Құрылтайға депутаттарды сайлау – бұл жай ғана саяси науқан емес, ел болашағының берік іргетасын қалайтын, жастардың үні мен көзқарасының естілуіне мүмкіндік беретін тарихи әрі маңызды қадам. Себебі, бүгінгі қабылданатын әрбір стратегиялық шешім – ертеңгі мемлекеттің даму бағытын белгілейтін басты фактор, ал, сол болашақтың арқауын орнатып, жаңа қарқын сыйлайтын негізгі қозғаушы күші – білімді де, қайратты жастар.
Менің пайымдауымша, сайлау үдерісі табиғи сұрыпталу мен әділ бәсекелестік негізінде жүруі тиіс. Өйткені, әрбір саланың басында өз ісіне адал, терең білімді, бірегей мықты эксперттер мен нағыз мамандар тұрғанда ғана елдің тұрақты әрі сапалы дамуы өрбиді. Жоғары бәсекелестік бар жерде серпінді даму мен жаңашылдық қатар жүреді. Сонда ғана өз саласының хас шеберлері халықтың басына күн туғанда сенімді кризис-менеджер бола біледі, елдің мұң-мұқтажын жүрегімен сезініп, өткір мәселелерді шешуге белсене атсалысады.
Осы орайда, ел ертеңінің иесі саналатын жастар үшін ашықтық, жоғары жауапкершілік және қоғам игілігін бәрінен биік қоятын риясыз ұстанымдарды ту ету – заман талабы. Құрылтай құрамына сайланатын депутаттар да аға буынның мол тәжірибесі мен жастардың жаңашыл энергиясын ұштастыра отырып, әртүрлі буынның үніне құлақ асып, елді баянды дамуға бастайтын игі бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс.
Жастардың әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бұл қадамдар – біздің жарқын да айқын болашағымыздың сенімді кепілі.
Даниял Жағұпар Қуанышбекұлы,
UNICEF Qazaqstan ұйымының Солтүстік жастар кеңесінің мүшесі,
Esbol Qory жанындағы өңірлік «esirtkisiz.aqmola» фронт-кеңсесінің басшысы.
![]()

