Жақсы ауданында Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп, тұрғындар өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскелеріне келді. Олардың қатарында алғаш рет дауыс берген 18 жастағы Белағаш ауылының тұрғыны Ғасымов Ислам да бар, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Ислам – спорт шеберлігіне үміткер, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Ол №478 сайлау учаскесіне келіп, алғаш рет дауыс берді.
«Мен үшін бұл – маңызды әрі жауапты сәт. Бұған дейін сайлау туралы үлкендерден еститінмін, ал бүгін өзім қатысып, таңдау жасауға мүмкіндік алдым. Бұл – ересек өмірге жасалған тағы бір қадам деп ойлаймын», – деді Ислам.
Жас спортшының пікірінше, қазіргі жастар білімді, жауапты әрі белсенді болуы керек. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге қызығушылық танытып, өз ауылының, ауданының және елінің дамуына үлес қосуға ұмтылғаны маңызды.
Оның айтуынша, спорт та адамды тәртіпке, табандылыққа және жауапкершілікке үйретеді. Бұл қасиеттер қоғамдық өмірде де қажет.
«Спортта нәтижеге жету үшін тәртіп пен еңбек керек. Өмірде де әр адам өз шешіміне жауап бере білуі тиіс. Жастар өз пікірін білдіруден қорықпай, ел өміріне белсенді араласуы керек», – деп атап өтті жас сайлаушы.
Ислам алғашқы дауыс беруін саналы азаматтық ұстаным қалыптастырудың маңызды кезеңі деп бағалайды. Ол қатарластарына білім алып, дамуға ұмтылып, жаңа мүмкіндіктерден қорықпауға және өз таңдауларына жауапкершілікпен қарауға тілек білдірді.
Бүгінгі сайлау жас спортшы үшін тек алғашқы дауыс беру емес, азаматтық өмірге жасаған маңызды қадамы болды.
Дереккөз: aqmolacom.kz
![]()

