Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кезекті жұмыс сапарында Біржан сал ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері мен алдағы даму басымдықтарын талқылады.
Өңір басшысы кездесудің саяси реформалар жағдайында және жаңа Конституцияның күшіне енуі кезеңінде өтіп отырғанын атап өтті. Бұл құжат ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайтады, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіреді және Қазақстанның орнықты дамуына берік негіз қалайды. Облыс әкімі ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселесіне ерекше тоқтала келе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 15 пайызға өсіп, шамамен 50 миллиард теңгеге жеткенін атап өтті. Аудан дәнді және майлы дақылдар өндіру бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Сонымен қатар, «Кең дала-2» бағдарламасын қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары белсенді пайдаланылуда.
Өңір басшысы жайылымдық жерлердің мол қоры ауданның мал шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік беретінін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігіне тоқталды. Осыған байланысты аудан әкіміне «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларына қатысушыларды жеке сүйемелдеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ, бос жайылымдық жерлерді шаруашылық айналымына тарту және инвестицияларды көбейту жөніндегі жұмысты күшейту тапсырылды.
Ақтас ауылындағы тоғыз жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмаған элеваторды сатып алған «Аstyk Hub» компаниясы қазіргі таңда кәсіпорынды толық жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Осы ретте, онда таяуда 70-тен астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, сағатына 120 тонна жемдік ұн өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Ауданда сондай-ақ, алтын өндіру фабрикасын, қалдықтарды қайта өңдеу кешенін салу және тау-кен өндірісі саласын дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жаңа инвестициялар тартуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Туристік әлеует те жоғары. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен жүзеге асқан «Лес и Звезды» демалыс базасы табысты жобалардың бірі ретінде аталды. Осыған байланысты аудан басшылығына кәсіпкерлер арасында мемлекеттік қолдау тетіктері, оның ішінде жаңа «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Өткен жылғы кездесуде тұрғындар көтерген мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Халықтың өтініші негізінде Үлгі – Жаңалық аудандық маңызы бар көлік жолына және Макинск-Ақсу-Торғай республикалық маңызы бар жолына жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Степняк қаласының қазандықтарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін резервтік дизельді генераторлар сатып алынып, көмір сатып алуды субсидиялауға және жылу желілерін жөндеуге қаржы бөлінді.
Облыс әкімі аудан орталығы Степняк қаласындағы 21 пәтерлі тұрғын үй құрылысының сылбыр жүргізіліп жатқанын сынға алды. Осы ретте, қалпына келтірілген үш қабатты тұрғын үйден әлеуметтік қолдауды қажет ететін жеті отбасы баспаналы болып, пәтер кілттерін алды. Кездесу соңында Марат Ахметжанов тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелер бойынша түсініктемелер берді. Сондай-ақ, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Құс еті мен жұмыртқа өндіруден ел бойынша көш басында келе жатқан Ақмола облысы жылына жұмыртқа өндірісін 1 миллиард данаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Жұмыс сапары аясында облыс әкімі «Қазгер-Құс» ЖШС құс фабрикасының үшінші кезеңінің құрылысымен жеке танысты.
Қазіргі таңда өңір Қазақстанда өндірілетін барлық құс етінің 30 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл жылына 137 мың тонна өнім. Сондай-ақ, республика бойынша өндірілетін жұмыртқаның 15 пайызы (жобамен 700 миллион дана) біздің облыстың үлесіне тиесілі.
Бірақ, Ақмола облысы бұл межемен шектелмек емес. Үлгі ауылдық округінде «Қазгер-Құс» базасында 6 заманауи құс қораның құрылысы жүріп жатыр. Жылына 90 миллион дана жұмыртқа өндіретін жаңа қуаттылықты іске қосу кәсіпорынның жалпы өндіріс көлемін 340-350 миллион данаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл фабриканы Қазақстандағы абсолютті көшбасшылық орынға шығарады. Жоба ауыл тұрғындарына 100-ден астам жаңа жұмыс орнын береді, ал, органикалық тыңайтқыштарды қайта өңдеу желісінің іске қосылуы бұл алып өндірісті толығымен қалдықсыз етеді.
«Қазгер-Құс» фабрикасын кеңейтумен бірге, Астрахан ауданында «Ақтас» бройлерлік компаниясы жылына 120 миллион дана репродуктивті жұмыртқа шығару жобасын бастайды. Макинск құс фабрикасының қуаттылығы да арттырылып, Зеренді, Аршалы және Ерейментау аудандарында жаңа ет бағытындағы инвестициялық жобалар бастау алады. Бүгінде өңір Астана қаласының жұмыртқаға деген қажеттілігінің 50 пайызын жауып отыр, бірақ, таяу болашақта бұл көрсеткіш 80 пайызға жеткізіледі.
Облыс әкімі атап өткеніндей, мұның бәрі – облыс, аудан бюджетіне түсетін салықтар, лайықты жалақы және жұмыс орындары.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Біржан сал ауданы.
![]()

