Жаңа қоныс тойлары, жаңа мәдениет үйі

Әкім – ел ішінде

Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласының 57 тұрғыны баспаналы болды. Тұрғындарды құттықтау үшін облыс әкімі Марат Ахметжанов арнайы келіп, құтты қоныс иелеріне жаңа пәтерлердің кілттерін тапсырды.

Пәтер кілттеріне ие болғандар – көпбалалы аналар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен өзге де әлеуметтік осал топ өкілдері. Аудандағы бұл қоныс тойы еліміздегі елеулі тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Халқымызға баянды бағыт сілтер жаңа Конституциямыз 1 шілдеде қабылданған болатын. Жаңа реформаларға толы кезеңде мемлекет Конституцияда көрсетілген халық алдындағы міндеттемелерін тиісінше орындап, тұрғындарға жағдай жасауда.

–Бүгін біз  сіздерге жақсы іс-шарамен келіп отырмыз. Дана халқымыз «Баспана – бақыт кілті» деседі. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Бұл еліміздің Президентінің бастамасы. Жуырда ғана Жаңа Конституциямыз қабылданды. Осы орайда, Бұланды ауданының тұрғындарына алғысымды білдіргім келеді. Негізгі Заңымызда Қазақстан әлеуметтік мемлекет деп бекітілген. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз ол мұқтаж топтарға мемлекет тарапынан әрқашан да көмек болады деген сөз, – дей келе, аймақ басшысы тұрғын үйдің құрылысын абыроймен атқарып шыққан мердігерлерге алғысын жеткізді.

Реновация бағдарламасы – бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойып отырған тапсырмасы. Мұндағы мақсат тұрғындарға тозған, ескі үйлердің орнына жаңа баспана беру.  Бұл тапсырма Ақмола облысында өз деңгейінде жүзеге асырылып жатыр. Өзге өңірлерге үлгі боларлық жылдамдықпен тұрғын үй құрылысы саласы қарқынды жұмыс істеуде. Өңіріміздің 8 ауданында тұрғын үйлер бой көтеріп, мұқтаж топ өкілдері баспаналы болып отыр. Ол өте қуанарлық жағдай.

– Мен екі мүгедек бала өсіріп отырған анамын. Тұрғын үй кезегінде 8 жыл тұрдым. Негізі кейбір азаматтар 10-15 жылдап күтеді екен, ал, бізге 8 жылдың ішінде осылай тездетіп пәтер беріп жатқанына өте қуаныштымын. Шексіз ризамын, қуанышымда шек жоқ. Балаларым да қатты қуанып жатыр. Аудан, облыс әкімдігіне алғысымды білдіремін. Мамандығым бойынша аспазбын. Өкінішке орай, екінші баламның денсаулығы сыр  берген соң жұмыстан шығуыма тура келді. Оны арнайы инклюзивті кабинеттерге тасу, үйде арнайы мұғалімдердің оқытуын қадағалау қажет болды. Үлкен қызым 9-сыныпқа көшті, ол мектепке барады, ал, кіші ұлым 3-сыныпқа өтті, ол үйде білім алады. Жаңа баспана маған жаңа күш-жігер сыйлады. Алда үлкен мақсаттарым бар. Осы шаңыраққа жаңа береке келеді деп сенемін. Енді ағайын-туыс, бауырларымды қуанышпен қонаққа күтемін, – деді Әсел Жәкенова.

Макинскіде әлеуметтік осал топтағы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын таппақ. Өңір басшысы Бұланды ауданында тұрғын үйді сатып алу бағдарламасына ұсынылып отырған кезекті пәтерлердің құрылыс жайымен танысты. Мердігерлермен кездесу барысында жаңа тұрғын үй құрылысының қарқыны, баға белгілеу саясаты және халықтың әлеуметтік осал топтарын жаңа тұрғын үй кешендеріне біріктіру мәселелері талқыланды.

Жобаның экономикалық көрсеткіштері мен тұрғын үй бағасы да басты назарда болды. Жақын маңда басқа құрылыс нысандары болмағандықтан, бұл өңір үшін бірегей жоба болып табылады. Бүгінде пәтерлердің едәуір бөлігі сатылып кеткен. Оның ішінде бизнес өкілдері мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де пәтерлерді белсенді түрде сатып алуда. Бұл аудандағы сапалы тұрғын үйге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 15 пәтер сатып алуды жоспарлап отыр. Тұрғын үй кешенінің аумағында көгалдандыру, орындықтар, демалыс аймағы, балалар алаңқайы мен бейнебақылау болады. Аумақ толықтай жарықтандырылады, ал, аула өзге көліктер үшін жабық, оқшауланған болады.

– Бұл – менің алғашқы жеке бизнес-жобам, оны бастағаныма бір жыл болды. Коммерциялық жоба ретінде пәтерлерді жергілікті халыққа сату мақсатында салып едім. Нәтижесінде, әкімдік реновация бағдарламасы бойынша бұл үйден 15 пәтер сатып алды. Жалпы, бұл үйде 45 пәтер және ғимараттың алдыңғы бетінде орналасқан 4 коммерциялық орын бар. Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне не қажеттінің бәрі болады. Үйдің бірінші  қабатында дүкен, шаштараз, кофехана ашылады. Былайша айтқанда, барлық қолайлы жағдайы іші-сыртында. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Балалар алаңқайы, баспалдақ сүйеніштері сияқты азын-аулақ шаруалары ғана қалды. Жалпы үй пайдалануға берілді, тұрғындар ішкі жөндеу жұмыстарын бастап жатыр, бір айдан кейін көшіп келе бастайды. Пәтерлердің барлығы сатылып кетті, – дейді «Султыгов» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Адам Сұлтыгов.

