Сайлау – азаматтардың өз таңдауын білдіру мүмкіндігі ғана емес, елдің болашағына ықпал ететін маңызды қоғамдық институт. Әр буын өз таңдауымен мемлекет дамуының бағытына үлес қосады. Сондықтан сайлауға қатысу – бүгінгі күннің мәселесіне ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына деген жауапкершілік.
Қазақ қоғамында елдің маңызды мәселелерін талқылап, ортақ шешім қабылдауда билер институтының орны ерекше болған. Бабаларымыз ел бірлігін, әділдікті және ұрпақтың қамын басты құндылық санаған. Бүгінде осы дәстүр заман талабына сай жаңа сипатта жалғасып келеді. Халықтың пікірін ескеру, қоғаммен ашық диалог орнату – мемлекет дамуының маңызды негіздерінің бірі.
Құрылтай сайлауында әр азаматтың дауысы маңызды. Өйткені халық өз өкілдерін таңдау арқылы елдің қоғамдық-саяси өміріне араласуға мүмкіндік алады. Сондықтан сайлауға бейжай қарамай, кандидаттардың ұстанымына, білімі мен тәжірибесіне, ел мүддесі үшін жұмыс істеуге деген жауапкершілігіне назар аудару қажет.
Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз – өткеннің тәжірибесін сақтай отырып, болашаққа сенімді қадам жасау. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен жастардың жаңашыл көзқарасы тоғысқанда ғана қоғам тұрақты әрі нәтижелі дами алады. Бұл ретте әр азамат өз таңдауын саналы түрде жасауы маңызды.
Бүгін қабылданған шешімдердің нәтижесін ертеңгі ұрпақ көреді. Сондықтан сайлауға қатысу – тек азаматтық құқықты пайдалану емес, келешек алдындағы жауапкершілікті сезіну. Ел болашағы әрқайсымыздың бүгінгі таңдауымыздан басталады. Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа тұрақты, бірлігі бекем, дамуға ұмтылған ел қалдыру.
Серік Баймурзин,
Зеренді ауданы Билер кеңесінің төрағасы
![]()

