Қоғамдық ұйымдарда
Бүгінгі күні Ақмола облысы бойынша ардагерлер саны 120152 адамды немесе облыс тұрғындарының 15,0 пайызын құрайды. Облыстың ардагерлер ұйымы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы болып табылады. Облыстық ұйым облыс аумағында құрылған 20 аудандық және қалалық филиалдарды, сондай-ақ, 822 бастауыш ұйымдарды біріктіріп, қызметін үйлестіреді. Біз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғымановтан көп салалы қызметтерінен қысқаша дерек беруін өтінген едік.
–Ермек Бекенұлы, жұртшылықтың құлағы түрулі, сіздер атқарып жатқан жұмысқа біршама қанық десек те болады. Әйткенмен, ақпарат күн сайын алмасып жатқан жағдайда дерек көздер де ауқымдана түсетіні белгілі. Осы бағытта таратыңқырай сөйлесеңіз?
– Дұрыс айтасыз. Ең алдымен, өңірлік ұйымның құрамында кімдер бар деген сұрақ баршаның көкейінде тұратыны анық. Облыс ардагерлерінің қатарында 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 1309 тыл еңбеккерлері, Ленинград қоршауында болғандар – 3 адам, сол сұрапылда қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері – 60, Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген – 41 адам, Социалистік Еңбек Ері – 1, Қазақстанның Еңбек Ері – 1, жалғызілікті қарттар – 3552, оның ішінде әлеуметтік қорғау ұйымдарының қызметімен қамтылған 2717 адам бар.
– Бұл өте құнды дерек. Сіз атаған азаматтар өткен тарихымыздың куәгерлері, бүгінгі жетістіктерімізде ерекше қолтаңбасы бар жандар. Ұрпақ тәрбиесіндегі орны бөлек асылдарымыз. Бірақ, бұл кісілерден басқа 120 мыңнан астам адам бар ғой. Ендеше, қыруар жұмысты үйлестіру жағынан хабардар етсеңіз.
– Ақмола облысының ардагерлер ұйымы еліміздегі ең көп санды үкіметтік емес ұйымдардың бірі болып табылады. Сондықтан, қоғамдық тіршіліктің бел ортасында болып, өңірде атқарылып жатқан іс-шараларға белсене араласу арқылы Тәуелсіз еліміздің мұраттарын насихаттап, орнықтыру, бұған ардагерлерді жұмылдыру үнемі бірінші кезекте тұрады. Иә, бізге жүктелген жұмыс ауқымды. Жоспарлы жұмыстардың жемісі де баршылық. Бұған облыстық кеңестің жергілікті жердегі құрылымдарындағы белсенділік, атқарылып жатқан тиімді істер айқын мысал бола алады.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесіне қарасты аймақтық филиалдарында өткен жылы 16 пленум, 96 төралқа отырыстары, 630 ардагерлер басқосулары өтті. Ардагерлер активтерінің семинарларына барлығы 2196 адам қатысты. Көптеген ардагерлер жастарды патриоттық және адамгершілік тәрбиелеу ісіне, бейбітшілікті нығайтуға және қоғамдық келісімді сақтауға белсене араласты.
–Кез келген жұмыстың табыстылығы мен көзделген нәтиженің көңілден шығуы ұйымдастыру шараларына, уақыттың ауанына сай тиімді қадамдарды алға шығаруға байланысты.
–Иә, бұл ортақ істің тұғырлы өзегі саналады. Ардагерлер ұйымдарының жұмысы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілетінін, олар жергілікті атқарушы органдардың ұдайы назарында тұратынын атап өту керек. Әсіресе, ардагерлер қауымына деген облыс басшылығының қамқорлығы, көмегі ерекше. Мұны біздің жұмыс жоспарларымыздың кеңтармақтылығына, бекітілген іс-шаралар ауқымдылығына қаратып айтып отырмын. Елімізде ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарттардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі демалысты ұйымдастыру, ішкі шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасау, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады.
Осы орайда, мына бір жағдайды бөлектеп айтқым келеді. Өткен жылы Ақмола облысы әкімдігінің қаулысымен қарттар мен мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау айлығын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген еді. Жалпы, облыс бойынша дәстүрлі айлықта 76186 адамға 804284,724 миллион теңгенің әлеуметтік қолдауы көрсетілді. Атап айтсақ, 438 адамға қыстық отын алуға, 18592 адамға жеңілдетілген дәрі-дәрмек сатып алуға, азық-түлік жиынтықтары үшін 20649 адамға, санаторий-курорттық емдеу үшін 935 адамға қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, мал үшін жемшөп сатып алуға, БАҚ-қа жазылуға, жәрдем беріліп, волонтерлік көмек, коммуналдық қызмет ақысы өтеліп, басқа да көмек түрлерімен қамтамасыз етілді. Жалпы, бұған 211134 адам қамтылды.
–Осы ретте, жоғарыда айтылған шаралар шеңберінде аудандық буындағы жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.
–Әдетте қарттар айлығының басты девизі «Ешкім де назардан тыс қалмайды», сол себепті осы күндері өтетін қандай да шара болмасын жасы ұлғайған адамдар барынша толық қамтылады. Өткен жылы облыстағы ардагерлер ұйымдары 1657-ден аса әртүрлі мақсаттағы іс-шаралар өткізді. Аудандық ардагерлер кеңестері жергілікті атқару органдарына сүйене отырып, қарттар мен мүгедектердің мұқтаждықтарын қанағаттандырумен тек айлық кезінде ғана емес, жыл бойы айналысады. Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау аудандарында кәсіпорындар есебінен ұйымдастырылған әлеуметтік үйлер жүйелі жұмыс істеп келеді, олардың қатары басқа аудандарда да жылдан-жылға толығуда. Қазір облыс бойынша 10 ардагерлер үйі бар. Бұларға да ұдайы көңіл бөлініп, ондағы қарттардың тұрмыстық-әлеуметтік және рухани мәселелері шешіліп отырады.
Аудан, қала ардагерлері кеңесінің жанындағы ардагерлер ұйымдарының, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының және АҚХА жанындағы құрылымдардың қатысуымен Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Шәмші әндерінің» фестивалі өткізілді. Аталмыш фестивальге облысымыздың аудан, қала ардагерлері кеңесінің жанындағы ардагерлер ұйымдары, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарынан 6 вокалды топ, 10 хор ұжымдары және 8 жеке орындаушы қатысты, жалпы 200-ден астам ардагер өнер көрсетті.
–Биылғы Наурыз мейрамы және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай, Көкшетау қаласында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істей бастады. Бұл ардагерлер өміріндегі ғибратты іс болғаны анық.
–Иә, бұл елеулі оқиға саналады. Ардагерлер қауымы облыс әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың бұл сыйлығын жоғары бағалауда. Қала орталығындағы әсем де зәулім ғимарат емдік сауықтыру, спорттық және мәдени құрылғылармен, жабдықтармен қамтамасыз етілген. Орталық қызметінің мәні өзіне-өзі қызмет көрсету және белсенді жүріп-тұру қабілетін сақтап қалған зейнеткерлік жастағы азаматтарға әлеуметтік, ақпараттық-консультациялық, мәдени-бос уақытты, психологиялық қызмет көрсету болып табылады. Белсенді ұзақ өмірсүру орталығы типтік 2 қабатты ғимаратта орналасқан, жалпы көлемі 1385,7 шаршы метрді құрайды. Мұнда 87 орындық акт залы бар. Оталықта 1221 қызмет алушы келесі бағыттар игілігін көре алады: әлеуметтік-білім беру: қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық; әлеуметтік-сауықтыру: йога, каратэ-ката, фитнес, ОФК, тұз шахтасы, тыныс алу гимнастикасы, фитнес, хореография: әлеуметтік-еңбек: қолөнер (қолөнер), сурет салу (кескіндеме); әлеуметтік-демалыс: тоғызқұмалақ, шахмат, вокал, домбыра, садақ ату, асық ату, бес асық, театр студьясы, саз терапиясы және үстел теннисі мен шахмат.
Аталған қызметтерді білікті нұсқаушылар жүргізеді. Бейіні бойынша нұсқаушылар құрамының білім деңгейі: жоғары білімі бар –13 және орта арнайы білімі бар – 2 адам. Әрбір қызмет алушы бір уақытта үш үйірмеге жазыла алады және үш ай ішінде оларға тегін қатыса алады. 3 ай өткеннен кейін көрсетілетін қызметті алушы келесі сабақтарды өзінің қызығушылығы мен қалауы бойынша таңдайды. Кесте бойынша сабақтардан басқа, орталықтың қызметалушылары үшін, мәдени, ақпараттық іс-шаралар, кездесулер, лекторий, спорт турнирлері, психологиялық тренингтер тағы басқалары ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары Көкшетау, Степногорск қалаларында, Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Ерейментау, Зеренді, Жарқайың, Аршалы аудандарында да қызмет көрсетуде.
–Еліміздің өтпелі-кетпелі тарихында ардагерлер, олардың ерік-жігерін ұйыстырып отырған ардагерлер кеңестері әрдайым алғы шептен өнеге төгумен келеді. Осы игі істердің ауқымы кеңейе бергей.
–Біздің рухани бағыттағы жұмыстарымыз негізінен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың барша қазақстандықтарға арнаған Жолдауын, Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөздерін жергілікті халықтың, оның ішінде өскелең ұрпақ жастардың арасында кеңінен насихаттауға арналады. Аталмыш құжаттар бүкіл қоғамға серпіліс беріп, жалпы, елдің ілгерілеу бағдарын айқындап береді, онда терең, халық көңілінен шыққан келелі ойлар айтылған. Әсіресе, жаңа экономикалық өзгерістер, жаңа заманның тұлғасын қалыптастыру жайы көпке үлкен ой салды. Осыған орай, елдікті нығайтуға арналған жаңа идеяға құрылған реформаларды түсіндіру мен насихаттау мақсатында облыстық іс-шаралар жоспары жасалды.
Президент биік мінберден айтқан сөздерінде көрсетілген идеялар мен қағидаттарды іске асыру мәселесі қоғамның барлық салаларына, оның ішінде ардагерлер бірлестіктеріне де зор жауапкершілік жүктейді, біздің белсенділігімізді, жұмысымыздың нәтижелілігін барынша арттыруға міндеттейді. Біз бұл іске өз тарапымыздан барынша үлес қосып, қоғам сұраныстарына тек пайдалы ақыл-кеңестерімізбен, ұсыныстарымызбен ғана емес, нақты істерімізбен ат салысамыз.
Сұхбатты жүргізген Бақберген АМАЛБЕКОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
![]()

