Бірден үш теміржол вокзалы іске қосылды

Игі істер өрісі

Қазақстан Республикасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «124 теміржол вокзалын жаңғырту» бағдарламасының аясында Ақмола, Көкше өңірлерінде де қайта жаңартылған бірқатар теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. Жуырда ғана мыңдаған туристерді қабылдайтын Бурабай курорты теміржол вокзалы іске қосылған еді. Енді міне, ізінше, бір күнде бірден үш ауданның орталығында, атап айтсақ, Шортанды, Ақкөл және Макинск қалаларында да осындай вокзалдар қайта іске қосылды. Бұл қуанышты іс-шараларға Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма мүшесі Нағызхан Тұрсынбаев, мердігер ұйым – «Integra Construction» компаниясының Ақмола облысы бойынша филиалының жетекшісі Арман Нұрмұқанов және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Олар бірінші болып Шортандыға ат басын бұрды.

Қайта жаңғыртудан өткен мұндағы темір жол вокзалында жолаушыларға қажетті жағдайдың бәрі бар. Бұл станса арқылы тәулігіне 12 жолаушылар және жүк пойыздары өтіп, орта есеппен 60-70 жолаушыға қызмет көрсетіледі. Бұлар халықаралық, республикалық бағыттағы пойыздар. Жаңартылған вокзалда жолаушыларға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай жасалып, ана мен бала бөлмесі қарастырылған. Тұрғындарды осы қуанышты оқиғамен Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров құттықтады.

– Бүгін вокзал заманауи кейіпке еніп, аудан тұрғындары мен қонақтары үшін бұрынғыдан анағұрлым қолайлы бола түсті. Ол ұзақ жылдар тұрғындардың игілігіне жарап, ауданымыздың нағыз кірер қақпасына айналатынына сенімдімін. Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтамын, – деді ол.

Вокзалдың негізі 1964 жылы қаланған. Бүгінде жүргізілген жаңарту жұмыстарының нәтижесінде ғимараттың көлемі 20 шаршы метрге ұлғайтылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы әрі кәсіби деңгейде жүзеге асырған «Integra Construction» компаниясына ҚТЖ басқарма басшылығы тарапынан алғыс айтылды. «Integra Construction» компаниясының Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Арман Нұрмұқанов өз сөзінде жүргізілген жұмыстарға тоқталды.

– Компаниямыз үшін бұл Қазақстан бойынша теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жөніндегі ауқымды жобаны жүзеге асырудағы маңызды кезең. Қайта жаңғырту барысында аталған вокзалдың шатыры ауыстырылды, қасбеттері, ішкі бөлмелері және барлық инженерлік желілері жаңартылды. Сондай-ақ, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, іргелес аумақтың барлық жабындары мен жиһаздар толықтай жаңартылды. Біз орнатқан негізгі жабдықтар қазақстандық өндіріс орындарында шығарылған, – дей келе, ол мердігер ұйымның жұмыс барысында отандық өнімді қолданғандығын жеткізді.

Болат жол бойындағы бұл жетістікке ұзақ жылдар бойы осы салада адал еңбек еткен ардагерлердің қосқан үлестері зор. Сол себепті, теміржол саласының ардагері Светлана Вайсберг құттықтау сөзін жеткізді.

– Мен бұл вокзалға өмірімнің 30 жылын арнадым. Мұнда сан түрлі кезеңдерді көрдім, бірақ, бүгін менің жүрегім қуанышқа толы. Вокзалымыз жөндеуден кейін өте жарық, әдемі және заманауи кейіпке енді. Шын жүректен жаңартылған ғимаратымыз іші жолаушыларға толы болуын тілеймін. Сәті түсіп, бұл жерге үлкен-кіші көп келсін, балалардың күлкісі естіліп тұрсын, ал, вокзал залдары әрқашан жылы, жайлы болсын. Осынау тамаша күн үшін сіздерге ризамыз, – деді ол.

Сөйтіп, жаңа кейіпке енген вокзалдың көгілдір лентасын аудан әкімі Сағындық Шабаров пен Светлана Вайсберг қиды.  Шортандының тұрғындары осылайша тарихи сәттің куәсі болып, бір жадырап қалды.

Біз бетке алған келесі нысан тәулігіне екі жүзге жуық жолаушыға қызмет көрсететін Ақкөл теміржол вокзалы еді. Бұл станса арқылы халықаралық және республикалық бағыттағы 14 жолаушылар пойызы жүреді. Бұл вокзалда да жолаушылар платформасы кеңейтіліп, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Бұл барлық жолаушылар үшін қолайлы, қауіпсіз және жайлы жағдай туғызылды деген сөз. Жаңарған вокзал жөнінде алдымен Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков алғыс сезімін білдірді.

