Әкім – ел ішінде
Өткен аптада Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың аудандардың тұрғындарымен есепті кездесуі басталды. Жарқайың және Есіл аудандарында халықпен жүздескен аймақ басшысы жұмыс сапары барысында өңірлердегі бірқатар ірі ауыл шаруашылығы және әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігін пысықтады.
ЖАРҚАЙЫҢ. Бұл аудан Ақмола облысының ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған маңызды өңірлерінің бірі. Жалпы аумағы 12,1 мың шаршы шақырымды құрайтын ауданда бүгінде 11,3 мыңнан астам халық тұрады. Өңір негізінен астық өндірісіне, мал шаруашылығына, аграрлық техникаларды жөндеуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдеуге маманданған.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша аудан экономикасы оң серпін көрсетті. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2 миллиард теңгеге жуықтап, нақты көлем индексі 105,5 пайыздан асты. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі жоғары көрсеткішке ие болды. Аграрлық салада да өсім бар. Жалпы ішкі өнім көлемі 3,5 миллиард теңгені құрады. Ауданда ірі қара, жылқы және ұсақ жандықтар саны артып, ет, сүт және жұмыртқа өндірісі молайды.
Тасөткел ауылында орналасқан «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірдегі іргелі қожалықтардың бірі саналады. Шаруашылық бидай, арпа, зығыр өсірумен қатар, суармалы жерлерде азықтық дақылдар мен көкөніс өсіруді де қолға алған. Аймақ басшысы сапар барысында аталған серіктестіктің егіс алқаптарын, заманауи тауарлы-сүт фермасын және сүт өңдеу зауытын аралап көрді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Біз сүт-тауар фермаларын салуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және заманауи технологияларды енгізуге инвестиция салатын шаруашылықтарға қолдау көрсетіп келеміз. Мұндай жұмыстың табысты үлгілерінің бірі – Ерейментау ауданындағы «Игілік» және «Береке» бағдарламалары аясында жеңілдетілген несиелеу тетіктерін іске асырып отырған кәсіпорындар. Ақмола облысы осы қолдау тетігін алғаш болып енгізген өңір болды. Осындай бастамалардың арқасында заманауи өндірістер дамып, азық-түлік қауіпсіздігі нығайып, жаңа жұмыс орындары ашылуда, – деді Марат Ахметжанов.
Тәулігіне 3 мың литрге дейін сүт өнімдерін өңдейтін зауыт неміс құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған. Мұнда өндірілетін сүт, қаймақ, майсыз сүзбе, сарымай, ірімшік пен құрт Державинск, Арқалық, Есіл, Көкшетау және Астана қалаларының нарығына шығарылады.
Аудан орталығы Державинск қаласында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалар іске асырылуда. Сапар аясында қалада жаңадан ашылған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысы таныстырылды. Ғимаратта аға буын өкілдері үшін спорттық секциялар, фитнес, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ залы және тігін ісі шеберханасы қарастырылған.
Сонымен қатар, балаларға қосымша білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. Өңір басшысы 112 оқушы білім алып жатқан Балалар музыка мектебі мен 3D модельдеу, робототехника және қолөнер кабинеттері бар Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында болды.
Қаладағы баспана мәселесін шешу де қарқынды жүргізіліп жатыр. «Молодежный» мөлтек ауданындағы №17 және №19 көппәтерлі тұрғын үйлерді реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба аясында қос үйдегі 120 пәтердің басым бөлігі сатылып алынып, халыққа берілуге дайындалуда. Бұған қоса Державинск қаласындағы теміржол станциясын реконструкциялау жобасы қолға алынып, бекет аумағын көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жарқайың және Есіл аудандары үшін ең ауқымды жобалардың бірі – Есіл өзенінде контррегулятор салу жоспары. ҚР Су саласын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асатын бұл жоба су тасқынының алдын алуға және су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған.
Жоба аясында су астында қалу қаупі бар елді мекендердің тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға, яғни, Пришимка және Кенское ауылдарына көшіру қарастырылған. Ол үшін жаңадан 385 тұрғын үй салынып, мектептер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, полиция мен пошта бөлімшелері және өзге де инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым толық тартылады.
Жарқайың ауданында тұрғындармен өткен жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалар мен агроөнеркәсіптік кешенді өркендетуге бағытталған өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Жиын барысында жергілікті тұрғындар мен шаруашылық басшыларына Жарқайың ауданының болашағына қатысты маңызды шешімдер хабарланып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар сараланды.
Ең әуелі өңірде бой көтерген Белсенді өмір сүру орталығы мен жастарға арналған өнер мектебінің бір ғимаратта орналасуы – ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың бірегей үлгісі болып отыр. Аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізіп, жастарға өнеге көрсетуі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге зор септігін тигізеді. Сонымен бірге, конституциялық реформалардан кейін елімізде басталған оң өзгерістер өңірлік ірі жобаларды іске асыруға жол ашты. Соның бірі – ұзындығы 81 шақырымды құрайтын Үлкен Есіл су қоймасының құрылысы. Бұл стратегиялық нысан Жарқайың мен Есіл аудандарының инфрақұрылымын түбегейлі өзгертіп, туризм мен балық шаруашылығын дамытуға жаңа қарқын береді. Жарқайың өңірінде заманауи мектептер, медициналық пункттер мен спорт залдары бар жаңа үлгідегі ауылдар бой көтеретін болады.
Ауыл шаруашылығы саласына тоқталатын болсақ, еліміздегі ең ірі астықты өңірлердің бірі саналатын Жарқайың диқандарына жеңілдіктер көлемі артып келеді. «Кең дала» бағдарламасы бойынша берілетін жеңілдетілген 5 пайыздық несие қаржысы биыл Ақмола облысы бойынша 128 миллиард теңгеге жетті. Несиені қайтару мерзімі өнімді қыс айларында тиімді бағамен сатқаннан кейін қайтаруға ыңғайластырылуда. Бұған қоса Жарқайың шаруалары арзандатылған жанар-жағармаймен және тыңайтқыштармен қамтамасыз етіледі. Егіс алқаптарын диверсификациялау аясында майлы дақылдар көлемі едәуір артып, Еуроодаққа экспорттау мүмкіндіктері қарастырылған. Кешенді реформалар мен мемлекеттік қолдау Жарқайың ауданы тұрғындарының да әл-ауқатын арттыруға берік негіз қалайды.
ЕСІЛ. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ауданға жұмыс сапары барысында осы қаладағы теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында іске асырылуда. Мұнда теміржол вокзалы жаңғыртылып, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жаңартылды.
Қазіргі таңда вокзал ғимараты толық қалпына келтірілді. Инженерлік желілерді тарту және ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Реконструкция аяқталғаннан кейін вокзал заманауи жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділік талаптарына толық сәйкес болады.
Жоба аясында балаларымен бірге жол жүретін транзиттік жолаушыларға арналған бөлме, алғашқы медициналық көмек көрсету кабинеті, қолжетімділікті бақылау жүйесімен жабдықталған әкімшілік аймақ қарастырылған. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Вокзалда Брайль қарпімен жасалған мнемосызбалар, дыбысты күшейту жүйесі және жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға арналған көтергіш орнатылады.
– Вокзалды жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бүгінде Ақмола облысында жаңғыртудан өткен бес теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 11 вокзалды реконструкциялап, пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді Марат Ахметжанов.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі өткен жылы күрделі жөндеуден өткен Есіл қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне де барды. Облыс әкімі жаттықтырушылармен және жас спортшылармен кездесіп, мектеп ұжымына жаңа шағын автобустың кілтін табыстады. Жаңа көлік тәрбиеленушілерді жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына және басқа да спорттық іс-шараларға қауіпсіз әрі жайлы жеткізуге мүмкіндік береді.
Жаңғырту нәтижесінде жас спортшылар үшін футбол, баскетбол, волейбол, күрес, ушу-саньда, үстел теннисі және бокс секцияларында жаттығуға қолайлы жағдай жасалды. Мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды. Нұрлыхан Әбілғазин мектепте тоғыз жылдан астам уақыттан бері бокс жаттықтырушысы болып еңбек етеді. Осы уақыт ішінде ол үш спорт шеберлігіне кандидатты дайындап, шәкірттері республикалық жарыстарда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды. Спорт кешенін аралаған аймақ басшысы келесі кезекте Есіл тұрғындарымен кездесті.
– Бүгін біз Есіл ауданына халықпен кезекті кездесуге келдік. Негізі, мен осыдан екі ай бұрын осында болып, көктемгі егіс науқаны кезінде кездесу өткізген едім. Біз аграршыларымызбен және басқа да өндіріс өкілдерімен жиі кездесіп, өзекті мәселелерді талқылаймыз, тиісті шаралар қабылдаймыз. Яғни, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жұмыс істеп тұр. Өйткені, сіздермен тұрақты жүздесудің арқасында сұраныстарыңызды Үкіметке де, Мемлекет басшысына да жеткізіп отырмыз. Бұдан нақты оң өзгерістер бар. Жалпы, бүгін Есіл ауданының еңбеккерлеріне алғыс айтқым келеді. Өткен жылы кездескенімізде алдымызға жақсы міндеттер қойған едік. Былтырғы маусым Есіл ауданының аграршылары үшін өте сәтті болды. Сіздер Отанымыздың қамбасына 600 мың тоннадан астам сапалы өнім жинап бердіңіздер. Ақмола облысының экономикасын дамытуда аудан орны ерекше әрі айқын. Сондықтан, осы үшін сіздерге тағы да алғыс білдіремін. Ауыл шаруашылығы бойынша соңғы үш жылда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. 2023 жылы теңгемен есептегендегі жалпы көлеміміз шамамен 690 миллиард болса, 2025 жылы ауыл шаруашылығы үлкен серпіліс беріп, облыстың бұл саладағы көрсеткіші 1 триллион 200 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш екі есеге жуық өсті деген сөз. Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін екі есеге арттыру міндетін қойған болатын, біз бұл межеге, негізінен, 2025 жылы-ақ қол жеткіздік. Бірақ, алда әлі де үлкен міндеттер тұр. Ауыл шаруашылығына беріліп жатқан мемлекеттік қолдауды көріп отырсыздар, бұрын мұндай қолдау болмаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен ауыл шаруашылығына 1 триллион теңгеден астам қаржы бағытталуда. Оның 254 миллиард теңгесін Ақмола облысы алды. Бұған қолдаудың барлық түрі кіреді. Өткен жылы біз «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген кредит түрінде 118 миллиард теңге алдық, – деді облыс әкімі. – 2025 жылы өнімнен 700 мың тоннадан астам астықты Испания, Италия, Данияға экспорттадық. Сіздердің астықтарыңызға Еуроодақта сұраныс жоғары.
Мұнымен бірге, облыс әкімі мал шаруашылығына да тоқталып, осы саладағы істің жайын да пысықтады.
Кездесу барысында белгілі болғанындай, аудандарды кешенді дамытуға бағытталған бұл бастамалар аймақтың экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға берік негіз қалайды деген үміт бар. Кездесуде тұрғындар аймақтың жеткен жетістіктеріне игі тілектерін білдіріп, кей мәселелер бойынша өз пікірлерімен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін білдірді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

