Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасының Спорт күніне арналған салтанатты іс-шарада өңір спортшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектестігін білдірді.
Спорт күні дене шынықтыру мен спортты дамытуға өздерінің кәсібилігі, еңбегі және өз ісіне деген адалдығы арқылы үлес қосып жүрген азаматтарды ұлықтауға арналған маңызды оқиғаға айналды. Бұл күні спортшыларға, жаттықтырушыларға және Ақмола спортының дәстүрін сақтап, оны жалғастырып келе жатқан сала ардагерлеріне ерекше көңіл бөлінді.
– Мемлекет басшысы дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударып, әрбір тұрғын үшін, әсіресе, жастар үшін спорттың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер қойып отыр. Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында спорт саласы жыл сайын қарқынды дамып, жаңа спорт нысандары салынуда. Соның нәтижесінде тұрғындар спортпен белсенді айналысып, чемпиондардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Бүгінде облыста 350 мыңға жуық адам спортпен шұғылданады. 2025 жылы 13 спорт нысаны пайдалануға берілді, оның 7-еуі ауылдық елді мекендерде орналасқан, – деді Марат Ахметжанов.
Іс-шараның маңызды оқиғаларының бірі – Ақмола облысының әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Құжат тараптардың әлеуметтік маңызы бар үш жобаны іске асыру бағытындағы өзара іс-қимылын көздейді. Атап айтқанда, Қосшы қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, облыс орталығындағы футбол стадионы мен инклюзивті спорт орталығын жабдықтау жоспарланған.
Іс-шара аясында спорт саласының өкілдерін марапаттау рәсімі де өтті. Көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, спорт мекемелерінің басшылары мен сала мамандары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Сондай-ақ, Қазақстан атынан ірі халықаралық жарыстарға жолдама алған Ақмола облысының спортшыларына құрмет көрсетілді. 2026 жылы өңір өкілдері триатлон, садақ ату, бокс, джиу-джитсу, ММА, парапауэрлифтинг, параспорттық ату және паражүзу бойынша Азия және Пара Азия ойындарына қатысу лицензияларына ие болды.
Ақмолалық спортшыларға қолдау білім беру саласында да жалғасуда. Биыл «Оқжетпес» командасының екі футболшысы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің атаулы гранттарына ие болса, үш жас спортшы Қазақ спорт және туризм академиясының білім беру гранттарының иегері атанды. Олардың қатарында үстел теннисінен жасөспірімдер арасындағы чемпионатының күміс жүлдегері Меруерт Тәжімова да бар.
Сонымен бірге, мерекелік іс-шара аясында 2026 жылғы қыркүйекте Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын спортшыларға да ақшалай сертификаттар тапсырылғанын айта кету керек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

