Зерделі ұлт кітапхана мен кітап арқылы қалыптасады

Көшпелі отырыс

Көкшетауда ұлт руханиятының алтын бесігі саналатын Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасында Қазақстан Кітапханалар Одағының «Жаһандық көзқарас және тұрақты даму: кітапханалардың болашақты құрудағы рөлі» тақырыбындағы кезекті көшпелі жұмыс отырысы өтті.

Жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрайымы Айзада Құрманова, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан Кітапханалар одағының төрайымы Ғазиза Құдайберген, сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен кітапхана басшылары мен сала мамандары, мәдениет қайраткерлері мен жалпы зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұл аталған көшпелі отырыстың биылғы жылы Ақмола өңірінде, Көкше жерінде ұйымдастырылуының өзіндік мәні бар. Биыл өңірде ғана емес, республикадағы іргелі мәдениет ошақтарының бірі Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Сексен жыл бойы оқырман мен кітап арасындағы алтын көпірге айналған қара шаңырақ бүгінгі күні заман талабына сай жаңарып, цифрлық технологияларды тиімді пайдаланып, білім мен руханияттың жаңа ошағы мен орталығына айналып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың мамыр айында кітап оқитын зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлыққа қол қойғаны баршамызға белгілі. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент: «Кітап оқу мәдениеті ұлт сапасын арттыратын басты құндылықтардың бірі. Біз кітап оқитын, ойлайтын, зерделі ұлт қалыптастыруымыз керек», – деген болатын.

Артынша осы бастаманың жалғасы ретінде елімізде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді.

Шара барысында Қазақстан Кітапханалар одағының төрайымы Ғазиза Құдайбергенмен сұхбаттасып, қоғамның кітапқа деген құрметін арттырып, елдің рухани әлеуетін көтеруге бағытталып жатқан негізгі жұмыстар жөніндегі пікірін білдік. Кітапханалар одағының төрайымының айтуынша, бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес, кітапхана ісі жөніндегі Заң жобасы әзірленіп, бірыңғай платформасын жасау мен үздік он оқырманды анықтау, ұлттық сыйлық тағайындау жөнінде маңызды жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, салтанатты жиынға қатысқан өзге де қатысушылар қасиетті Көкше жерінің тарихи-мәдени ерекшелігін, Абылай мен Кенесары ханның ордасы болған, Біржан сал мен Ақан серінің әні қалықтаған, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтың ізі қалған, Мағжанның жырымен әйгіленген киелі өлкенің рухына тебіреніп, кітапхана саласының бүгінгі беталысы мен болашағы туралы өз ойларын ортаға салды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеп, баяндама жасаған Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры, ақын Қуаныш Оспан кітапхана жұмысының қазіргі қоғамдағы рөлі бұрынғыдан да артып отырғанын, цифрлық дәуірде кітапханалар тек кітап сақтайтын орын емес, білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны тоғыстыратын заманауи орталықтарға айналып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, жиын барысында кітапхана ісінің дамуына көп жылдық еңбегімен үлес қосқан сала басшылары мен ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Атырау облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Сара Ізмұханбетоваға 60 жасқа, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мейрам Бектембаев аға 50 жасқа толуларына байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әлидің Құттықтау хаты табысталды.

Осы жиында көп жылғы адал еңбегімен ерекшеленген кітапхана қызметкерлері де лайықты марапаттарға ие болды. Оларға «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы», «Кітапхана ісінің үздігі», «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгілері табысталып, бір топ кітапхана мамандары Қазақстан Кітапханалар одағының Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл кітапхана ісінің дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегіне берілген жоғары баға екені сөзсіз.

Жиын барысында еліміздің бірнеше кітапханаларының мерейтойлары да аталып өтілді. Сексен жылдық мерейтойын атап өтіп отырған Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына Қазақстан Кітапханалар одағы атынан көпфункционалды құрылғы сыйға тартылса, мерейтой иелері – өзге кітапханаларға еліміздің жетекші баспаларының сертификаттары табысталды.

Сондай-ақ,  шара барысында «Жыл кітапханашысы – 2026» байқауының қорытындысы жарияланып, Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылған республикалық апталықтың нәтижесі бойынша аталымдардың жеңімпаздары анықталды. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасының жаңашыл жобалары ерекше бағаланып, марапатталды.

Биылғы көшпелі отырыстың басты ерекшелігі жасанды интеллект технологияларына ерекше көңіл бөлінуі болды. Пленарлық мәжілісте Қазақстан Кітапханалар одағының жаңа даму бағыттары таныстырылып, «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасы, қазақ тіліндегі кәсіби оқулықтардың маңызы, библиографиялық сипаттаудың жаңа ұлттық стандарты, электрондық құжаттарды тіркеу мен есепке алу мәселелері кеңінен талқыланды.

Түстен кейін өткен семинарлар мен шеберлік сабақтарында кітапхана қорын жасақтаудан бастап оқырманға қызмет көрсетуге дейінгі жасанды интеллект мүмкіндіктері, әр түрлі жобалар жасаудың заманауи тәсілдері, балалар кітапханасының жаңа моделі, баспасөзбен тиімді байланыс орнату, жастар ұйымдарының рөлі сияқты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Қазақстан Кітапханалар одағының қолдауымен үздік өңірлік кітапханаларға  жасанды интеллект бойынша онлайн оқу курсына сертификаттардың табысталуы да заман талабына сай маңызды бастама болды деп санаймыз.

Жиын соңында кітапхана ісін халықаралық деңгейде дамыту, кәсіби ынтымақтастықты нығайту және Халықаралық кітапхана қауымдастықтарының дүниежүзілік Конгресіне дайындық мәселелері сөз болды. Ал, келесі күні қатысушылар үшін Ботай-Бурабай этнографиялық музейіне, Бурабай ұлттық табиғи паркіне және өңірдің тарихи-мәдени орындарына танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, Көкшенің табиғаты мен мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік жасалды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, кітап оқитын зерделі ұлт қалыптастыру міндетін жүзеге асыруда кітапханалардың жауапкершілігі бұрынғыдан да артып келеді десек артық айтпас едік. Бұл Көкше төрінде өткен жиын кітапхана саласының жаңа белесіне бастайтын руханияттың ізгі шамшырағын жаққан игі бастама ретінде есте қалары сөзсіз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар