Жолаушылар мен жүк тасымалын тең қамтамасыз етіп келеміз

2 ТАМЫЗ –  ТЕМІРЖОЛ КӨЛІГІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ

Теміржол саласы – жүктер мен жолаушыларды тасымалдауды, сондай-ақ, осы үдерісті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды, техникалық құралдарды және персоналды біріктіретін көлік жүйесі. Бұл сала әлем экономикасы мен қоғам үшін өте маңызды, себебі, ол ауқымды және тиімді логистиканы қамтамасыз етеді.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Ақмола магистральдық желі бөлімшесі» филиалы ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан ауқымды құрылым. Бөлімшеге қарайтын темір жолдардың негізгі пайдалану ұзындығы 1551, ал, жиынтық ұзындығы 2705 шақырым қашықтықты құрайды.

Транзиттік бағытта қызмет көрсететін бөлімшеміздің басты мақсаты магистральдық теміржол инфрақұрылымының үздіксіз әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету болып табылады.

Бөлімшеге қарасты теміржол станциялары Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының сондай-ақ, Астана қаласының аумағын қамтиды. Стратегиялық маңызға ие құрылым Ресей Федерациясымен екі мемлекетаралық түйіспе арқылы байланысады және Қостанай, Қарағанды, Павлодар магистральдық желі бөлімшелерімен шектеседі.

Инфрақұрылымдық көрсеткіштерге тоқталсам, Ақмола магистральдық желі бөлімшесінің құрамына 65 станция, 417 көпір, 113 теміржол өткелі кіреді. Бөлімшеде жалпы саны 7800 қызметкер еңбек етеді, жұмысшылардың орташа жасы 42 жасты құрайды.

Бөлімше құрамында өндірістік процестерді үздіксіз қамтамасыз ететін 29 құрылымдық бірлік жұмыс істейді. Олардың ішінде 4-еуі жол дистанциясы, 4-еуі жол кәсіпорны, 5-еуі сигнал беру және байланыс дистанциясы, 4-еуі электрмен жабдықтау дистанциясы, 2-еуі материалдық-техникалық жабдықтау базасы, 3-еуі қалпына келтіру пойызы, 5-еуі өрт сөндіру пойызы және вокзал шаруашылығы мен станциядағы қозғалысты басқару қызметкерлері секілді құрылымдар.

Ағымдағы жылы бөлімше бойынша теміржол инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған бірқатар маңызды жұмыстар жоспарланған. Биыл бөлімшеге қарасты аумақтарда 102 шақырымды құрайтын шойын жол бойына күрделі жөндеу жоспарланса, 10 шақырымға орташа жөндеу жүргізілуде. Темірбетон негізіндегі бұрылыстарда 85 жиынтық бұрма ауыстырылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда теміржол вокзалдарын қайта жаңарту және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыру бойынша елімізде 124 нысанды кешенді жаңарту басталған болатын, соның ішінде 14 вокзал біздің бөлімшеге қарасты станцияларда орналасқан. Баршаға белгілі, бұл бағдарлама жолаушыларға, оның ішінде жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға қолжетімділік пен жайлылық деңгейін арттыруға, сондай-ақ, навигацияны, қауіпсіздікті және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған. Вокзалдар басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеусіз пайдаланылып келген. Бүгінгі таңда жоспарланған 14 теміржол вокзалының 9-ы бүгінде қайта жаңартылып, пайдалануға берілді.

Бөлімшенің техникалық жай-күйі мен қызмет көрсеткіштері арнайы балдық жүйемен тұрақты бағаланады. Жартыжылдық қорытынды бойынша Жол, Сигнал беру мен байланыс және Электрмен жабдықтау шаруашылықтарының қызметі «жақсы» деген бағаға бағаланды.

Қазіргі уақытта Ақмола магистральдық желі бөлімшесінде жазғы жөндеу науқаны қызып тұр десе болады. Пойыздардың тығыз кестесіне, жолаушылар мен қала маңындағы қатынастардың жиілігіне қарамастан, инфрақұрылым мамандары «КТЖ-Жүк тасымалы» филиалымен тығыз байланыста жұмыс істеп, жоспарланған технологиялық «терезелерді» тиімді пайдалануда.

Биыл бөлімше бойынша Астана, Атбасар, Көкшетау және Жаңаесіл жол дистанцияларында жоғарыда атап өткенімдей, 102,1 шақырымды құрайтын теміржол желісіне күрделі жөндеу жоспарланды. Атап айтқанда, Көкшетау дистанциясында Уголки – Қарағай учаскесінде 25,1 шақырым жолға толықтай күрделі жөндеу жүргізілуде. Мердігер «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басшылығының бастамасымен алғаш рет 8 және 10 тәуліктік технологиялық «терезелер» қолданылды. Осы тиімді тәсілдің арқасында қысқа мерзімде барлық рельс-шпал торшалары 25 шақырымға толығымен төселіп, қазіргі уақытта инвентарлық рельстерді ұзын өлшемді түйіндерге ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Ал, Астана дистанциясында жоспарланған 40,5 шақырым жолдың 24,5 шақырымы жөнделді. Астана – Сороковая, Макинка станциясы және ОП/42 – Сороковая телімдерінде 19,3 шақырымнан астам жол жаңартылып, ұзын өлшемдерге ауыстырылуда. Елтай – Ақкөл және ОП/42 – Бабатай учаскелерінде де жөндеу қарқынды түрде жалғасып жатыр.

Бөлімше аумағында басқа да маңызды техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары қатар жүргізілуде. Жаңаесіл дистанциясы бойынша 10 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілуде. Бұрылыстардағы бұрмаларды ауыстыру бойынша 97 жиынтық бұрма орнату жоспарланса, бүгінде оның 70 жиынтығы төселді. 19 станциялық жолда ағаш шпалдар темірбетонға ауыстырылып, күшейтілген орташа жөндеу жүргізілді.

Өткен жылғы күзгі-қысқы және биылғы жазғы төсеу жұмыстарынан кейін 202 жұп түйін температуралық режимге келтіріліп, разрядталды. Осы атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Ақмола бөлімшесіндегі түйіссіз жолдардың үлесі 73 пайызға жетті.

Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, жүк және жолаушылар тасымалының жылдамдығын жеделдетуге жол ашады.

Ақмола магистральдық желі бөлімшесі бойынша 2026 жылдың алғашқы 6 айында Сигнал беру, орталықтандыру, бұғаттау және байланыс шаруашылықтары тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс режимін қамтамасыз етті. Бүгінде бұл шаруашылықтың бақылау құрылғылары 100 пайыз сенімді жұмыс істеп тұр деп ауыз толтырып айтуға болады.

Есепті кезеңде көпфункционалды техникалық құралдар кешені, жылжымалы құрамның рельстен шығып кетуін бақылау құрылғысы және өлшемді бақылау құрылғысы сияқты автоматты бақылау құралдарымен  пойыздар 390256 рет тексерілді. Құрылғылардың көрсеткіштері бойынша 191 пойыз тоқтатылып, тексерілгенде, барлық бақылау құралдарының дәлдігі мен сенімділігі 100 пайызды құрады. Бұл ретте, техникалық қызмет көрсету сапасы 110 балға бағаланып, Ақмола магистральдық желісі республика бойынша «өте жақсы» деген нәтиже көрсетті.

Қауіпсіздікті арттыру мақсатында Сороковая – Астана аралығында көпфункционалды техникалық құралдар кешенінің жаңартылған жиынтығы орнатылып, пайдалану сынақтарынан өтуде. Сондай-ақ, Қосшоқы станциясында жаңа дизель-генератор қондырғысы іске қосылып, барлық техникалық тексерістен сәтті өтті.

2026 жылдың алғашқы алты айында электрмен жабдықтау құрылғыларының қалыпты жұмысының істен шығуы бойынша 10 жағдай тіркелді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда тәуір көрсеткіш. Ақаулардың негізгі бөлігі контакт желісіне тиесілі болғанымен, электрмен жабдықтау жүйелері мен басқа да себептер бойынша бұзылыстар саны айтарлықтай азайды. Бөлімше бойынша контакт желісінің жай-күйі көрсеткіші 22,5 балды құрап, «өте жақсы» деген жоғары бағаға ие болды.

Электрмен жабдықтау құрылғыларының сенімділігін арттыру бойынша жылдық іс-шаралар жоспары бірінші жартыжылдықта 76 пайызға орындалды.

Электрмен жабдықтау нысандарын жаңғырту шаралары қарқынды жүргізілуде. ЭЧ-6 дистанциясында диспетчерлік аймақтардың  телемеханика және телебасқару құрылғыларын жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, жаңа вакуумдық ажыратқыштар орнатылды.Ал, ЭЧ-8 дистанциясында автобұғаттау желілерінің ақаулы бағандары ауыстырылды.

Бұған қоса, инвестициялық бағдарлама аясында жаңа АДМ автомотрисасы пайдалануға берілді. Бұл жаңа арнайы техника жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының жеделдігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Ақмола магистральдық желі бөлімшесінің 2026 жылдың I жартыжылдығында атқарған ауқымды жұмыстары теміржол инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен тиімділігін жаңа деңгейге көтерді. Түйіссіз жолдар үлесінің артуы, автоматика мен бақылау құралдарының  дәлдігі, вокзалдарды кешенді жаңғырту және электрмен жабдықтау жүйелерін еселеп жаңарту өңіраралық және транзиттік тасымалдардың үздіксіз іске асырылуын толық қамтамасыз етуге жол ашады. Бұл бағыттағы инфрақұрылымды жаңарту қарқыны ел экономикасының тұрақты дамуына тікелей серпін береді.

Осы сәтті пайдалана отырып, барша әріптестерімді, теміржол саласының ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, олардың әрқайсысының отбасына амандық, бақ-береке тілеймін. Ел, аймақ дамуы жолындағы еселі еңбектеріңіз жана берсін!

Дәурен ҚАБАС,
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының
«Ақмола магистральдық желі бөлімшесі» филиалының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар