Бабамыздың үні сенсің, домбыра!

«Көкше – өнер маржандары І» фестивалі

Көкшетау қаласындағы жаңа жағалауда 5 шілде – Ұлттық домбыра күніне арналған «Көкше – өнер маржандары І» фестивалі өтті. 200-ден астам өнерпаз атсалысқан мерекелік шарада Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев құттықтау сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты мерейл3 мерекемен құттықтады.

Көрікті Көкшенің Қопасының жағалауында өткен мерекелік шараға мыңдаған тұрғындар мен қала қонақтары жиналды. Бағдарлама аясында  домбыраның күмбірлеген үні мен қазақтың әсем әні әуелеп, ұлттық өнеріміздің мерекесі салтанат құрды.

Кешке жиналған жұртшылық өнерпаздардың орындауындағы ән-жырды тыңдап, ұлттық мұрамызды насихаттауға бағытталғантүрлі көрмелерді тамашалады. Әсіресе, сан ғасырлық тарихы бар ұлттық аспаптардың үлгілері қойылып, олардың шығу тарихы таныстырылғаноблыстық музейлердің қорынан жасақталған домбыралар көрмесі жиналған жұрттың ерекше назарын аударды.

Сонымен қатар,аталған шарада облыстың әр өңіріндегімәдениет мекемелері  халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, қолөнерін, салт-дәстүрін және рухани құндылықтарын насихаттайтын арнайы экспозициялар әзірледі. Келушілер облыстық кітапхана қорындағы күй өнеріне арналған сирек күйтабақтар көрмесін тамашалап, қазақтың әйгілі күйшілерінің орындауындағы бірегей аудиожазбалармен танысты. Интерактивті алаңдарда шеберлік сабақтары өткізіліп, ұлттық өнерді дәріптейтін мәдени жобалар көпшілік назарына ұсынылды.

Фестивальдің шымылдығы Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен бірлескен домбырашылар тобының орындауындағы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» және Абылай ханның «Шаңды жорық» күйлерімен ашылды. Бір мезетте жүз домбырашының күй тартуы ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі болды. Бұл Көкшетау қаласындағы бірнеше мектептің оқушылары, Краснояр ауылындағы білім беру ұйымдарының шәкірттері мен «Bolashaq» сарайының тәрбиеленушілері қатысты.

Мерекелік жиында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев жиналған жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттаудың маңызын атап өтті.

– Баршаңызды ұлттық рухымыздың айбынын асқақтататын, халқымыздың төл өнері мен асыл мұрасын ұлықтайтын Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! Домбыра қазақтың жаны, ұлттың үні, елдіктің мәңгілік нышаны. Қос ішектен төгілген күй халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы мен тағдырының, азаттық рухының көрінісі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеу тәуелсіздігімізді нығайтудың маңызды негіздерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан, ұлттық мұрамызды көздің қарашығындай сақтау, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру баршамыздың ортақ парызымыз. Ақмола жері ән мен күйдің, сал-серілік дәстүрдің алтын бесігі. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіпсияқты өнер алыптарының мұрасы  халқымыздың баға жетпес қазынасы. Сол асыл дәстүрді жалғастырып жүрген бүгінгі өнерпаздар мен жас таланттар ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдеп келеді, – деді ол шара барысында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ,  дәстүрлі өнеріміздің бірнеше буынының бір сахнада бас қосуы осы фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі болды. Мәселен, концерттің ең жас қатысушысы небәрі сегіз жастағы халықаралық «Шығыс жұлдыздары – 2026» байқауының Гран-при иегері Бақдәулет Қалдаров пенҚазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 77 жастағы Қапаш Құлышовакөрермендердің зор ықыласына бөленді.

Фестиваль барысында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешов, Мәдениет саласының үздігі Кенжебай Мұқышев, күйшілер Руслан Қойшыбаев, Бауыржан Балтин, Саят Бабаев, дәстүрлі әншілер Эльмира Төлеубаева, Зәмзәгүл Смағұлова, Сәрсенбай Хасенов, Райымбек Төлеубай, Азамат Қадыл, Мақсат Әбзелов, Ақниет Серғазин, Жанат Есов, Аягөз Қалмағамбетова, Бекұлан Ерболатұлы және аймақтың басқа да белгілі өнерпаздары қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлерін орындады.

Көрермендер Үкілі Ыбырайдың, Ақан серінің, Біржан салдың, Балуан Шолақтың, Иманжүсіптің халыққа кеңінен танылған әндерін, Тәттімбеттің,Нұрғиса Тілендиевтіңжәне басқа да көрнекті композиторларымыздың күйлерін тыңдап, тамашалады. Сондай-ақ, оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған шығармалар мен «Гәкку» би ансамблінің қойылымдары концерттің көркін аша түсті.

Бұған дейін Ұлттық домбыра күнін мерекелеу бағдарламасы аясында «Көне домбыра» және «Музейге жәдігер сыйла» акцияларының ұйымдастырылып жатқанын айтқан болатынбыз.Ал, осы шара барысында аталған акциялардың қорытындысы шығарылып, оған қатысып, үйінде көне домбыраны сақтаған жандарға сый-құрмет көрсетіліп, облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

«Музейге жәдігер сыйла» акциясы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова өзінің ұзақ жылдар бойы серік болған жеке домбырасын облыстық музей қорына тапсырды.

Ал, «Көне домбыра» акциясы барысында ел ішінде сақталып келген бірнеше тарихи домбыра алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылында сақталған көне домбыра, Көкше өңіріндегі домбыра жасаудың шебері Сұлтан Жалмұханұлы жасаған тарихы бір ғасырлық байырғы аспап және өнер қайраткері Темірхан Дыбысовтың ұзақ жылдар бойы көзінің қарашығындай сақталған домбырасы болды. Әрбір жәдігердің тарихы арнайы бейнеролик арқылы таныстырылып, ұлттық мұраның тағылымдық мәні кеңінен насихатталды.

Осылайша, Көкше төрінде өткен Ұлттық домбыра күніне арналған «Көкше – өнер маржандары І» фестивалі халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өнер дәстүрінің әлі де өміршең екендігін көрсетті. Ұлттық мұрамыз ұлықталған шарада өткеніміз бен бүгініміз, аға буын мен жас толқын өзара үндесіп, қазақтың қасиетті қара домбырасы ел рухын асқақтатқан мәңгілік құндылық екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Ал, кеше Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған «Көкше –өнер маржандары І» дәстүрлі фестивалі аясында ұлттық өнерімізді дәріптеп, рухани құндылықтарды насихаттауға белсене атсалысқаны үшін аймақтың бірқатар мәдениет қызметкерлері Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл лайықты марапатты Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дәуешов тапсырды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар