Тарихы бүгіннен басталған болашақтың шаһары

Қосшы қаласының бес жылыдығына орай, оған газ тарту жобасы толық аяқталды

Қосшы қаласының 5 жылдық мерейтойына орай, тұрғындар үшін елеулі әрі тарихи оқиға орын алды. Шаһар тұрғындары көгілдір отынмен толық қамтылды. «Сарыарқа» магистральды газ құбыры желілерінің екінші және үшінші іске қосу кешендері ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл жоба қаланы толықтай табиғи газбен қамтамасыз етуге жол ашады. Салтанатты іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев және өзге де лауызымды тұлғалар қатысты.

Іс-шара аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қосшы қаласына кіреберісте орналасқан блокты газ реттеуіш пунктіне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Ақмола облысын газдандыру аясындағы бұл ірі инфрақұрылымдық жобаның жалпы құны 11,1 миллиард теңге. Бұл – Қосшы қаласының 112 мың тұрғынын, яғни, халықты 100 пайыз орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесіне қосуға толық мүмкіндік береді. Іс-шара барысында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Ержан Балабеков баяндама жасап, жобаның техникалық мүмкіндіктері мен тұрғындарды газға қосу алгоритмін егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Табиғи газдың келуі қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына және коммуналдық инфрақұрылымның дамуына соны серпін бермек.

– Жоба аясында 400 шақырымнан астам газ тарату желілері салынып, бір блокты және 43 шкафтық газ реттеу пункті орнатылды. Бұл Қосшы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратын маңызды инфрақұрылымдық жоба, – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Ержан Балабеков.

Қосшы қаласын газбен қамту үшін ауқымды құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 408,7 шақырым газ құбыры тартылып, 1 блокты газ реттеуіш пункті мен 43 шкафты газ реттеуіш пункті орнатылды. Еске сала кетейік, газдандыру жобасының бірінші іске қосу кешені 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген болатын. Ал, бүгінде екінші және үшінші іске қосу кешендерінің құрылысы толықтай аяқталып, ресми түрде іске қосылды.

– Құрметті қала тұрғындары, қадірлі жерлестер, қала қонақтары! Баршаңызды Қосшы қаласының бес жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! 2021 жылы көпшіліктің тілегі қабыл болып, жаңа жас шаһар Қосшы қаласы пайда болды. Бүгін бір ел, бір халық болып, даму қарқыны асып, әсем, гүлденген қаламыздың мерейтойын атап өтудеміз. Халық үніне құлақ асқан Президентіміз осыдан бес жыл бұрын тағдыршешті шешім қабылдап, өз Жарлығымен Қосшыға қала мәртебесін берді. Бүгінде Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқасында еліміздегі ең жас қалалардың бірі күннен-күнге дамып, көркейіп келеді. Осы жылдар ішінде қалада көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар ашылды. Елді мекенді таза ауыз сумен қамтуға, абаттандыруға, тұрғындарға жайлы жағдай жасауға бағытталған басқа да маңызды жобаларды іске асырып жатырмыз. Жоспарға сәйкес алдағы уақытта мұнда әлеуметтік тұрғын үй, коммуналдық инфрақұрылымдарды дамытуға, инженерлік желілерді жаңғыртуға, өнеркәсіп пен экономикалық мәселелерге ерекше көңіл бөлінеді. Қаланы газдандыру жұмысын бүгінде толық аяқтадық. Екінші, үшінші кезеңге газ беріліп, бүгінгі осы қала тойына Қосшы қаласы толық газдандырылды. Жаңа үйлер, саябақтар мен скверлер, қоғамдық кеңістіктер, жаңа әлеуметтік және өндірістік нысандар пайда болды. Одан бөлек басқа да көптеген жобалар іске асырылатын болады. Ардақты ағайын! Бес жылдық мерейтой – жаңа үміт пен жарқын жоспарлардың бастауы. Қала дамуына үлес қосып келе жатқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Ел бірлігі нығайып, ортақ еңбек нәтижесі еселене берсін! Әділетті, қуатты, қауіпсіз, таза әрі озық ел құру жолында сәттілік пен толағай табыс, шаңырақтарыңызға бақыт пен шаттық, құт-береке тілеймін. Қаламыз гүлденіп, өркендей берсін. Қосшы қаласының бес жылдық мерейтойы құтты болсын! – деді Марат Ахметжанов.

Еске сала кетейік, газдандыру жобасының бірінші кешені 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген болатын. Бүгінде 112 мыңға жуық тұрғыны бар Қосшы қаласы толықтай орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесімен қамтылып отыр. Бұл – қаланың алғашқы бес жылдағы инфрақұрылымдық дамуының маңызды нәтижелерінің бірі. Бес жыл негізінен тарих үшін өте бір қысқа мерзім болғанымен, жас қала үшін үлкен белес.

Бұдан бөлек, Қосшыда «VIAMEDIS» көпбейінді ауруханасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өңірдегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Осы орайда, «VIAMEDIS» ЖШС көпбейінді ауруханасының құрылыс алаңына арнайы аралау ұйымдастырылып, маңызды нысанның тыныс-тіршілігі таныстырылды. Жаңа медициналық кешен заманауи талаптарға толық сай келетін еңселі де еңбекке қолайлы нысан болмақ. Атап айтқанда, емдеу мекемесі 350 төсек-орынға арналған стационарды және ауысымына 1000 адамды қабылдай алатын емхананы қамтиды. Бұл жобаның басты ерекшелігі – тек медициналық қызмет көрсетумен шектелмей, мамандарға да жайлы жағдай жасауында. Емдеу мекемесінің аумағында медициналық персоналға арналған 96 пәтерлік екі тұрғын үй және алыс ауылдардан келетін науқастар мен олардың жақындарына арналған пансионат құрылысы қарастырылған.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 30 миллиард теңгені құрайды. Осынша ауқымды қолдау өңірдегі медициналық инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, медициналық кешен толық іске қосылған кезде жергілікті тұрғындар үшін 956 жаңа жұмыс орны ашылады.

– Ғимарат небары бір жарым жылда салынып болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келгенде осындай заманауи емхана мен аурухана болсын деп тапсырма берді. Құрылыс жұмысын 2024 жылы тамыз айында Президент тапсырмасымен бастадық. Бұл емхана биыл 1 қаңтардан бастап жұмыс істеп жатыр. Осы жерде салтанатты түрде бәріміз ашқан болатынбыз. Енді жаңа көрдіңіздер, 60 орындық профилакториясы бар. Мұнда алыстан, ауылдан, Қорғалжыннан, тағы басқа шалғай жақтан жерден келгенде ертіп келген адам сол жерге барып, пансионатта тұрады, – деді аймақ басшысы.

Жағымды жаңалықтар легі мұнымен аяқталмақ емес. Аталған денсаулық сақтау мекемесіне білікті де, білімді мамандарды тарту үшін бір жүз пәтерлік қызметтік үй қарастырылған.

Заманауи емдеу кешенінің пайдалануға берілуі өңірдегі медициналық қызметтің сапасын арттырып, халыққа жедел де жоғары технологиялық көмек көрсетуге үлкен серпін береді. Мерейтой күні басқа да салтанатты мерекелік іс-шаралармен жалғасты. 5 жылдыққа арналған концертте «МузАРТ» тобы, Еркеш Хасен, Кәмшат Жолдыбаева және өзге де эстрада әншілері өнер көрсетіп, ашық аспан астында халықты өз өнерлерімен сүйсінтті.

Жалпы, Қосшы жаңа серпінмен қарқынды дамып келеді. Қаланың бес жылдық мерейтойы еліміз бен халқымыз үшін тарихи сәтпен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз жаңа Конституцияны қабылдап, кезекті тарихи кезеңге қадам басты. Қабылданған Ата Заң аясындағы өзгерістер барлық саланы қамтып, елімізді, халқымызды жаңа жетістіктерге жетелеуге тиіс. Алдағы уақытта бұл іске қосшылықтар да өз үлесін қосады. Құт қонған Қосшы әлеуеті мол, жаңа мүмкіндіктер мен дарынды адамдар мекені, болашағына кәміл сенген қала болатынына біз қалтқысыз сенеміз.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар