- Даладағы халықаралық көрме
Ақмола облысында еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі ең ірі іс-шаралардың бірі – Jańa Dala / Green Day-2026 халықаралық мамандандырылған көрме-демонстрациясы болып өтті. Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған мерейтойлық көрме Целиноград ауданында өтіп, озық технологияларды таныстыруға, тәжірибе алмасуға және агроөнеркәсіп саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған маңызды алаңға айналды.
Көрменің ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, дипломатиялық корпус өкілдері мен аграрлық қауымдастық мүшелері қатысты.
Көрменің ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген өңір басшысы көрменің Ақмола облысында өтуі кездейсоқ таңдау емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңір 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі мақсатқа нық қадам басып келеді. Бүгінде облыс рекордтық нәтижелерге қол жеткізіп, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,2 триллион теңгеге жетті. Сондай-ақ, соңғы онжылдықтардағы ең жоғары астық өнімі жиналды.
– Өңірде мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Ет кластері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мұндай нәтижелерге агроөнеркәсіптік кешенді жүйелі мемлекеттік қолдау мен өндірістің барлық кезеңіне инновацияларды енгізудің арқасында қол жеткізілді. Осы жаңашылдықтардың басым бөлігін фермерлер алғаш рет Jańa Dala / Green Day көрмесінде көріп отыр.
Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ауыл шаруашылығы саласына заманауи цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер кеңінен енгізілуде. Бұл жұмыстар саланың тиімділігін арттыруға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және стратегиялық міндеттерді орындауға бағытталған, – деді Марат Ахметжанов.
Саланың дамуына елеулі үлес қосқан ауыл еңбеккерлері де назардан тыс қалған жоқ. Олардың еңбегі мемлекеттік наградалармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Көрмеде әлемнің 26 елінен келген 200-ден астам компания өз өнімдерін ұсынып отыр. Сонымен қатар, 500-ден астам заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының үлгілері, агродрондар, роботтандырылған сүт фермалары таныстырылды. Қонақтарға аптап ыстықтан егінді қорғауға арналған инновациялық шешімдер мен егіншілік саласындағы өзге де заманауи технологиялар көрсетілді. Бағдарлама аясында далалық жағдайда техникалардың көрсетілімі, аграрлық форумдар, асыл тұқымды мал көрмесі, кәсіби жарыстар және мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір көрме өз ерекшелігімен дараланады. Биыл басты назар ауыл еңбеккерлеріне, әсіресе, малшылардың еңбегіне аударылған. Сонымен қатар, диалог алаңдарында өндірісті цифрландыру, мал шаруашылығын дамыту перспективалары және әрбір шаруа қожалығы үшін өзекті мәселелер кеңінен талқылануда. Айта кетерлігі, көрмеде еліміздің ең үздік тұқымдарынан іріктелген 80-ге жуық асыл тұқымды бұқа ұсынылған. Олардың ең ірілерінің салмағы бір тоннадан асады.
Нұресіл ауылы көрмені екінші жыл қатарынан қабылдап отыр. Іс-шаралар «Ақтық» агрофирмасы» АҚ аумағында ұйымдастырылған.
«Мұнда жаңа ауыл шаруашылығы техникалары, өсімдіктерді қорғау құралдары мен ветеринариялық препараттар кеңінен ұсынылған. Бұл біз үшін өте маңызды. Облыстан шықпай-ақ заманауи технологиялармен танысып, оларды өндіріске енгізуге мүмкіндік бар. Соңғы жылдары жаңа комбайндар мен техникалар сатып алдық. Бұған қоса, мемлекет тарапынан көрсетілетін субсидиялардың қолдауы зор», – деді «Ақтық» агрофирмасы» АҚ өндіріс жөніндегі директоры Петр Подоксенов.
Көрменің маңызын шетелдік қонақтар да жоғары бағалады. Франциядағы мал шаруашылығы саммитінің төрағасы Жак Шазале бірнеше жылдан бері француз аграршылары өздерінің озық әзірлемелерін ұсынып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық аграршылармен ынтымақтастықтың болашағы зор. Сондай-ақ, жемшөп өндірісіне арналған заманауи технологиялар әлем фермерлерінің ортақ сұранысына толық жауап береді.
Жыл сайын Ақмола облысының аграршылары мен шетелдік әріптестері арасындағы халықаралық ынтымақтастық нығайып келеді. Германия, Франция, Канада және басқа да елдердің өкілдерімен бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылған. Көрменің географиясы да жыл сайын кеңейіп келеді. Биыл алғаш рет Молдова өкілдері қатысуда. Бұл Ақмола облысының еліміздің аграрлық жүрегі ғана емес, ауыл шаруашылығындағы инновациялар мен озық технологиялардың халықаралық орталығына айналып келе жатқанын айқын көрсетеді.
- Тауарлық кредиттеудің алғашқы келісімдері
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Ерейментау ауданына жасаған жұмыс сапарының негізгі мақсаты мал шаруашылығы кластерін дамыту тетіктерін пысықтау болды.
Өңір басшысы «Жаңа-Береке-Репродуктор» ЖШС-нің бордақылау алаңында болды. Кәсіпорын өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ, 46,8 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабына иелік етеді және 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда мұнда 3,8 мың бас ірі қара мен 5 мыңға жуық қой өсірілуде. Кәсіпорын директоры Айдар Нығметов өңір басшысын шаруашылықтың өндірістік әлеуетімен, мал бордақылау жұмысының ұйымдастырылуымен және алдағы даму жоспарларымен таныстырды.
Шаруашылық жұмысымен танысу барысында кепілдік міндеттемелерінсіз, 50/50 қағидаты негізінде жүзеге асырылатын тауарлық кредиттеу бойынша алғашқы келісімдерге қол қойылды. Бұл тетікке сәйкес алынған төлдің жартысы якорлық кәсіпорынға қайтарылады, ал, қалған жартысы шаруашылықтың өзінде қалады. Осының аясында «Жаңа-Береке-Репродуктор» ЖШС, «Нұрали» ЖШС және «Береке 5» ЖШС-мен 200 бас қойды беру жөніндегі келісім-шарттарға қол қойып, өңірде якорлық кооперацияның жаңа моделін іс жүзінде енгізудің бастамасын жасады.
«Торғай» консорциумының жайылымдық алқаптарында облыс әкіміне бастапқы қуаттылығы 7,5 мың бас қалмақ тұқымды ірі қара өсіруге арналған, ал, 2030 жылға қарай аналық мал басын 22,5 мың басқа дейін ұлғайтуды көздейтін екі жоғары технологиялық асыл тұқымды репродуктор құру жөніндегі инвестициялық жоба таныстырылды. Бұл жоба өңірде қалыптастырылып жатқан экспортқа бағдарланған ет кластерінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады.
Сапар барысында «Торғай» ЖШС мен «SeletaAgroInvest» ЖШС арасында 150 бас қалмақ тұқымды ірі қараны беру жөніндегі алғашқы тауарлық кредит шартына да қол қойылды.
Марат Ахметжанов, сондай-ақ, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы саналатын «Қарағайлы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Кооператив 2025 жылдың мамыр айында 100 саулық қой сатып алуға жеңілдетілген несие алған болатын. Бүгінде шаруашылықтағы қой саны үш есеге жуық артып, 280 басқа жетті.
– Осындай шағын болғанымен, тиімді дамып келе жатқан шаруашылықтар – ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелілігінің айқын дәлелі. Мал басын кезең-кезеңімен көбейту ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы мен табысын арттырып, ауылдың кешенді дамуына оң ықпал етеді, – деді өңір басшысы.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

