Мемлекеттік бағдарлама өз нәтижесін беруде

Елге қызмет – абыройлы міндет

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде өңір жастарының әлеуетін арттыруға және оларды жұмыспен қамтуға бағытталған «Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасының бірінші жартыжылдығын қорытындылаған дөңгелек үстел отырысы болып өтті.

Маңызды жиында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сабырхан Кенжебаев өңірдегі жастар саясаты және жұмыспен қамту көрсеткіштерінің оң динамикасын тілге тиек етті. Оның айтуынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыстағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен айтарлықтай төмендеген. Жастарға қызмет көрсету орталығының жүйелі қолдауымен жыл басынан бері 2819 жас тұрақты жұмысқа орналасса, оның ішінде 1481-і қоғам назарындағы ерекше санат – NEET жастары екені айрықша аталды. Бұл ретте жұмыспен қамту органдары тарапынан жүргізіліп жатқан кешенді шаралар да өз жемісін беруде. Жыл басынан бері аталған органдарға көмек сұрап 6513 жас жүгінсе, олардың 3358-і белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылған. Атап айтқанда, 75 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 93-і жастар практикасына, ал, 301-і ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды. Сонымен қатар, 110 адам кәсіптік оқытудан өтіп, 186 жас «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, 494 азамат «Enbek.skills» платформасында онлайн оқудан өткен. Осы кешенді қолдаудың нәтижесінде тағы 2099 жас тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде де нақты нәтижелер бар. Іске асырылып жатқан жобалар аясында 654 жас, ал, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы аясында 635 жас екі қолға бір күрек тапты. Сондай-ақ, өңірде жас кәсіпкерлер мен өнертапқыштардың өз жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін «Тәуелсіздік ұрпақтары» жастар гранттары конкурсына облыстық бюджеттен 12 миллион теңге бөлінген. Мұнымен қоса, «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы мыңдаған жас маусымдық еңбекпен қамтылып, еңбек тәрбиесін қалыптастыруға өз үлесін қосуда. Ал, облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы дарынды жастарды қолдауға және өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамаға айналды.

– Жаңа Конституция айқындаған қағидаттар – заң үстемдігі, әділеттілік, жауапкершілік және еңбек құндылығы – осы жобаның мазмұнымен толық үндеседі. Сондықтан жастардың табысты болуы – олардың жеке жетістігі ғана емес, еліміздің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің де маңызды кепілі. Алдағы уақытта да барлық серіктес мекемелермен бірлесіп, жастарды жұмыспен қамту, кәсіби бағдарлау, патриоттық тәрбие беру және қоғам белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. Өйткені, елге қызмет ету – мамандық емес, өмірлік ұстаным. Ал, Отанның өркендеуі – әрбір азаматтың адал еңбегі мен жауапкершілігінен басталады, – дей келе, Сабырхан Кенжебаев бұл көрсеткіштер жастарды жұмыспен қамту мәселесі тек статистикалық міндет емес, әрбір жас азаматтың өмірлік бағытын айқындайтын маңызды мемлекеттік саясат екенін баса айтты.

Жиында Ақмола облысының «Жастар ресурстық орталығы» жанындағы NEET санатындағы жастармен жұмыс және кеңес беру бөлімінің басшысы Шыңғысхан Елеш презентация сүйемелдеуімен атқарылған жұмыстардың жартыжылдық есебін ұсынды. Оның айтуынша, қолға алынған жобаның негізгі мақсаты – әскери борышын өтеп қайтқан жастардың білімі мен дағдыларын ескере отырып, олардың жұмысқа орналасуына көмектесу, әскери қызметке міндетті азаматтардың жаңа ортаға, қоғамға сіңісуіне қолдау көрсету, сондай-ақ, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын жеке дағдыларын дамыту. Бұл бастаманың негізі 2024 жылдың қаңтарында қаланып, алғашқыда құқық қорғау органдарымен бір жыл мерзімге бірегей ынтымақтастық меморандумына қол қойылса, 2025 жылдың басынан бастап аталған мекемелермен серіктестік байланыс 3 жылға ұзартылды. Жоба жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін оятып, Отанға қызмет ету – әрбір азаматтың қастерлі міндеті екенін нақты көрсетеді.

Жергілікті атқарушы органдар мен серіктес ұйымдардың қолдауымен үздіксіз жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Ақмола облысының барлық аудандары мен қалаларын толық қамтиды. Оның аясында құқық қорғау органдарымен бірлескен кездесулер, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері, ақпараттық сессиялар мен онлайн кеңестер жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Бастама Отан алдындағы борышын өтеп келген жастармен қатар, 18-27 жас аралығындағы NEET санатындағы жұмыссыз және оқуда жоқ жастарды, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттерін, сондай-ақ, мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызмет етуге ниетті азаматтарды біріктіретін маңызды алаңға айналған. Бұл орайда облыстың жастар ресурстық орталығы күні бүгін 7 әскери-техникалық және мемлекеттік мекемемен меморандум жасап, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының РҚБ филиалымен және өңірлік аумақтық қорғаныс батальонымен берік серіктестік орнатып үлгерді. Сонымен қатар, жобаның кең ауқымда насихатталуына облыстың жас көшбасшылары мен белсенділері, полиция, Ұлттық ұлан, әскери-техникалық училищелер мен «Жас сарбаз» ұйымының жас қызметкерлері, жас кәсіпкерлер, қалалық және аудандық жастар орталықтары белсенді ат салысуда. Оларға облыстық мәслихаттың депутаты Омар Шоназаров пен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің әскери кафедра бастығы Жанат Ережепов секілді тұлғалар қолдау көрсетіп, жастарға үлгі болып, құқықтық мәдениет пен «Елге қызмет – абыройлы міндет» идеясын кеңінен дәріптеп жүр. Жалпы жоба шеңберінде серіктес ұйымдармен дөңгелек үстелдер мен «Заң мен тәртіп» нарративі аясында өткізілген жүйелі кездесулер арқасында 245 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.

Аталған іс-шараға жоба бойынша жұмысқа тұрған жастар да арнайы қатысып, өз ойларымен бөлісті. Мәселен, жобаның пайдасын көрген №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Асылбек Шәріп әскери борышын өтеп келген жігіттер үшін бұл керемет мүмкіндік екенін айтса, осыдан екі жыл бұрын орталық ұйымдастырған жәрмеңкеге қатысып, жұмыс тапқан ҚР ІІМ Күзет қызметін бақылау комитетінің Ақмола облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция батальонының қызметкері, полиция кіші сержанты Әділ Ғарифолла мемлекеттік қызметтің қашанда мәртебелі екендігін жеткізіп, жастарды дұрыс таңдау жасауға шақырды.

Бүгінгі қорытынды көрсетіп отырғанындай, «Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасы жастардың бойында азаматтық жауапкершілікті, заңға құрметті, еңбекке адалдықты және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Жаңа Конституция айқындаған әділеттілік, заң үстемдігі, жауапкершілік және қоғамдық келісім қағидаттары осы жобаның мазмұнымен толық үндеседі. Елдің тұрақты дамуы – ең алдымен саналы, білімді, еңбекқор әрі жауапты жастардың қолында екені даусыз.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар