Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ:
Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалпы өлең емес, көп нәрсені Абай сөз қылған; сол сөздерінің ішінде Абайдың әр нәрсенің асылын танығаны, білгені көрінеді. Абайдың өлендері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз. Абай сөзінен Әбубәкірдің «шайды, кебісті әркім тұтынып кеткені асылды қорлау болды» деп қайғырған сөздері табылмайды. Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан. Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек. Абайды қолымыздан келген қадарлы жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз.
(«Абай – қазақтың бас ақыны» мақаласынан, «Қазақ» газеті,
1913 жыл).
![]()

