесе орташа ауырлық дәрежесінде келген науқас сенің тағайындаған еміңнен кейін құлан-таза айығып, жасаған еңбегіңнің оң нәтижесі мен тиімділігін көру меніңше, дәрігер үшін ең үлкен бақыт, ең жоғары мәртебе, – дейді тәжірибелі дәрігер.
Жанқиярлық еңбектің артында әрқашан берік отбасы мен түсіністік тұратыны анық. Орынтай Миланқызының өмірлік серігі Орынбай Нарузбаев бүгінде құрметті зейнеткер, қиын да жауапты сәттерде жарына әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Ұлы Астана қаласында әскери қызметші, қызы полиция саласында абыройлы қызмет атқаруда. Бүгінде олар 6 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
– Бос уақытымда және демалыс күндері үй шаруашылығымен айналысып, үйдің айналасына гүлдер еккенді ұнатамын. Күзде қыстың қамымен жеміс-жидек консервілеу дәстүрге айналды. Әсіресе, мектеп каникулында немерелердің қасында болып, олармен бірге демалып, уақыт өткізу ең үлкен бақыт, – дейді Орынтай Миланқызы.
Орынтай Миланқызының денсаулық сақтау саласына сіңірген көпжылдық ерен еңбегі мен кәсіби біліктілігі мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алып, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және «Жарқайың ауданына 70 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталған.
Саналы ғұмырын адам өмірін арашалауға, ел саулығын сақтауға арнаған Орынтай Миланқызы Нарузбаеваның жүріп өткен жолы бүгінгі жас буын дәрігерлер үшін нағыз отансүйгіштіктің, кәсібилік пен адамгершіліктің жарқын үлгісі.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

