Сұхбат
Ауа мен судың тазалығын жіті бақылап, табиғатқа төнуі мүмкін қауіптің алдын алатын экологтардың жүйелі жұмысы – экологиялық қауіпсіздік пен халық саулығының басты кепілі. Өңірдегі су ресурстарының тазалығы, ауаның сапасы, қалдықтарды жою және курорттық аймақтардың табиғатын сақтау, сондай-ақ, өңір жұртшылығын алаңдатқан басқа да өзекті мәселелер жайында Ақмола облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары – өңірдің бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Тұрар картамұлына бірқатар сұрақтар қойған едік.
–Көкшетау қаласы мен оған іргелес елді мекендерде қыс мезгіліндегі ауаның сапасы өте нашар екені жасырын емес. Облыс орталығын газдандыру процесінің созылуы экологиялық ахуалға қаншалықты әсер етуде? Департамент бұл бағытта қандай да бір баламалы шешімдер ұсынып отыр ма?
– Көкшетау қаласы мен іргелес ауылдарда қыс мезгілінде атмосфералық ауа сапасының төмендеуі негізінен жеке тұрғын үйлерде, шағын қазандықтарда және жылу көздерінде көмірді жағудан, сондай-ақ, желсіздік пен температуралық инверсия секілді қолайсыз метеорологиялық жағдайлардан болып отыр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, өңірді газдандыру «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры арқылы жүзеге асырылатын болады және жоба аясында Көкшетауды газдандыру жұмыстарын 2028 жылдан бастау жоспарланған. Аталған жобаның іске асуы атмосфералық ауаға түсетін ластаушы заттар шығарындыларын азайтып, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға оң әсер етеді. Сонымен қатар, департамент өз құзыреті шегінде атмосфералық ауаның жай-күйіне экологиялық бақылау жүргізіп, кәсіпорындардың заңнаманы сақтауын қадағалауда, әрі жыл сайын шығарындылар көлемін төмендету бойынша ұсынымдар беріп отыр.
– Осы орайда, қаладағы жылу қазандықтары мен жеке секторда сапасыз жағылатын көмірдің сапасына бақылау қалай жүргізіледі? Экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындарға қатысты соңғы уақытта қандай шаралар қолданылды?
– Қаладағы орталық жылу қазандықтарының жұмысын мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес жүргізіледі. Жылу көздері берілген экологиялық рұқсаттардағы талаптарды сақтауға міндетті. Бақылау кезінде рұқсат құжаттарының орындалуы, шығарылатын ластаушы заттардың көлемі, өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері тексеріледі. Көкшетаудың РК-2 аудандық қазандығы Екібастұз көмірін жағуға бейімделіп жобаланғандықтан, барлық нормативтер осы көмірдің техникалық сипаттамасына сәйкес есептелген. Ал, жеке тұрғын үй секторындағы азаматтар табиғат пайдаланушылар санатына жатпайды, сондықтан, оларға экологиялық рұқсат алу немесе шығарынды нормативтерін белгілеу талабы қойылмайды. Қолданыстағы заңнамада халықтың нарықта сатылатын көмірдің белгілі бір түрін пайдалануына шектеу қарастырылмаған.
– Облыс орталығындағы Қопа көлінің экологиялық жағдайы көп жылдан бері күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда, онсыз да тазалығы шамалы көлге заңсыз ағызылатын ағын суларды бақылау мүмкін бе?
– Қопа көлінің экологиялық жағдайы тұрақты бақылауда. Заң бойынша су объектілеріне тазартылмаған немесе нормативтен тыс ағын суларды ағызуға болмайды. Департамент азаматтардың өтініштері, мемлекеттік органдардың материалдары немесе ластану белгілері анықталған жағдайда жоспардан тыс тексерулер ұйымдастырады. Бұл кезде ағын сулардың заңдылығы, тазарту құрылыстарының жұмысы зерделеніп, зертханалық талдау жасалады. Заңсыз ағызу фактілері расталса, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықты жою туралы нұсқама беріледі. Сонымен қатар, бұл мәселеде мемлекеттік органдармен бірге тұрғындардың да белсенділігі маңызды. Заңсыз ағызу фактілерін көрген жағдайда, нақты мекен-жайы мен фото-бейнематериалдарды уәкілетті органдарға жедел хабарлау істі тез арада қолға алуға мүмкіндік береді.
– Көкшетау қаласындағы және облыстың өзге де ірі аудандарындағы кәріздік тазарту құрылғыларының тозу деңгейі өте жоғары. Лас судың Шағалалы өзені мен өзге де су көздеріне кету қаупі қаншалықты мол және бұл мәселені шешуге экология департаменті тарапынан қандай ықпал жасалуда?
– Кәріздік тазарту құрылыстарының тозу деңгейі мен оларды жаңғырту жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық кәсіпорындардың құзыретіне жатады. Қазіргі таңда Көкшетау қаласының сарқынды сулары «Көкшетау Су Арнасы» кәсіпорны арқылы тазартылып, экологиялық рұқсатқа сәйкес Мырзакөлсор жинақтағышына ағызылады. Департамент өз бақылауы шеңберінде тазартылған сулардың нормативтерге сәйкестігін кадағалайды. Ластау нормалары асып кеткен жағдайда, кінәлі тараптарға заң аясында әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданады.
– Степногорск өңіріндегі тау-кен өндірісі, соның ішінде уран және өзге де түсті металдарды өңдеуден қалған қалдық қоймаларының қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілуде? Өйткені, тұрғындар арасында радиациялық және химиялық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық бар.
– Өңірдегі қалдық сақтау қоймалары бар ірі кәсіпорындарға «Қазақалтын», «СГХК», «QARABULAQ GOLD», «Қазақалтын Technology» және «Ақсу Technology» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жатады. Облыстағы бұл нысандарда дренаждық жүйелер мен гидрооқшаулағыш қабаттар орнатылған. Сонымен қатар, тоқсанына бір рет аккредиттелген зертхана арқылы өндірістік экологиялық бақылау жүргізіліп, жерасты суы, топырақ сынамалары алынады, ауа сапасы өлшенеді. Өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша қазіргі таңда нормативтен асу фактілері анықталған жоқ. Шаңданудың алдын алу үшін құрғақ учаскелердің беті сумен жабылады. Бұған қоса, жұмыс аяқталған соң рекультивация жүргізіледі. Мысалы, «Қазақалтын Technology» Ақсу фабрикасының бұзылған жерлерін толық рекультивациядан өткізді. Мұндай жұмыстар «Қазақалтын» ЖШС мен «СГХК» ЖШС тарапынан да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
– Ғарыштық мониторинг, яғни, «Қазақстан Ғарыш Сапары» жыл сайын Ақмола облысында жүздеген заңсыз қоқыс үйінділерін анықтайды. Бұл стихиялық полигондар неліктен азаймай отыр? Департамент тарапынан Щучинск, Ақкөл, Зеренді немесе Қосшы сияқты ірі елді мекендерде заңды полигондар мен қалдық сұрыптау желілерін құру бағытында нақты қандай заңдық және бақылау шаралары қабылданып жатыр? Жергілікті әкімдіктерде бұл бағыттағы жұмыстар қаншалықты нәтиже беруде?
– Заңсыз қоқыс орындарының қайта пайда болуының басты себептері – тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз төгу фактілерінің тыйылмауы, кейбір елді мекендерде қалдықтарды қабылдау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі және жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың босаңдығы. Қалдықтарды басқару, сұрыптау және полигондар салу – жергілікті атқарушы органдардың құзыреті. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған орындар туралы ақпарат әкімдіктерге жіберіліп, оларды жою талап етіледі. Орындалмаса, жауапты лауазымды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынады. Мәселен, 2025 жылы анықталған 463 заңсыз орынның 409-ы немесе 88 пайызы жойылды және заңсыз үйінділерді уақытылы жоймағаны үшін 23 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, 2026 жылдың ағымдағы кезеңінде анықталған 256 заңсыз қалдық орналастыру орнының 43-і, яғни, 16 пайызы жойылып, қалғандары бойынша жою жұмыстары жүргізілуде. Негізінен, бұл мәселе жергілікті әкімдіктердің жүйелі жұмысы мен тұрғындардың экологиялық мәдениетіне тікелей байланысты.
– Бурабай, Зеренді демалыс орындарына келетін туристер санының артуы экологиялық жүктемені еселеп арттырды. Осы орайда, ормандардың қоқысқа толуы және демалыс орындарынан шығатын лас су мәселесі қалай реттелуде?
– Курорттық аймақтарда туристер көбейген сайын табиғатқа түсетін салмақ та артады, сондықтан, бұл аумақтарда бақылау күшейтілген. Мұндай объектілерде тазарту құрылыстарының жұмыс істеуі, қалдықтардың уақытылы шығарылуы және экологиялық талаптардың сақталуы бақылауға алынады. Заңнама талаптары бұзылған жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ормандарды таза ұстау үшін ұлттық табиғат паркі, әкімдік және полиция өкілдері бірлесіп рейдтер өткізеді, дем алушыларға арналған қоқыс контейнерлері орнатылып, қалдықтарды уақытылы шығару ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрақты тазалық жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, бұл мәселелерді түбегейлі шешу үшін мемлекеттік бақылаумен қатар, демалыс орындарының иелері мен туристердің экологиялық мәдениетін арттыру, қалдықтарды дұрыс басқару және табиғи аумақтарға ұқыпты қарау аса маңызды. Сонда ғана Бурабай мен Зеренді өңірлерінің бірегей табиғи байлығын келер ұрпаққа сақтап қалуға болады.
– Бүгінде Зеренді демалыс аймағында ағаштардың қурап, сарғайып жатқанын көріп жүрміз. Мамандар мұны орман зиянкестерінің көбеюі және құрғақшылықпен ғана емес, демалыс орындарының құрылысы кезінде ағаштардың тамыр жүйесінің зақымдануы, жерасты сулары арнасының бұзылуы және туристік нысандардан шығатын лас сулардың топыраққа сіңуінен де болуы мүмкін деген болжамды айтып жүр. Зерендідегі ағаштардың қурау себебіне байланысты арнайы экологиялық зерттеу жүргізілді ме?
– Зеренді демалыс аймағындағы орман алқаптарының жай-күйі – бірнеше фактордың ықпалымен қалыптасатын күрделі мәселе. Ағаштардың қурауына орман зиянкестері мен аурулары, құрғақшылық секілді табиғи себептер де, құрылыс кезінде тамыр жүйесінің зақымдануы, топырақтың тығыздалуы сияқты антропогендік факторлар да әсер етуі мүмкін.
Биылғы жылдың 11-13 маусымы аралығында Зеренді өңіріндегі қарағайлардың жаппай сарғайып, қурауына байланысты арнайы комиссия құрылып, ауқымды мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде ағаштардың өлуіне табиғи климаттық фактор – гидрологиялық шок әсер ету себебі байқалды. Яғни, 2024-2025 жылдардағы көктемгі тасқын су мен мол жауын-шашын кезінде су ойпаттар мен төменгі аймақтарға жиналуы салдарынан, тереңдегі тығыз сазды қабат судың топыраққа сіңуіне тосқауыл болып, ұзақ уақыт бойы тұрып қалған судың ағаш түбірлеріне оттегі жетіспеушілігіне және оның солып, шіруіне себеп болғаны байқалды. Дегенмен, бұл әзірге болжам ғана, нақты себептер ғылыми орман-патологиялық зерттеулер нәтижесінде белгілі болады. Алайда, аталған экологиялық ахуалды тұрақтандырып, орман қорын сақтап қалу үшін экологтар мен мамандар бірлесіп, шұғыл түрде бірқатар маңызды шараларды қолға алуды ұйғарып отыр. Атап айтқанда, алдымен зақымдалған ағаштардың нақты көлемін анықтау үшін егжей-тегжейлі аспаптық тексеру жүргізіліп, артынша қауіпті ошақтардағы қурап жатқан және қурап қалған ағаштарды тазарту үшін іріктелген немесе тұтас санитарлық кесу жұмыстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, көршілес сау орман алқаптарына қатаң орман-патологиялық бақылау орнатылып, зиянкестер мен аурулардың қосымша түрлерін анықтау мақсатында зертханалық тексерулер жалғасады. Сонымен бірге, топырақтың химиялық құрамы, тұздану деңгейі мен ылғал мөлшері жан-жақты талданатын болады. Айта кететіні, мониторинг барысында қандайда бір өндірістің зияны немесе сарқынды сулар анықталған жоқ. Бұл бағытта департамент өзіне жүктелген міндеттер шеңберінде демалыс орындары мен өзге де объектілердің экологиялық талаптарды сақтауына бақылауды жалғастырады. Азаматтардан нақты заң бұзушылықтар туралы өтініштер немесе уәкілетті органдардан тиісті материалдар түскен жағдайда, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексерулер ұйымдастырылуы мүмкін.
Осы орайда, Зеренді ормандарының экологиялық жағдайын сақтау үшін мемлекеттік органдар мен орман шаруашылығы мекемелерінің, демалыс нысандары иелерінің және тұрғындардың бірлескен жұмысы маңызды. Сондықтан, табиғи экожүйені сақтау үшін тұрғындарды заңсыз ағаш кесу немесе құрылыс жүргізу, сарқынды суларды төгу не болмаса басқа да құқық бұзушылықтарға куә болған жағдайда, табиғи парк қызметкерлеріне, я болмаса уәкілетті мемлекеттік органдарға және департаментке уақытылы хабар беруге шақырамыз.
– Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды бақылайтын автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнатуы тиіс. Бүгінгі күні облыста бұл жүйе қаншалықты енгізілді? Бұл датчиктердің мәліметтері ашық па және түнгі уақыттағы жасырын шығарындылар қалай бақыланады?
– Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес, Ақмола облысында бірінші санатқа жататын және автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізуге міндетті 5 ірі кәсіпорын бар. Бүгінгі күні оның 3-еуі жүйені толық орнатты. Олар: Степногорск ЖЭО, «Көкше Цемент» АҚ, «Көкшетау жылу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қалған 2 кәсіпорында жүйені орнату жұмыстары жалғасуда. Датчиктерден түсетін мәліметтер уәкілетті органның ақпараттық жүйелеріне үздіксіз түседі және тексеру кездерінде пайдаланылады. Сонымен қатар, Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес, бұл деректердің ашықтығы кезең-кезеңімен қамтамасыз етілуде. Оның басты артықшылығы – шығарындыларды тәулік бойы үздіксіз бақылауға мүмкіндік беруінде. Егер нормадан асу немесе жабдықты тоқтату фактілері орын алса, мәлімет бізге жедел жетеді. Бұл бұрын айтылып жүрген «түнгі уақыттағы жасырын шығарындыларды» дереу анықтауға мүмкіндік береді.
– Толымды әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

