Жауапты науқан қарқын ала түсті

Егін орағы – 2026

Жер-Анадан ырыздық несібесін күтетін Атбасар ауданының диқандары биылғы егін жинау науқанын қызу қарқынмен жалғастыруда. Көктемнен бері маңдай терін төккен дала еңбеккерлері енді еңбектің нәтижесін көріп, алқаптардағы астықты ысырапсыз жинауға бар күшін салып жатыр.

Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл өңір бойынша 397500 гектар алқаптан өнім жинау жоспарланған. Күні бүгінге дейін оның 75300 гектары орылып, бастырылды. Бұл жалпы егіс көлемінің шамамен 19 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта қамбаға түскен астық көлемі 106600 тоннаға жетіп отыр. Алқаптардағы өнімділік те көңіл қуантып, орта есеппен әр гектардан 15 центнерден бидай мен арпа жиналуда. Бұл – диқандардың тынымсыз еңбегі мен агротехникалық талаптарды сақтауының айқын нәтижесі.

Егін орағы – жыл бойғы еңбектің қорытындысын шығаратын жауапты кезең, сондықтан, шаруалар үшін әрбір күннің маңызы зор. Техника уақытылы жөнделіп, егіс алқаптарында комбайндар мен жүк көліктері тынымсыз жұмыс істеуде. Дала жұмыстарына тартылған мамандар өнімді шашау шығармай жинап, оны дер кезінде қабылдау орындарына жеткізуге күш салуда.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін бұл науқанның маңызы ерекше. Себебі, мол өнім шаруалардың табысы ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін беретін негізгі факторлардың бірі. Астықтың мол болуы мал шаруашылығына қажетті жемшөп қорын қалыптастыруға және тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді. Бұл орайда диқан үшін егіннің әр дәні – маңдай тердің өтеуі. Таңның атысынан күннің батысына дейін дала төсінде еңбек етіп жүрген аудан механизаторлары мен шаруашылық мамандарының еңбегі елдің берекесін еселеуге бағытталған.

Алда әлі жиналатын қыруар астық бар. Атбасарлық диқандар ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, егін орағын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды көздеп отыр. Дала төсіндегі қызу тіршілік пен еңбек дүбірі берекелі науқанның нышанын аңғартады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар