Жаңа Жағалау мереке шаттығына бөленді

Жастар күні

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың қатысуымен және құттықтау сөз сөйлеуімен жаңа Жағалауда  Халықаралық жастар күні атап өтілді.  

Осы күнге арналып әр бағытта өткізілген шаралардан кейін кешкілік бағдарлама аясында жастарды аталмыш мерекемен құттықтаған әкім орынбасары еңбекте және қоғамдық өмірде белсенділіктерімен көзге түскен бірқатар өңір жастарын Ақмола облысы әкімінің атынан Алғыс хаттармен марапаттады.

Биылғы жастар күні жоғары деңгейде өтті. Атап айтсақ, атаулы күн «Таза Қазақстан» экологиялық акциясынан бастау алып, одан әрі жағажайдағы волейболдан чемпионат ұйымдастырылды. Сондай-ақ, асық атудан турнир, «Aqmola Hub» презентациялық көрмесі, робототехника бойынша жасөспірімдер арасында тәжірибелік сабақтар өкізілді.

Сонымен қатар, «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» атты кітап көрмесі де көңілден шықты. Шара барысында қала жастары үшін викториналық ойындар ұйымдастырылып, қазақ әдебиетінің үздік туындылары мен көрнекті ақын-жазушылар туралы сұрақтар қойылды. Оған қоса, көше биінен чемпионат және Холи түстер фестивалі болып өтті.

Осылайша, бірнеше форматта өткен шаралар жаңа Жағалау бойын думанға бөлеп, жастарды өзіне көптеп тартты.

– Бүгінгі Халықаралық жастар күні облысымыздың әрбір ауданы мен қаласында аталып өтілуде. Жастық шақ – алаңсыз білім алып, өз арманың мен мақсатыңа ұмтылатын ерекше кезең. Қазіргі жас ұрпақтың білімі мен білігі, талабы мен талпынысы еліміздің ертеңін айқындайтын үлкен күш. Ақмола облысының жастары осы білім мен ғылым, спорт пен мәдениет, басқа да салаларда белсенділік танытып, өңіріміздің дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді, – дейді Ақмола облыстық  жастар-ресурстық орталығының басшысы Әсия Закенай.

Жастар күніне арналған осы шараларға облыс орталығындағы  «Гормолзавод» ЖШС демеушілік жасап, тек қатысушыларға ғана емес, олардың өнерін тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтарына да тегін балмұздақтар таратты.

Ал, мерекені қорытындылаған кешкілік концерттік бағдарлама Жаңа жағалауда орналасқан сахна төрінде өтті. Оның  аясында  түрлі ойындар мен конкурстар өткізіліп, жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар тапсырылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар