Бірінші шақырылымдағы Құрылтай сайлауы да жақындап қалды. Қазіргі заңнамалық талапқа сәйкес дауыс беру барысында бес жылдық өкілеттік мерзіміне еліміздің жаңа бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтайдың 145 депутаты сайланбақшы.
Аталмыш сайлау тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері Қазақстанда өтетін оныншы парламенттік сайлау, әрі биылғы жылы қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясына сәйкес құрылған Құрылтайға алғашқы сайлау болмақ. Конституциялық өзгерістер 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енгеннен кейін Құрылтай Қазақстан Республикасының екі палаталы Парламенттің орнын басып отыр.
Жалпы тарихқа үңілсек, Қазақ тарихында құрылтайлар ел тағдырын шешетін маңызды жиын болған. Құрылтай – елге, қоғамға немесе ұйымға қатысты маңызды мәселелерді шешу үшін жиналатын жоғары басқосу, халықтық жиын немесе кеңес. Бұл көне түркі дәуірінен бастау алған мемлекет басқару ісінің дәстүрлі институты екенін білеміз. Мағынасы «құрылу», «жиналу», «ортақ кеңес» дегенді білдіреді. Ол мемлекеттік маңызы бар тағдырлы мәселелер, айталық, хан сайлау, соғыс пен бітім, жер дауы және елдің маңызды заңдарын қабылдайтын ең жоғары жалпыхалықтық жиын. Өткен дәуірдегі Талас, Қарақұм, Ордабасыдағы құрылтайлар осының дәлелі. Ал, енді қазіргі уақытта Құрылтай – партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің немесе ұйымдардың басты съезі болып отыр.
Алдағы құрылтай осы тарихи дәстүрді жаңа мазмұнмен жалғастырып, демократиялық қоғамдағы қоғамдық пікір алмасудың заманауи үлгісіне айналып келеді. Сәуір айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездескенде: «Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені, партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек» деп еді.
Қазір осынау саяси науқанға дайындық қызу жүріп жатыр. Қарап отырсақ Құрылтай сайлауы – қоғамдық келісім мен бірліктің, келешек пен тұрақты дамудың негізі деп айтуымызға болады. Бұл маңызды саяси науқан азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және елдің дамуына қатысты өз таңдауын жасауына мүмкіндік береді. Қаншама сыннан, өзгерістерден өттік, біршама жетістіктерге жеттік, әлі де талай асу тұр, осы бір саяси науқанды өткізіп алсақ, тарихтың жаңа бір бетін ашпаймыз ба.
Кез келген сайлау – еркін, азат, демократиялық қоғамның басты құндылықтарының бірі. Оның ашық, әділ әрі заң талаптарына сәйкес өткізілуі қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтады. Адамдарда сенім ұялайды, билікке деген құрметі өседі, сондықтан сайлау науқаны барысында заң талаптарын сақтау, ресми ақпаратқа сүйену және әрбір азаматтың сайлау мәдениетін қалыптастыру ерекше маңызға ие. Бұл жерде біздің саяси мәдениетіміз де сынға түспекші, осыны да ескеру қажет, ол үшін әрине сауаттылық, ағарту-ақпарат жұмыстары жоғары деңгейде өтуі шарт. Құрылтай сайлауы аясында сайлаушыларға қажетті ақпарат кеңінен түсіндіріліп, олардың құқықтары мен міндеттері жөнінде ақпараттық жұмыстар кеңінен жүргізілсе, бұл өз кезегінде тұрғындардың сайлау үдерісіне саналы әрі жауапкершілікпен қатысуына ықпал етуі сөзсіз.
Жалпы, алдағы сайлау қарапайым сайлаушыларға не бермекші? Ол- әркімге өз таңдауын жасау құқығын, мемлекеттік басқаруға қатысуға мүмкінкін беріп, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, әртүрлі көзқарастардың ескерілуіне жағдай жасайды әрі демократиялық құндылықтарды нығайтады және еліміздің болашағына ықпал етуге мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтсақ, сайлау – әр азаматтың елдің болашағына өз үлесін қосатын конституциялық құқығы әрі азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Белсенді азаматтар көбейген сайын, қоғамның сұраныстары мемлекеттік шешімдерде көбірек ескерілуіне мүмкіндік артады. Азаматтар мен қоғамдық ұйымдар неғұрлым белсенділік танытса, қоғамның ішкі-сыртқы құрылымы да соғұрлым мазмұнды, сапалы, ашық, әділетті болады.
Әрбір азаматтың таңдауы – елдің ертеңіне қосқан үлесі. Сондықтан, алдағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысу, заң талаптарын құрметтеу және азаматтық жауапкершілікті жоғары қою – баршамызға ортақ міндет!
Біз жай ғана дауыс беріп қоймаймыз, ертеңгі ел тағдырына өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын.
Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, профессор,
тарих ғылымдарының кандидаты.
![]()

