Ашықтық пен жауапкершілік: Ел болашағын айқындайтын маңызды қадам

Еліміздің саяси өмірінде айтулы өзгерістер орын алып, мемлекетіміз жаңа даму кезеңіне аяқ басуда. 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген жаңа бірпалаталы парламент – Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны ел келешегін айқындайтын ең жауапты оқиғалардың біріне айналып отыр.

Бұл маңызды саяси қадам халық өкілдігін сапалы деңгейге көтеруге, заң шығару билігінің пәрменділігін арттыруға және қоғам мен мемлекет арасындағы сындарлы диалогты нығайтуға бағытталған.

Қолданыстағы конституциялық реформаларға сәйкес, бұл жолғы сайлау толықтай пропорционалды, Тікелей партиялық тізім жүйесі бойынша өтеді. Жаңа саяси реформаның басты артықшылығы – заң шығарушы органда кәсіби депутаттар корпусын қалыптастыру. Саяси майданда тіркелген жеті партияның өз бағдарламаларын ұсынуы елдегі саяси бәсекелестікті жаңа белеске көтерді. Парламенттегі 145 депутаттық мандатқа 545 кандидаттың ұсынылуы – еліміздегі саяси белсенділіктің жоғары екенін және азаматтық қоғам өкілдерінің мемлекет басқару ісіне араласуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Мемлекеттік маңызы бар шараны ұйымдастыру ісінде ресурстарды тиімді пайдалану мен қаржылық ашықтыққа ерекше назар аударылған. Сайлау науқанына бөлінген бюджеттік қаражат еліміздегі қазіргі экономикалық үдерістерді, соның ішінде нақты инфляциялық көрсеткіштерді ескере отырып есептелген. Өткен жылдардағы ауқымды сайлау науқандарының шығындарымен салыстырмалы түрде қарастырғанда, бұл жолғы бюджеттік жоспарлаудың әлдеқайда оңтайландырылғаны, мемлекет қаржысын барынша үнемді әрі тиімді жұмсауға басымдық берілгені байқалады.

Бұл саяси науқанның тағы бір маңызды жетістігі – халықтың ақпараттық сауаттылығы мен азаматтық белсенділігінің артуы. Бүгінгі таңда қоғамда тәуелсіз медиа жобалар мен сараптамалық бастамалардың көбеюі сайлаушыларға дұрыс таңдау жасауға үлкен мүмкіндік береді. Халық партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен, саяси көзқарастарымен және кандидаттардың біліктілігімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Мұндай ашықтық қоғамдағы өзара сенімді арттырып, саяси мәдениеттің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне септігін тигізеді.

Құрылтай депутаттарын сайлау – еліміздің алдағы пәрменді даму бағытын айқындайтын айрықша оқиға. Онда қабылданатын заңдар мен мемлекеттік шешімдер әрбір азаматтың күнделікті тұрмысы мен ел болашағына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сол себепті сайлау процесіне жауапкершілікпен қарау, әрбір кандидат пен партияның бағдарламасын саралай білу – әділетті, тұрақты әрі гүлденген мемлекет құрудың берік кепілі болмақ.

Дуанбай ЫБЫРАЙ,
Ақмола облыстық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар