Жазғы маусымда Ақмола облысының мыңға жуық жасы «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының құрамында еңбек етті. Жастар қалалар мен ауылдардың аумақтарын абаттандыруға, тазалықты сақтауға атсалысып, алғашқы ресми еңбек тәжірибесіне ие болды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Маусымға дайындық жұмыстары алдын ала басталып, өңірде 16 жастан асқан жастар үшін шамамен 1,4 мың квота бөлінді. Еңбек жасақтары облыстың барлық аудандары мен қалаларында құрылды. Олардың ең ірілері Көкшетау, Степногорск қалаларында, Бурабай және Целиноград аудандарында жұмыс істеді.
Қатысушыларды қабылдау кезең-кезеңімен жүргізілді. Елді мекендерге қарай бірден үшке дейін жұмыс легі құрылып, әр лег негізінен бір ай бойы еңбек етті.
Жаз мезгілінде барлығы мыңға жуық ақмолалық жұмысқа кірісті. Әр қатысушымен еңбек шарты жасалып, жұмыс күні сегіз сағатты құрады. Негізгі бағыттар – қоғамдық аумақтарды абаттандыру және күтіп ұстау, сондай-ақ басқа да қоғамдық пайдалы жұмыстар.
Көптеген оқушы мен студент үшін бұл алғашқы ресми жұмыс орны болды. Жасақ құрамындағы еңбек жастарға табыс табумен қатар, еңбек тәртібі, жауапкершілік және ұжымда жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге мүмкіндік берді.
«Жасыл Ел» жобасы жастарға еңбек жолын ресми түрде бастауға алғашқы мүмкіндік береді. Бұл ретте жастар тек тәжірибе жинап қана қоймай, өз еңбегінің нақты нәтижесін – абаттандырылған аумақтарды, көріктендірілген қоғамдық кеңістіктер мен елді мекендердегі тазалықты көре алады», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Жасақтарды ұйымдастыруға қоғамдық бірлестіктер, қорлар мен жастар ұйымдары қатысты. Олар қатысушылардың құрамын жасақтап, жұмысын жергілікті жерлерде үйлестірді.
Жаз бойы жоба Ақмола облысының барлық аумағын қамтыды. Бір жастар үшін «Жасыл Ел» еңбек жолындағы алғашқы қадам болса, енді бірі үшін каникулды белсенді өткізіп, туған елді мекенінің тазалығы мен абаттандырылуына үлес қосудың мүмкіндігі болды.
![]()