Негізгі тұжырымдама – бір үйде мемлекеттік қызметшілердің, кәсіпкерлердің және көпбалалы отбасылардың қатар өмір сүруіне жағдай жасайтын инклюзивті орта қалыптастыру. Нысандардың дайындығына ерекше талап қойылады, тұрғындар бірден көшіп кіруі үшін пәтерлер толықтай ішкі жөндеуден өтіп тапсырылуы тиіс. Ал, іргелес аумақ балалар және спорт алаңқайларымен толық қамтамасыз етіледі.

Ауданның Вознесенка ауылында 800-ге жуық халық тұрады. Осындай ауылдың жастары мен қарттарына шахмат ойнап, жиналатын, ән айтатын, жастарына үйірмелерге қатысып, өз рухани қажеттіліктерін өтейтін орын керек еді. Енді жаңа Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – ауыл тұрғындары үшін көптен күткен маңызды оқиға. Өйткені, соңғы 20 жыл бойы ауылда өз мәдениет ошағы болмаған. Енді тұрғындарға шығармашылықпен де айналысуға, спортпен де шұғылдануға, түрлі мәдени және қоғамдық іс-шараларды өткізуіне арналған заманауи кеңістік пайда болды. Тұрғындарды осы қуаныштарымен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова арнайы құттықтады.

– Бұл балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға қолайлы мүмкіндіктер туғызып, мәдени және қоғамдық іс-шараларды жаңа деңгейде өткізуге жол ашады. Бұл нысан барлық буын өкілдерін біріктіретін маңызды мәдени орталыққа айналып, жастардың өз қабілеттерін жан-жақты дамытуына ықпал етеді, – деді ол.

Биыл көктемде пайдалануға берілген ғимарат шамамен екі жылда салынған. Бірнеше ай ішінде жиһаздары кіргізіліп, адамдар жинақталған. Бұған дейін шығармашылықпен айналысатын мұндай орталық болмаған. Балалар мен үлкендер спортпен шұғылдану үшін мектепке баруларына тура келетін. Әрине, бұл өз кезегінде спортшыларға ыңғайсыздық туғызатын. Міне, бүгін спортпен шұғылданушыларға да, жан-жақты жетілемін деушілерге де кең әрі көрікті орынның есігі айқара ашық. Жаңа кешенде мерекелік іс-шаралар мен түрлі мәдени жиындар өткізуге болатын 100 орындық көрермен залы бар. Сонымен қатар, киім ауыстыратын бөлмелермен, душ кабиналарымен және санитарлық тораптармен жабдықталған спорт залы бар. Ғимараттың ауласында заманауи балалар ойын алаңы салынып, автономды қазандық орнатылған.

– Осы Мәдениет үйінің қасында қазір бізде жаңа жұмыс орындары пайда болып, бірнеше адам жұмысқа қамтылды. Вахтер, техникалық қызметкер және өзім мәдени ұйымдастырушы ретінде орналастым. Ғимарат ашыла салысымен, біз мұнда би үйірмелерін ашып үлгердік, енді әжелер хорын жинақтауды жоспарлап отырмыз. Ауыл халқы өте қуанышты, өзім де дән ризамын. Сондай-ақ, жасы үлкен әйелдерге арнап үйірме ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, сондай-ақ, облыс әкімі Марат Мұратұлына үлкен алғыс білдіреміз. Ел-жұрт дән риза. Олар сіздерге әлі талай жылдар бойы алғыс айтады деп ойлаймын. Екі би үйірмесі жұмыс істеп тұр, – дейді мәдени клубтың жетекшісі Диана Зенькова. Би үйірмелеріне қазірдің өзінде 30-дан астам бала келіп жүр. Ал, үлкен буынды айтар болсам, 150–200 адам үнемі тартылады деп ойлаймын. Бұрын кітапхана тек мектеп ішінде ғана болатын. Ал, қазір Мәдениет үйінде осындай үлкен әрі кең орын бар. Алғашқы күннен-ақ оқырмандар келіп жатыр, олар да дән риза. Бұдан бөлек, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған бірнеше спорт секциясы бар. Атап айтқанда, волейбол, футбол, теннис және шахмат үйірмесінде 50-ге жуық адам қатысады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа Мәдениет үйінің ашылуы Вознесенка ауылын көркейту жолындағы тағы бір маңызды қадам болды. Соңғы екі жылда ауылда су құбыры тартылып, жаңа көпір салынды, мектепке күрделі жөндеу жүргізілді және көшелерге жарықтандыру орнатылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің демеушілігімен өрт сөндіру бекеті салынып, өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. Осылайша, ауданға қарасты елді мекендер дамып, ілгері басып келеді.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар