Ақмола облысының баспасөз саласында қырық жылдан астам уақыт бойы абыроймен еңбек етіп келе жатқан Раушан Жылқыбайқызы Омарова асқаралы зейнет жасына толып отыр. Өзінің ерекше бауырмал, кең пейілді болмысымен, айналасына шуақ шашқан жайдары мінезімен баршамыздың жүрегімізден орын алатын ұлағатты жан туралы қалам тербеу мен, әріптесі үшін де үлкен мерей.
Алғаш «Арқа ажары» газеті редакциясының қара шаңырағымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің үшінші курсында оқып жүріп, өндірістік тәжірибеден өтуге келгенде танысқаным әлі есімде. Бұл 2008 жыл болатын. Қазақ баспасөзінің қара қазаны қайнаған үлкен ұжымға кіруге, қадам басуға жүрексініп тұрған жас студент, мені алдымнан жадырап шығып, қуана қарсы алған жан осы Раушан Жылқыбайқызы болатын. Сол сәттегі оның күлімсіреген жайдары жүзі, анамдай аңқылдаған ақкөңіл болмысы мен кішіпейіл мінезі бірден санамда жылылық ұялатып, әлі күнге дейін күні кешегідей көз алдымда сақталып қалды. Содан бері арада қаншама жылдар жылжып, бірталай уақыт өтсе де, ол кісінің сол бауырмалдығынан, әрбір әріптесіне жанашыр бола білетін қамқор мінезінен титтей айнығанын көрген емеспін.
Раушан Жылқыбайқызы 1965 жылы табиғаты көркем Зеренді ауданының Жылымды ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Жылқыбай Кегібайұлы Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт өмірде «Бұлақ» совхозының бөлімшесінде агроном-есепші, ал, анасы Шолпан Рамазанқызы сол бөлімшеде аспаз болып еңбек еткен сыйлы адамдар. Ауылдағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін, үлкен өмірге қадам басқан ол 1984 жылы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің табалдырығын аттап, еңбек жолын корректордың көмекшісі болудан бастайды. Ол кезде газет аптасына бес рет шығып, баспахананың тынысы бір сәт толастамайтын, ал, басылымдардың техникалық қызметкерлері екі ауысыммен еңбек ететін нағыз қызу жұмыс кезеңі еді. Дәл осы үлкен мектепте Раушан Жылқыбайқызы Зәуре Жанаева, Орынбасар Төкенова, Күлзейнеп Айсина, Гүлнәр Шәймергенова секілді баспасөздегі майталман әріптестерінен корректорлық шеберліктің қыр-сырын үйреніп, кәсіби тұрғыда шыңдала түседі. Жалпы, газет ісінде корректор болу деген оңай-оспақ шаруа емес. Ол сырт көзге байқала бермейтін, бірақ, басылымның сапасы мен беделін анықтайтын, мәтіндердегі бір оқығанда бірден көзге түсе қоймайтын «ұры әріптер» мен тыныс белгілерінің қателерін қалт жібермей түзететін өте жауапты, қырағылық пен төзімділікті талап ететін мамандық. Күн-түн демей, уақытпен санаспай еңбек еткен жігерлі жастың еңбекқорлығы мен зор жауапкершілігін көрген сол кездегі ұжым басшылығы оны корректор етіп тағайындайды. Содан осы газет ұжымында табан аудармастан 20 жылдан астам қызмет етеді.
2005 жылы Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне жұмысқа ауысып, басшының хатшысы ретінде баспасөз саласындағы қызметін одан әрі жалғастырып, өңірдегі бас басылымның шығуына бір адамдай атсалысады. Қазір әлі күнге дейін осы газеттің шығу үдерісіне елеулі үлесін қосып, мақалаларымыздың кемшіліксіз шығуына адал еңбегін сіңіріп келеді.
Газет жұмысы қашанда қарбаласқа толы екендігі белгілі ғой. Әсіресе, газетті баспаханаға тапсыратын күні жұмыс қыза түседі. Бұл уақытта нөмірге мақала жазатын журналистер үшін әр минут алтыннан да қымбат. Дәл осындай қарбалас сәттерде кейде редакцияға түрлі өтінішпен өңір тұрғындары да ағылып келіп жатады. Байқасақ, редакцияның табалдырығын көбіне егде тартқан адамдар аттайды екен. Жастар замануи технологияның көмегімен материалдарын әп-сәтте сырттан жолдай қойса, егде жастағы адамдар өз аяғымен келіп кетуді парыз санайды. Міне, осы кезде жүрекжарды лебізін ақ қағазға түсіріп, қолмен жазып әкелген әрбір қарияны, газеттің жаңа санын іздеп келген әр оқырманды жылы жүзбен қарсы алып, көңілін табу да жүректің кеңдігін қажет етеді. Жұмысы қанша тығыз болса да, осындай әр келушіге ерекше ізет көрсетіп, өтініш-тілектерін мұқият орындап жүретін жаны жомарт Раушан Жылқыбайқызының бұл еңбегі мен адамгершілігі бүкіл ұжымға үлгі-өнеге десек, артық емес. Сонымен қатар, оның ұйымдастырушылық қабілеті мен елгезектігі де өз алдына бір төбе. Қолға алған әр іске жанын салып кірісіп кететіні оның шынайы жанашырлығын айнытпай көрсетіп тұрады.
Әйел атаулының бірі болып туғаннан кейін, біздер қашан да нәзік жүрегіміздің түкпірінде ата-анамыз бен бауырларымызға деген сыртқа көрсете бермейтін ұлы махаббатты сақтап жүреміз. Қандай қиындық, ауыртпалық болсын, ет жақын бауырымыз үшін қолымыздағы барды да, бойымыздағы жанашырлық пен сүйіспеншілікті де аямай, тіпті сын сағатта өз өмірімізді де құрбандыққа шалуға дайынбыз. Осындай ауыр сәттердің бірінде ол өзінің жол апатынан қайтыс болған үлкен әпкесі мен жездесінің соңында қалған жәудіреген өрімдей балаларды бауырына басып, оларға бар мейірім-шапағатын төгіп, аялы қамқоршы да бола білді. Әрине, бұл жерде Раушан Жылқыбайқызына ата-анасы мен басқа да бауырлары қолғабыс көрсетіп, қолдарынан келгенін аянып қалмады. Дегенмен, бар жауапкершілік жүгін мойнына алған ол төрт баланың ойдағыдай өсіп-өніп, олардың мына оңды-солды дүниенің бір кірпіші болып қаланып, үлкен өмірге үйлесіп кетулеріне зор септігін тигізді. Төрт жасынан бауырына басқан Думаны мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсерде, Қарағандыдағы жоғары мектепке өзі бірге барып, емтихан-сынақтарын тапсыртып, қашан оқуға түсіп кеткенінше анасындай қамқор болып уайымдағаны, сол оқуын бітіріп, дипломын әкелгендегі риясыз қуанышы да, бәрі, бәрі көз алдымызда. Бүгінде ол өзі өсірген сол ұл-қыздың ортасында, туған-туыс, бауырларының арасында жайнап, жарқырап жүр!
Газет шығару барысында өз міндетін жақсы түсініп, үнемі осы іске бар білімі, күш-жігерін салып, уақытпен санаспай еңбек ететін ол бірнеше мәрте Қазақстан Республикасының Ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс және қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Міне, мен білетін, біз білетін Раушан Омарова осындай өте бір аяулы жан. Өз ісіне адал, жақындарына жанашыр асыл жанға бүкіл ұжымымыз сияқты мен де зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін. Бірге жүрген әріптестеріңіз бен бауырларыңыздың ақ тілеуі мен құрметі сізді әрқашан биік шыңдарға жетелей берсін!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Құрметті Раушан Жылқыбайқызы!
Сізді өміріңіздің зейнет жасына жеткен айтулы бір белесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Сіз қырмызыдай жас кезіңізден бар саналы ғұмырыңызды баспасөз саласына арнап, осы жолда кәсіби, адамгершілік тұрғысынан зор жетістікке жетіп, сый-құрметке бөленіп келесіз. Адамның өмірде өз ортасында алар орнын айналасымен тіл табысу, орнықтылық, сыпайылылық сияқты қасиеттер айқындаса, сіздің бәрімізді сүйсіндіріп, ойымыздан шығатын кісілік келбетіңіз, еңбексүйгіштік, өз жұмысын жетік білу, кімге болсын жаны ашып, қол ұшын созу сияқты биік өлшеммен өріліп жатыр.
Редакциямызда Раушан қолға алған істе селкеулік болмайды деген түсінік қалыптасқан. 42 жыл бойы алдымен Көкшетау, одан Ақмола облыстық газеттерінің оқырманға сауатты, мазмұнды жетуіне бар күш-жігеріңіз бен біліміңізді аянбай, сенім биігінен көріне білген сіздей жанға бүгін ақ тілектің қандай арнасын ақтарсақ та орайы келіп, жарасып тұр. Сондықтан, алдымен өзіңізге айтарымыз, ортамызда бүгінгідей жарқырап, жайнап, ұзақ уақыт жүре беріңіз. Өзіңіз үлкен жүрек, шексіз мейіріммен өсіріп, жеткізген бауырларыңыздың қызығы мен құрметіне бөленіңіз. Алда тосар арманды жылдарыңыздың жемісті бағы молынан гүлдей берсін, жақсылық-қуаныштар сізді асығып іздей берсін!
Ізгі ниетпен,
«Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің ұжымы.
![]()

