Еліміздің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімін нығайтуда Құрылтай институтының орны ерекше. 23 тамыз – Құрылтай депутаттарын сайлау күні – азаматтардың ел өміріндегі маңызды үдерістерге қатысуының нақты көрінісі болмақшы.
Аналар кеңесінің мүшесі ретінде бұл сайлаудың маңызын ерекше атап өткім келеді. Құрылтай – қоғамның әртүрлі саласының өкілдерін бір мақсатқа біріктіретін, ел дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныстар енгізуге мүмкіндік беретін маңызды институт болатынына сенім білдіремін. Сондықтан, Құрылтай құрамы ашық әрі әділ сайлау арқылы құрылып, қоғамдық сенімді нығайтып, халық пен мемлекет арасындағы өзара байланысты күшейтуге ықпал ететін көпір болады деп ойлаймын.
Құрылтай сайлауының нәтижесінде азаматтардың пікірін жеткізе алатын, елдің болашағына бейжай қарамайтын белсенді тұлғалар таңдалады. Бұл өз кезегінде өңірлердің мәселелерін жан-жақты қарауға, тұрғындардың ұсыныстары мен бастамаларын ескеруге, қоғамдық бірлік пен жауапкершілікті арттыруға жол ашады.
Бүгінгі таңда еліміздің ұзақ мерзімді дамуы азаматтық қоғамның белсенділігімен, өзара сеніммен және ортақ жауапкершілікпен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай сайлауы – елдің ертеңіне бағытталған маңызды қадам. Ол қоғамдық диалог мәдениетін дамытып, халықтың үнін естуге негізделген тиімді тетіктердің қалыптасуына ықпал етеді.
Біздің ортақ мақсатымыз – тұрақты, бірлігі бекем, дамыған Қазақстанды қалыптастыру. Бұл жолда әрбір азаматтың белсенділігі, қоғамдық институттардың жауапкершілігі және Құрылтай сияқты маңызды тетіктердің тиімді қызметі ерекше рөл атқарады.
Роза АЗДЕНБАЕВА, Шортанды аудандық аналары кеңесінің төрайымы.
![]()

