Ел болашағы – ортақ жауапкершілікте

Еліміздің қоғамдық-саяси тынысында маңызды кезең басталып, қазір жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстанда тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өткізілгелі отыр. Жаңғыртылған басқару моделіне сай, алдағы уақытта заң шығару билігін 145 халық қалаулысынан жасақталған бір палаталы Құрылтай атқаратын болады.

Бұл өзгерістер мемлекетті басқару тетіктерін одан әрі жетілдіріп, әрбір азаматтың ел басқару ісіне тікелей араласутына кең жол ашады.

Құрылтай институтын қолдап, депутаттар сайлау – қоғамның саяси белсенділігін көрсететін басты саяси науқан. Барлық кезеңдер қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтай отырып, толықтай әділ, ашық әрі халықаралық стандарттарға сай өткізіледі деген ойдамын. Бұл ретте әрбір азаматтың сайлау құқығының қорғалуы басты назарда.

Дауыс беру күні жақындаған сайын тұрғындарға арнайы ақпарат қолжетімді болуы тиіс. Сайлау учаскелерінің орналасқан мекенжайы мен жұмыс тәртібі ерте бастан жарияланады. Әрбір сайлаушы өзінің тіркелген учаскесін алдын ала тексеріп, тізімдерді нақтылай алады. Бұл сайлау күні ешқандай кедергісіз өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді.

Қазақстан заңнамасына сай, әр азамат жеке дауыс беруге және өз еркін ешбір қысымсыз жүзеге асыруға құқылы. Ал сайлау комиссиялары үдерістің әділ өтуін қатаң қадағалайды.

Ақпарат кеңістігінде түрлі мәліметтердің қаулап ұшатыны анық. Осы орайда, тұрғындарға тек ресми дереккөздерге сүйену аса маңызды. Тек уәкілетті органдар мен сайлау комиссиялары таратқан ақпарат қана шынайы болып саналады. Бұл жалған ақпараттың алдын алып, әрбір азаматтың дұрыс шешім қабылдауына көмектеседі.

Мамандардың бағалауынша, бұл сайлау – елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалардың заңды жалғасы. Жаңа институционалдық жүйенің құрылуы өкілді биліктің әлеуетін арттырып, билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайта түспек.

Сайлауға қатысу – әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген құқығы ғана емес, елдің болашағына деген жауапкершілігінің де көрінісі. Заң талаптарын сақтау, сайлау рәсімдері туралы толық хабардар болу және ресми ақпаратқа сүйену сайлау науқанының ашық, әділ әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ықпал етеді.

Алма БЕКЕНТАЕВА,
Ақмола облыстық сайлау комиссиясының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар