Теміржол мыңдаған адамның маңдай тері, өлшеусіз жауапкершілігі мен адал еңбегінің жемісі. Әрбір сапардың қауіпсіздігі, әрбір жүктің уақытында жетуі теміржол саласында қызмет ететін мамандардың кәсіби шеберлігіне байланысты.
Осы бір жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқан ұжымдардың бірі «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Атбасар электровоз жөндеу зауыты.
Жарты ғасырға жуық тарихы бар бұл кәсіпорын бүгінде Қазақстандағы локомотив жөндеу саласының көшбасшы өндіріс орындарының біріне айналды. Зауытта электровоздар мен тартқыш агрегаттарға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп қана қоймай, олардың негізгі тораптары қайта қалпына келтіріліп, қажетті қосалқы бөлшектердің басым бөлігі өз цехтарында жасалады. Мұндай толық өндірістік цикл еліміздегі санаулы кәсіпорындардың ғана еншісінде.
Ақмола облысындағы ірі өнеркәсіп орындарының бірі саналатын Атбасар электровоз жөндеу зауыты бүгінде Қазақстандағы локомотив жөндеу саласының жетекші кәсіпорындарының қатарында. Мұнда заманауи технология мен көпжылдық тәжірибе ұштасып, жүздеген маманның кәсіби еңбегі тоғысуда. Атбасар электровоз жөндеу зауыты еліміздегі электровоздар мен тартқыш агрегаттарды күрделі және ағымдағы жөндеуді толық өндірістік цикл бойынша жүзеге асыратын бірегей кәсіпорын болып табылады. Зауытта ВЛ80, ВЛ40, ВЛ10, ВЛ11 сериялы электровоздар, тау-кен өнеркәсібіне арналған тартқыш агрегаттар, арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрам жөнделеді. Сонымен қатар, тартқыш электр қозғалтқыштары, доңғалақ жұптары мен локомотив жабдықтары қалпына келтіріледі.
Өндірістік базасы 23 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатқан кәсіпорында 150-ден астам станок пен технологиялық жабдық жұмыс істейді. Лазерлік металл кесу кешендері, сандық бағдарламамен басқарылатын станоктар, заманауи иілу қондырғылары өндіріс тиімділігін арттырып, жөндеу сапасын жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Өндірістік цехтарды аралаған адам ең алдымен, темірдің сартылы мен станоктардың үнін естиді. Бірақ, сол темірге жан бітіріп, қозғалысқа келтіретін адам қолы емес пе?.. Сондықтан, бұл зауыттың ең үлкен байлығы заманауи жабдықтар емес, осында еңбек етіп жүрген жүздеген білікті мамандар екендігі даусыз.
Бүгінде аталмыш кәсіпорында жеті жүзден астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың арасында тұтас ғұмырын теміржолмен байланыстырған еңбек әулеттері аз емес. Әкеден балаға, баладан немереге жалғасқан мамандыққа деген құрмет зауыттың қалыптасқан дәстүріне айналған екен.
Кәсіпорын тынысында өзіндік айшықты қолтаңбасы бар осындай өнегелі әулеттердің бірі Жаманбаевтар отбасы. Бұл әулеттің теміржолмен байланысы өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастау алады. Әулеттің үлкені Смағұл Жаманбаев 1940 жылдан 1958 жылға дейін Атбасар локомотив депосында отын қоймасының меңгерушісі болып еңбек етті. Ол кезде теміржол жұмысы бүгінгідей автоматтандырылмаған, әрбір істің артында адамның қажырлы еңбегі тұрған шақ еді. Смағұл ақсақалдың он сегіз жылдық адал қызметі кейінгі ұрпағына өмірлік үлгі болыпты. Әке көрген ұлдың еңбекке жақын болары заңдылық қой. Смағұл ақсақалдың ұлдары да теміржолшы мамандығын таңдап, осы бір қызықты мамандықтың ыстық-суығына төзуді өмірлік мақсат етіпті.
Осылайша, Смағұл ақсақалдың ұлы Сайдыл Жаманбаев Атбасар электровоз жөндеу зауытында 1983 жылдан 2024 жылға дейін табан аудармай еңбек етіп, қырық бір жылын өндіріске арнады. Бір адамның өміріндегі қырық жылдан астам уақыт тұтас бір дәуір емес пе? Осы жылдар ішінде кәсіпорын да жаңарып, оның технологиясы өзгерді. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар. Ол осындағы еңбек адамдарының өз ісіне деген адалдығы десек артық емес.
Одан кейінгі ұлдары Зарлық Смағұлұлы да осы ұжымда он үш жыл еңбек етсе, Сейфулла Смағұлұлы 1987 жылдан бері автоматтық цехта жылжымалы құрамды жөндеу жөніндегі слесарь болып еңбек етіп келеді. Бүгінде оның теміржолдағы еңбек өтілі отыз сегіз жылға жетіпті.
Жаманбаевтар әулетінің үшінші буыны да ата жолынан жаңылған жоқ. Мысал үшін айтар болсақ, Смағұл ақсақалдың немересі Тимур Сейфуллаұлы Жаманбаев теміржол саласында он бес жылдан бері еңбек етуде. Экиндер Смағұлұлы Жаманбаев жөндеу-дайындау цехында жұмыс істеп, он үш жылдық еңбек жолын қалыптастырды. Ал, Динара Зарлыққызы Жаманбаева бүгінде зауыт ұжымының белсенді қызметкерлерінің бірі.
Осының бәрін қосқанда, бұл жай ғана жүз жылдан асқан бір отбасының еңбек жолы емес, сондай-ақ, бірнеше буын бойы жалғасқан еңбекке деген, өз мамандығына деген адалдықтың, кәсібіне деген құрметтің және ұрпақ тәрбиесінің айқын көрінісі.
Зауыттың мақтанышына айналған тағы бір еңбек әулеті Косаревтар отбасы.
Әулеттің үлкені Петр Михайлович Косарев ұзақ жылдар Атбасар локомотив депосында паровоз, тепловоз және электровоз машинисі болып еңбек етті. Ол үшін машинист мамандығы жай кәсіп емес, өмірлік таңдау болғандай.
Әкесінің осы жолын ұлы Валерий Петрович Косарев лайықты жалғастырып, ол да отыз жылдан астам уақыт локомотив депосы мен электровоз жөндеу зауытында еңбек етіп, өндірістің өркендеуіне өз үлесін қосты.
Бүгінде әулеттің үшінші буынының өкілі Евгений Валерьевич Косарев та осы кәсіпорында еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, Дмитрий Владимирович Даниленко мен Сергей Валерьевич Косарев те ұзақ жылдар бойы осы ұжымның қалыптасуына өз үлестерін қосты.
Бүгінде Атбасар электровоз жөндеу зауыты өндірісті жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Заманауи технологиялар енгізіліп, жаңа жабдықтар орнатылуда. Жыл сайын күрделі жөндеуден өткен электровоздар еліміздің теміржол желілерінде сенімді қызмет атқаруда.
Дегенмен де, қандай техника келсе де, өндірістің негізгі күші адам екендігіне дау жоқ. Темірдің тілін табатын, күрделі механизмдердің жұмысын қалпына келтіретін де өз ісінің білікті мамандары.
Зауыт басшылығы жастарды қолдауға, тәжірибелі мамандардың білімін кейінгі буынға жеткізуге ерекше көңіл бөледі. Сондықтан, мұнда жас жұмысшы мен тәжірибелі шебер иық тіресе еңбек етеді. Бірі үйретсе, бірі үйренеді. Осылайша, кәсіпорындағы кәсіби сабақтастық үзілмей келеді.
Қазақта «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген нақыл бар. Бұл сөздің мәнін Жаманбаевтар мен Косаревтар әулетінің өмір жолынан анық көруге болады. Олар үшін теміржол жай ғана жұмыс орны емес, бірнеше буынды біріктірген өмір мектебі, адал еңбек пен жауапкершіліктің символы десек артық айтпаспыз.
Осындай еңбек адамдарының арқасында Атбасар электровоз жөндеу зауыты еліміздің локомотив жөндеу саласында сенімді орны бар, кәсіби әлеуеті жоғары кәсіпорынға айналып отыр.
Еңбек әулеттері кез келген өндірістің алтын қазығындай өткен мен бүгінді жалғап, тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді. Осындай адамдар барда еңбекке деген құрмет те, өндірістегі сабақтастық та ешқашан үзілмек емес.
Теміржолдың тынысы тоқтамайды. Ал сол қозғалыстың артында Жаманбаевтар мен Косаревтар секілді қарапайым жұмысшы әулеттерінің еселі еңбегі, маңдай тері және туған кәсіпке деген шынайы сүйіспеншілігі жатыр. Міне, мұндай жандардың өмір жолы кейінгі буынға үлгі, елдің мақтанышы екені сөзсіз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.
![]()

