Ұлттық спорт түрлері үшін аянбай тер төгеміз

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен ұлттық болмысы спортпен де тығыз байланысты. Ат үстіндегі ойындар, күш сынасу, мергендік пен зерделілікті талап ететін жарыстар халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан асыл мұрамыз.

Бүгінде осы дәстүрді жаңғыртып, ұлттық спорт түрлерін өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау уақыт талабынан туындап отырған мәселе.

Осы бағытта Ақмола облысындағы ұлттық спорттың қарашаңырақтарының бірі облыс орталығы Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылында орналасқан Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұжымы  бірқатар жұмыстарды атқарып келеді. Спорт мектебінің тарихы еліміз өз тәуелсіздігін алған 1991 жылдың 15 қазанынан бастау алады. Содан бері отыз жылдан астам уақыт ішінде білім мен тәрбиені, спорт пен ұлттық құндылықтарды ұштастырған талай буын спортшылар осы мектептен түлеп ұшты.

Бүгінде спорт мектебінде 937 жас спортшы шұғылданады. Оларға 44 жаттықтырушы-оқытушы спорттың қыр-сырын үйретуде. Жалпы, мектепте ұлттық спорттың қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, бәйге, құсбегілік және дәстүрлі садақ ату сынды спорт түрлері тұрақты түрде дамытылып келеді. Әр спорт түрінің өзіндік ерекшелігі бар. Қазақ күресі жас спортшыны қайсарлыққа, батылдыққа, төзімділікке тәрбиелесе, тоғызқұмалақ логикалық ойлау қабілетін дамытады. Асық ату дәлдік пен ептілікті талап етеді. Ал, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, бәйге секілді ат спортының түрлері баланың физикалық дайындығымен қатар, атқа міну мәдениетін қалыптастырады.

Құсбегілік пен дәстүрлі садақ ату да халқымыздың бай мұрасының бір бөлшегі. Бұл спорт түрлерін дамыту арқылы біз тек чемпион тәрбиелеп қана қоймаймыз, сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, атадан балаға жалғасқан өнерді кейінгі ұрпаққа жеткіземіз.

Сонымен қатар, бүгінде спорт мектебінің филиалдары облыстың жеті өңірінде жұмыс істейді. Мәселен, Зеренді ауданы Бірлестік ауылында қазақ күресі, Елтай және Ортақ ауылдарында жамбы ату бағыттары жолға қойылған. Ерейментау ауданындағы Сайдалы және Өлеңті ауылдарында аударыспақтан жаттығулар жүргізіледі. Сондай-ақ, Целиноград ауданы Приречное ауылында көкпар, Қараөткел ауылында құсбегілік, Софиевка ауылында теңге ілу дамып келеді. Бурабай ауданы Щучинск қаласында тоғызқұмалақ пен қазақ күресі, Атамекен ауылында құсбегілік бойынша бөлімдер жұмыс істейді.

Біржан сал ауданындағы Аңдықожа батыр және Үлгі ауылдарында құсбегілік, Аршалы ауданы Жібек жолы ауылында дәстүрлі садақ ату, Ақкөл ауданында көкпар бағыты бойынша спорттық жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен бірге Көкшетау қаласында қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, ал Краснояр ауылында қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату және дәстүрлі садақ ату бағыттары қамтылған.

Соңғы жылдары мектебіміздің спортшылары республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда Ақмола облысының, еліміздің намысын абыроймен қорғап келеді. Ағымдағы жылы спортшыларымыз Қазақстан чемпионаттарында, сондай-ақ, Азия чемпионаттары мен Азия кубоктарында, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Ең бастыларын атап айтқанда, Орал қаласында өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында жамбы атудан Айтуған Кәкей І орынға ие болып,  әлем чемпионатына қатысу лицензиясын жеңіп алды. Кейін ол Моңғолияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында да І орыннан көрінді. Аударыспақтан жасөспірімдер арасында Шымкент қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Дархан Қанағат І орын алса, Орал қаласында өткен жастар арасындағы қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында Сандуғаш Темірбек ІІ орынға ие болды. Петропавл қаласында өткен құсбегіліктен Қазақстан чемпионатында жаттықтырушы Ерлан Кенжетаев І орын, Руслан Тумурзин ІІІ орынды иеленді. Ал, жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында Әбілмансұр Уәлихан мен Әнуар Кеңес ІІ орын, Ералы Тастанбек пен Нұрхан Кеңес ІІІ орынға тұрақтады.

Дәстүрлі садақ атудан да жетістіктеріміз айрықша. Шымкентте өткен Азия кубогында Азамат Нұртаев І орын алды. Ол Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында Корея Республикасының Ульсан қаласында өткен Әлем кубогында І орынды иеленді.

Ақтау қаласында өткен жамбы атудан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында дәстүрлі садақ атудың жаттықтырушысы Ләззат Ахметова ІІІ орынға ие болды. Көкшетау қаласы, Краснояр ауылы «Құлагер» атшабарында теңге ілуден Қазақстан чемпионатында Шыңболат Мұхтар ІІІ орын алды. Ал, Алматы облысында өткен республикалық «Ақбидай» жарысында құсбегіліктен Шыңғыс Уәлихан ІІ орын, қазақ күресінен Әсет Жүнісов ІІ орынды иеленді.

Ұлттық спортты дамыту үшін тек жаттығу өткізу жеткіліксіз. Спортшы үнемі жарыс тәжірибесін жинақтап, өз мүмкіндігін сынап, мықтылармен бәсекеге түсуі керек. Осы мақсатта мектебіміз жыл сайын әртүрлі жарыстарды ұйымдастырып, өткізуге белсенді қатысады.

Биыл да спорттық күнтізбеміз мазмұнды іс-шараларға толы болды. Сәуір айында Көкшетауда қазақ күресінен Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған ересектер арасында ашық облыстық, ал, Зеренді ауданында Мәлік Ғабдуллинді еске алуға арналған республикалық турнир өтті.

Сонымен қатар, қазақ күресінен Аршалы ауданында өткен Жұмабек Тәшеневті еске алуға арналған, Ақкөл қаласында Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған республикалық турнирлері біздің спортшыларымызға тың серпін берді. Мамыр айында Көкшетауда қазақ күресінен «Ақмола Барысы» іріктеу турнирі өткізіліп, Краснояр ауылында бәйге маусымының ашылуына арналған жарыстар ұйымдастырылды. Ал, тамыз айының басында Краснояр ауылында жастар мен жасөспірімдер арасында теңге ілуден Қазақстан чемпионаты өтті. Сонымен қатар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және асық атудан балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық чемпионаттар өткізілді.

Ұлттық спорттың болашағы ауылдармен тікелей байланысты екендігін жоғарыда айтып өттім. Қазақтың атқа міну мәдениеті, саятшылық, садақ ату, күрес өнері секілді дәстүрлері ауылдық жерде жақсы сақталған.

Сондықтан, спорт мектебінің филиалдарын аудандар мен ауылдарда дамытуға ерекше мән берудеміз. Ауыл баласының талантын дер кезінде байқап, оның кәсіби спортқа жолын ашсақ, біз бір міндетімізді орындадық деп есептейміз. Кейде үлкен спорттағы болашақ чемпион дәл қазір ауылдағы шағын ғана спорт залында немесе ат үстінде алғашқы жаттығуын жасап жүруі мүмкін. Оған тек дұрыс бағыт-бағдар, білікті жаттықтырушы және тұрақты қолдау қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, филиалдардың жұмысы өте маңызды. Олар спортты бұқаралық деңгейде дамытуға, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дарынды жастарды анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінде біздің спорт мектебімізде жаттықтырушы-оқытушылар тек спорттық шеберлікке баулып қана қоймай, шәкірттерінің бойына еңбекқорлық, отансүйгіштік, жауапкершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты адамгершілік қасиеттерді сіңіруге күш салып келеді.

Әрине,  спорттағы нәтиже тек бір күнде келмейді. Бұл жерде жаттықтырушының еңбегі ерекше. Жас спортшының мінезін, қабілетін, мүмкіндігін дұрыс бағалап, соған сәйкес жаттығу бағдарламасын құру үлкен шеберлік. Жаттықтырушы шәкіртінің қуанышын да, жеңілісін де бірге бөліседі.Сондықтан, мектебіміздің бұл жетістіктері ең алдымен, жаттықтырушыларымыздың еңбегінің жемісі. Спортшыларымыздың әрбір жеңісінде олардың маңдай тері мен тәжірибесі, кәсіби білімі бар.

Әрине, ата-аналардың қолдауын да ерекше атап өткен жөн. Баласын спортқа беріп, оның күнделікті жаттығуына жағдай жасау, жарыстарға бірге бару, қиындыққа мойымай, баласына демеу болудың барлығы да ата-ана үшін де үлкен еңбек.

Ұлттық спортты дамыту тек медаль үшін жасалатын жұмыс қана емес, сондай-ақ, ұлттық болмысты сақтау, дәстүрді дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру екендігін жақсы түсінеміз. Қазіргі жаһандану дәуірінде жастардың түрлі ақпарат пен әртүрлі мәдени ықпалдың ортасында өсіп келе жатқаны белгілі. Осындай кезеңде ұлттық құндылықтарды спорт арқылы насихаттаудың маңызы арта түседі.Сондықтан, біздің басты мақсатымыз осы спорт түрлерінің әрқайсысын сақтап қана қоймай, заман талабына сай дамытып, халықаралық деңгейге шығару. Бұл орайда, мектебіміздің даңқты Балуан Шолақ бабамыздың атымен аталуы да бізге зор жауапкершілік жүктейді.

Алдымызда атқарар жұмыстар аз емес. Біз үшін басты бағыттардың бірі  спорт мектебінің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту, жаттығу жағдайларын жақсарту, білікті жаттықтырушылар құрамын қалыптастыру және ауылдық филиалдардың мүмкіндігін кеңейту.

Сонымен бірге, жас спортшылардың республикалық және халықаралық жарыстарға тұрақты қатысуына жағдай жасау маңызды. Себебі, халықаралық аренада жеңіске жету үшін спортшыға тек талант емес, жоғары деңгейдегі дайындық пен жарыс тәжірибесі қажет.

Мектебіміз үшін ең үлкен жетістік шәкірттеріміздің жарыстағы жетістіктері ғана емес, олардың өмірде өз жолын табуы, елге пайдалы азамат болып қалыптасуы.

Біз ұлттық спорт арқылы жас ұрпақты дені сау, рухы мықты, намысты, еңбекқор азамат болуға тәрбиелейміз. Біз осы дәстүрді жалғастырып, ұлттық спорттың көкжиегін кеңейте береміз. Алда талай биіктер, талай жарыстар, талай жеңістер бар.Ұлттық спортты дамыту дегеніміз ұлттық рухты көтеру деген сөз. Ал, ұлттық рухы биік елдің болашағы да берік болмақ.

Біздің міндетіміз бабалар аманатын арқалаған ұлттық спортты жас ұрпаққа аман жеткізу, оның абыройын халықаралық аренада асқақтату және Ақмола өңірінен ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондарды тәрбиелеу мектебіміздің ғана емес, баршамыздың ортақ парызымыз.

Валихан ГАЛИЕВ,
Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар