Тыңғылықты дайындық жүргізілуде

Биылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау бойынша Ақмола облысында дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда бір облыстық және 20 аумақтық сайлауалды штаб жұмыс істейді. Олардың құрамына облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, азаматтық қоғам өкілдері мен жастар белсенділерін қоса алғанда, 486 адам енген. Барлық штабтар өз жұмысын бастап кетті.

Облыста сайлауды ұйымдастыруға қажетті барлық шаралар қолға алынды. Жалпы, өңірде 759 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Дауыс беру процесін 4520 комиссия мүшесі қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта олардың барлығы Конституциялық заң талаптарына сәйкес арнайы оқытудан өтуде.

Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биыл үздіксіз өндірістік режимде жұмыс істейтін кәсіпорындарда уақытша үш сайлау учаскесі ашылады. Олар Бурабай ауданындағы «RG Gold», Зеренді ауданындағы «Алтынтау Көкшетау» және Көкшетау қаласындағы «Новопэк» кәсіпорындарында орналасады. Бұл өндіріс орындарындағы қызметкерлерге жұмыс орнынан шықпай дауыс беруге жасалып отырған қолайлы мүмкіндік.

Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар цифрлық сервистер де іске қосылды. Азаматтар өздерінің қай сайлау учаскесіне тіркелгенін онлайн тексере алады. Бұдан бөлек, өңірде 21 call-орталық жұмыс істейді.

Сайлау күні сайлаушылар саны бір мыңнан асатын учаскелерде 199 ақпараттық сервис қызмет көрсетеді. Ірі қалаларда тіркелген мекенжай бойынша сайлау учаскесін анықтайтын сегіз арнайы сервис жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Сайлау Aqmola Bot» Telegram чат-боты арқылы әрбір азамат өзінің сайлау учаскесін және сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады.

Сайлауалды үгіт-насихат материалдарын орналастыру үшін облыс аумағында 679 арнайы орын белгіленген. Сайлау процесіне аккредиттелген 11 қоғамдық бірлестік пен үкіметтік емес ұйымның тәуелсіз байқаушылары бақылау жүргізеді.

Айта кетейік, Құрылтай сайлауына жеті саяси партия қатысуда. Қазіргі таңда олар сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, өңір тұрғындарымен кездесулер өткізуде. Ал, сайлауалды үгіт-насихат кезеңі 21 тамызға дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттарын сайлау бойынша сайлаушыларды ақпараттандыру бекітілген медиа-жоспарға сәйкес жүргізіледі. Аумақтық сайлау комиссиясының желісі бойынша облыста барлығы 539 ақпараттық баннер дайындалды. Олар Ақмола облысының барлық елді мекендерінде орналастырылды. Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында апта сайын ақпараттық модульдер жарияланады, облыстық Көкше-ТВ телеарнасында және LED-экрандарда бейнероликтер көрсетілуде.

Комиссиялардың құрамы, учаскелердің шекаралары мен мекенжайлары бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда жарияланған болатын, олардың бәрі ашық және қолжетімді.

Орталық сайлау комиссиясының тапсырмасы бойынша сайлаушыларға арналған ақпараттық QR-коды бар шақырулар дауыс беру күніне 10 күн қалғанда әрбір сайлаушыға дербес жеткізілетін болады.

Манарбек СӘДУОВ,
Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар