Мемлекеттік қызмет саласында талай жыл тер төгіп, бүгінде Жарқайың аудандық билер алқасының мүшесі ретінде, халықпен күнделікті тығыз қарым-қатынаста жүрген азамат ретінде айтарым, ел өміріндегі ең маңызды қағидаттардың бірі – қоғамның бірлігі мен әділдігі.
Бүгінгі таңда елімізде осы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың қатарында Құрылтайға депутаттарды сайлау науқаны ерекше орын алады. Бұл – елдің ертеңіне бейжай қарамайтын, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізе алатын, әділ шешім қабылдауға қабілетті лайықты азаматтарды таңдаудың аса жауапты кезеңі.
Өзім ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстап, халық пен билік арасындағы алтын көпір болудың қыр-сырын меңгергендіктен, мемлекеттік аппарат пен халық сенімінің ұштасқан жерінде әділдіктің тұруы маңызды екенін жақсы түсінемін. Қоғамдағы татулық пен өзара сыйластық ең алдыменен шынайы әділдікке негізделуі тиіс. Ал, мемлекеттік қызмет пен билік жүйесіндегі әділдіктің салтанат құруы халық сенім артқан, өз ісіне адал депутаттардың белсенді әрі жүйелі жұмысына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырыстарында қоғамның бірлігіне, заң мен тәртіптің салтанат құруына және ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға ерекше мән беріп келіп, жаңа Құрылтай институтын құрудың маңыздылығын атап өтті. Енді осы Құрылтайда мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда халық қалаулыларының жауапкершілігі шексіз екені анық.
Мемлекеттік қызмет ардагері ретіндегі тәжірибем мен билер алқасындағы жұмысым көрсеткендей, Құрылтай депутаттары ел мүддесін жеке бас пайдасынан биік қоя білетін, халықтың әрбір ұсыныс-пікіріне құлақ асатын, әсіресе шалғайдағы ауыл-аймақтың түйінді мәселелерін билік мінберлерде тайсалмай көтере алатын ержүрек азаматтар болуы тиіс.
Біздің басты мақсатымыз – кейінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа бірлігі бекем, берекесі тасыған, әрбір азаматы әділдікті сезінетін әділетті қоғам қалдыру. Осы орайда, әрбір саналы тұрғын ел тағдырына бейжай қарамай, алдағы саяси науқанда азаматтық белсенділік танытады және өз ісінің маманы, елдің жағдайын жүрекпен түсінетін лайықты тұлғаларды таңдайды деп сенім білдіремін.
Қамит Распаев,
мемлекеттік қызмет ардагері,
Жарқайың аудандық билер алқасының мүшесі.
![]()