– Теміржол вокзалы – бұл жай ғана көлік нысаны емес. Қаламен танысу дәл осы жерден басталады. Мұнда туған-туыстарды қарсы алады, осы жерден тұрғындар сапарға аттанады, ал қонақтар өлкеміз туралы алғашқы әсерлерін алады. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткеніндей, көлік инфрақұрылымын дамыту заман талабына сай, азаматтарға қауіпсіз, жайлы әрі қолжетімді болуы тиіс. Ақмола облысында осы тапсырманы орындап теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облысымыз бұл жұмыстардың көлемі бойынша республикада көш бастап тұр. Мұнда сапа, қолжетімділік пен қауіпсіздік стандарттарына сай келетін қолайлы қоғамдық орта құрылуда. Барлық жастағы жолаушыларға, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға, балалы отбасыларға және туристерге қолайлы жағдай жасалып жатыр, – деді ол. – Вокзалдарды жаңарту халықтың өмір сүру сапасын жақсартады, саяхатты ыңғайлы етеді, ішкі туризмді, бизнесті дамытуға және қалалар мен аудандардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға қосымша мүмкіндіктер ашады. Бүгінгі нәтиже Үкіметтің, ұлттық компаниялардың, құрылысшылар мен жобалаушылардың бірлескен жұмысының жемісі. Ақмола облысы бойынша 16 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Бұл Қазақстанның облыстары арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Осылайша, таяу арада облыстағы барлық дерлік ірі теміржол стансаларының тұрғындары мен қонақтары заманауи, ыңғайлы және қауіпсіз вокзалдарды пайдалана алатын болады, – деді басқарма басшысы.

Ақкөл вокзалы алғаш 1989 жылы пайдалануға берілген. Жаңғырту жұмыстары нәтижесінде вокзал ғимаратының көлемі 405 шаршы метрден 456 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.

– Біздің міндетіміз – тек ғимаратты жаңарту ғана емес, сонымен қатар, жолаушылар мен вокзал қызметкерлері үшін жайлы, заманауи және қауіпсіз жағдай жасау. Бұл вокзал іргетасына дейін толық бұзылып, қайтадан салынды. Сонымен қатар, барлық инженерлік желілер ауыстырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жаңа жиһаздар орнатылып, энергия үнемдейтін терезелер мен фасадтар қойылды. Жаңартылған вокзал халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсететініне сенімдіміз, – деді Арман Нұрмұқанов.

Вокзалдың салтанатты ашылуында теміржол саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлердің бірі Қияс Сарымұрзаев та ізгі тілек білдірді.

– Ақкөлге вокзал салып берген теміржол басшыларына көп рахмет айтамыз. Біз жұмыс істеген кезде вокзал мұндай емес еді. Міне, қазір жөндеуден өткен көрікті вокзалға кіріп жатырмыз. Осы қуаныш барлығыңызға құтты болсын! Халқымыз үшін қызмет жасап жүрген басшыларға, құрылысшылар мен өзге де жұмысшыларға, теміржолшыларға ризашылығымызды білдіреміз. Мен 18 жыл осы вокзалда жұмыс істедім. Қазір Ақкөл дамып, өсіп жатыр. Теміржолшыларымыздың еңбегі жанып, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, – деді ардагер.

Модернизациялау жаңалығы Макинскідегі вокзалды да айналып өткен жоқ. Макинка стансасы да тәулігіне орта есеппен 300-350 жолаушыға қызмет көрсетеді. Жалпы 14 халықаралық және республикалық бағыттағы пойыздар өтеді. Мемлекет басшысының республикалық маңызы бар теміржол вокзалдары желісін жаңғырту бағдарламасы бойынша берген тапсырмасы аясында Бұланды ауданының теміржол вокзалы толықтай жаңартылып, заманауи стандарттарға сай келтірілді. Салтанатты шарада құттықтау сөз аудан әкімі Ардақ Смайыловқа берілді.

– Бүгін біз елімізде жүзеге асырылып жатқан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары аясындағы маңызды жобаның нәтижесіне куә болып отырмыз. Заманауи талаптарға сай жаңартылған вокзал тек көлік нысаны ғана емес, тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, өңіріміздің дамуына серпін беретін маңызды әлеуметтік инфрақұрылым болып саналады. Бұл жобаның табысты жүзеге асуына Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың қолдауын да ерекше атап өткім келеді. Бұл нысан сапарлардың ыңғайлы, қауіпсіз әрі жайлы өтуіне ықпал ете отырып, ұзақ жылдар бойы халыққа сапалы қызмет ететініне сенімдімін, – деді аудан әкімі.

Аталмыш вокзал алғаш 1988 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде жаңарту жұмыстарының нәтижесінде ғимараттың ауданы 344 шаршы метрден 376 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Осы орайда, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма мүшесі Нағызхан Тұрсынбаев тұрғындарға ақжарма тілегін айтты.

–Бүгін біз сіздермен бірге көлік саласын дамыту жолындағы маңызды оқиғалардың біріне куә болып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соның аясында қайта жаңартылған Макинск теміржол вокзалының ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Осы қуанышты күнмен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Теміржол вокзалы – бұл халыққа қызмет көрсететін маңызды әлеуметтік нысан ғана емес, сонымен бірге, елдің экономикасын, тұрмысын және көлік байланысын нығайтатын негізгі тіректердің бірі, – деді ол.

Бұл – теміржол инфрақұрылымын модернизациялаудың ауқымды бағдарламасын жүзеге асырудың кезекті бір маңызды кезеңі. Облысымызда жыл соңына дейін тағы 12 вокзал толық жаңартудан өтіп, жолаушыларға қайта қызмет көрсете бастайды.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Шортанды, Ақкөл, Бұланды аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар