Елдік іс
«Қоғамдық келісім» ғимаратында айтулы тарихи сәт пен ұлттық өнер тоғысқан рухани кеш өтті. Халқымыздың қастерлі заңы – Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енген күніне орай ұйымдастырылған «Халық мұрасы» домбыра үйірмесінің есептік концерті көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге деген құштарлығын оятуды және мәдени мұрамызды насихаттауды мақсат еткен бұл шара мәдениетіміздің айшықты алаңына айналды.
Концерттің шымылдығын ашқан «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Қуаныш Шақшақов жиналған қауымды жаңа Ата Заңның ресми түрде күшіне енуімен және Ұлттық домбыра күні мерекесімен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде бұл күннің мемлекетіміздің жаңа тарихына алтын әріптермен жазылатын тарихи қадам екенін атап өтіп, дәл бір жыл бұрын Достық үйінде негізі қаланған «Халық мұрасы» үйірмесінің жас өнерпаздарына ақ жол тіледі.
Кеш бағдарламасында қазақтың бай музыкалық мұрасы кеңінен көрініс тапты. Киелі сахнада Сәкен Сейфуллиннің сырлы сазға толы «Тау ішінде» әні, халықтың әуезді «Гүлдерай» әні және Біржан салдың классикалық шығармалары қалықтады. Саусақтарынан күй төгілген жастар «Жезкиік», «Секіртпе», «Ата толғауы» мен «Әке толғауы» сынды белгілі туындыларды домбыра мен жетіген аспаптарында нақышына келтіре орындап, көрерменді тәнті етті. Қаладағы белсенді азаматтар да концертке арнайы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Бұл кеш тек концерт қана емес, бір жылдық қажырлы еңбектің қорытындысы болды. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов бұл үйірменің маңызына тоқталып, сал-серілер мекені Көкше өңірінде Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайдың ізін басар дарындарды тәрбиелеу басты мақсат екенін жеткізді. Аталмыш үйірменің болашақта республикалық деңгейге шығу жоспары да бар. Өнер жолындағы талаптың қатаңдығына қарамастан, ауылдық жерлерден де талапты балалар ағылып келуде. Солардың бірі – Ақадыр ауылынан арнайы келген 11 жасар Айсұлтан Хабсанатұлы. Алты жылдан бері домбыраны жанына серік еткен ол болашақта еліне танымал дүлдүл домбырашы болуды армандайды.
Концерт барысында көне дәуірдің үнін жеткізген жетіген аспабы да ерекше әуезбен өрілді. Соңғы жылдары жастар арасында қайта жаңғырған 23 ішекті бұл нәзік аспапты меңгерген 13 жасар Қарақат Қайыргелдина өзінің екі жылдық еңбегінің нәтижесін көрсетіп, болашақта жетігенмен ән салуды мақсат тұтатынын мақтанышпен айтты.
Шараның тәрбиелік және танымдық маңызын арттыра түскен тағы бір сәт – Жастар ресурстық орталығының мамандары ұйымдастырған интерактивті сұрақ-жауап викторинасы болды. Ата Заң мен ұлттық құндылықтар тақырыбында қойылған сұрақтарға көрермендер үлкен белсенділікпен жауап берді. Сауаттылық пен білімділік танытқан азаматтарға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жинағы мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Кеш соңында ұлттық өнерді дамытуға үлес қосқан белсенді қатысушылар мен үйірме тәрбиеленушілері салтанатты түрде Алғыс хаттармен марапатталып, рухани кеш ел есінде қаларлықтай жарқын екпінде аяқталды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

