Құрылтай депутаттарын сайлау бірнеше маңызды кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің өз орны мен маңызы бар. Олардың заң талаптарына сай өткізілуі сайлаудың ашық, әділ және заңды өтуіне негіз болады.
Алдымен саяси партиялар өздерінің партиялық тізімдерін ұсынып, тіркеуден өтеді. Осыдан кейін үгіт-насихат кезеңі басталады. Бұл уақытта партиялар өз бағдарламаларын таныстырып, халыққа алдағы жоспарлары мен мақсаттарын түсіндіреді.
Үгіт-насихат аяқталған соң тыныштық күні жарияланады. Бұл күні ешқандай саяси үгіт жүргізілмейді. Оның басты мақсаты – сайлаушыларға ешқандай ықпалсыз, өз таңдауын еркін әрі саналы түрде жасауға мүмкіндік беру.
Сайлаудың ең маңызды кезеңі – дауыс беру күні. Дәл осы күні азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, жаңа Құрылтайдың құрамын қалыптастыруға қатысады. Әрбір берілген дауыс – еліміздің ертеңіне қосылған үлес.
Сайлаудың барлық кезеңі заң талаптарына сай өтуі қоғамның сайлау нәтижесіне деген сенімін арттырады және оның заңдылығын қамтамасыз етеді.
Алдағы Құрылтай депутаттарын сайлау – еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиға. Бұл сайлау нәтижесінде жасақталатын жаңа өкілді орган заң шығару қызметімен қатар, халықтың пікірін, ұсынысы мен талап-тілегін мемлекеттік деңгейде жеткізуге қызмет етеді.
Сондықтан, әрбір азаматтың дауысы маңызды. Еліміздің болашағы – өз қолымызда. Ол біздің белсенділігімізге, жауапкершілігімізге және саналы таңдауымызға байланысты. Біз қандай мемлекетте, қандай қоғамда өмір сүргіміз келетінін бүгінгі таңдауымыз арқылы айқындаймыз.
23 тамыз – жай ғана сайлау күні емес. Бұл – еліміздің болашақ даму бағытына ықпал ететін маңызды күн. Сондықтан, бұл саяси науқанға бей-жай қарамай, азаматтық ұстанымымызды білдіріп, өз таңдауымызды жасайық.
Гүлнар МАДИЕВА,
Медиация кеңесінің төрайымы,
кәсіби медиатор-тренер.
![]()

