Ақмолалық сайлаушылар:  ел болашағы үшін дауыс бердік!

Ғасыр жасаған ана ілтипаты

Сайлау күні Көкшетау қаласының тұрғыны, ғасыр жасаған Евдокия Беккер де өз таңдауын жасады.

Жасына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен баруы қиын болғандықтан, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері оның үйіне барып, дауыс беруді жылжымалы жәшік арқылы ұйымдастырды.

Евдокия Александровна комиссия мүшелерін жылы қарсы алды. Сәл толқығанымен, сайлауға қатысуға ниетті екенін бірден білдіріп, дауыс беру тәртібіне қатысты түсіндірмелерді мұқият тыңдады.

Ғасыр жасаған кейуананың өмір жолы Қазақстанмен тығыз байланысты. Ол Архангельск облысынан комсомол жолдамасымен Қазақстанға тың игеруге келген. Осында бухгалтер мамандығын меңгеріп, кейін Арықбалық ауданынан Көкшетауға қоныс аударған. Қалада ұзақ жылдар бойы Горпромторг жүйесінде еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан.

Евдокия Беккер үшін сайлауға қатысу жылдар бойы қалыптасқан азаматтық дәстүр. Ол өмірінде бірде-бір сайлауды жібермеген. Бүгін де осы дәстүрін жалғастырып, өз таңдауын жасады.

Комиссия мүшелері дауыс беру тәртібін түсіндіргеннен кейін, Евдокия Александровна тізімге қол қойып, бюллетеньді алып, жылжымалы сайлау жәшігіне салды.

– Егер дауыс беруге мүмкіндік болса, оны пайдалану керек деп әрдайым ойлайтынмын. Жүз жасқа келсем де, сайлауға қатысқым келеді. Елімізге бейбітшілік, ал, жастарға жарқын болашақ тілеймін, – деді ғасыр жасаған сайлаушы.

Дауыс беріп болған соң, ол комиссия мүшелеріне алғысын айтып, ақ тілегін білдірді.

***

Ақмола облысында сайлау күні тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында бірқатар сайлау учаскесінде мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.

Дауыс беруге келген азаматтар сайлау рәсімінен кейін шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламаларын тамашалады.

Атап айтқанда, «Достар» мәдениет үйінде орналасқан №41 сайлау учаскесінде «Балақай», «Аманат» шығармашылық ұжымдары, «Сұлтан» триосы және «Шаңырақ» хоры өнер көрсетті.

Өнерпаздар ән шырқап, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бағдарламаға балалар мен жас өнерпаздардың қатысуы да шараның мазмұнын байыта түсті.

Қызылжар ауылындағы «Көкше» мәдениет үйінде орналасқан №1 сайлау учаскесінде де шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мәдени бағдарлама ұсынылды.

Сайлау учаскелеріндегі мәдени шаралар дауыс беру процесіне кедергі келтірмей, азаматтарға қосымша жағымды әсер сыйлауға бағытталды.

Ән мен күй, балалардың өнері мен шығармашылық ұжымдардың концерті сайлау күнінің мазмұнын мәдениетпен сабақтастыра түсті.

***

Сайлауға ұршықтарымен келді

Қосшы қаласындағы №750 сайлау учаскесінде ұлттық дәстүрді дәріптеуге бағытталған «Ұршық Party» акциясы ұйымдастырылып, қазақтың дәстүрлі қолөнері көпшілік назарына ұсынылды.

Ұршық  халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан көне қолөнер құралдарының бірі. Әжелер мен аналар ертеректе ұршықпен жүн иіріп, одан тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар дайындаған. Бүгінде бұл өнер ұлттық мәдени мұраның маңызды бөлігі ретінде қайта жаңғырып келеді.

Акцияға сайлау учаскесіне келген тұрғындар да белсене қатысып, ұршық иіру өнерін тамашалады. Әртүрлі жастағы азаматтарды біріктірген шара ұлттық дәстүрді насихаттаумен қатар, аға буынның тәжірибесін кейінгі ұрпаққа таныстыруға мүмкіндік берді.

– Ұршық тұрмыстық құрал емес, ол халқымыздың еңбекқорлығын, шеберлігін және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрін көрсететін ұлттық мұра. Бүгінгі шара арқылы осы өнерге деген қызығушылықты арттырып, ата-бабадан қалған құндылықтарды заманауи форматта жаңғыртуды мақсат еттік, – деді акцияға қатысушылар.

Ұлттық өнерді заманауи форматта ұсынған «Ұршық Party» сайлау күнінің есте қаларлық сәттерінің біріне айналды.

Шараға әр буын өкілдері қатысып, ұлттық құндылықтардың уақыт өткен сайын маңызын жоғалтпайтынын, керісінше жаңа форматта жаңғыра түсетінін көрсетті.

***

Қосшы қаласындағы №748 сайлау учаскесінде құрылыс саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылар сайлауға арнайы жұмыс киімімен келді.

Құрылыс алаңындағы жұмыс ырғағы үнемі қарқынды. Нысандарды белгіленген мерзімде аяқтау, жоспардың орындалуы мен қауіпсіздік талаптарын сақтау құрылысшылардан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Соған қарамастан, жұмысшылар сайлау күні учаскеге арнайы келіп, өз таңдауларын жасады.

– Біз күн сайын құрылыс алаңында еңбек етіп, қаланың дамуына өз үлесімізді қосып жүрміз. Бүгін жұмыс арасынан сайлау учаскесіне бірге келдік. Әр азамат өз таңдауын жасауы керек деп есептеймін. Өйткені, елдің болашағына қатысты мәселелерге бейжай қарауға болмайды, – деді құрылыс саласының қызметкері.

Арнайы қорғаныс киімімен келген жұмысшылардың сайлау учаскесіндегі көрінісі еңбек пен азаматтық жауапкершіліктің қатар жүретінін аңғартты.

Құрылысшылар үшін елдің дамуына үлес қосу тек кәсіби міндетпен шектелмейді. Олар жұмыс орнында қаланың келбетіне үлес қосса, азамат ретінде қоғамдық өмірге араласу арқылы ел болашағына деген ұстанымын білдіреді.

***

Қосшы қаласында Ілиясовтар отбасының бірнеше буын өкілі сайлау учаскесіне бірге келіп, дауыс берді.

Отбасының үлкені  85 жастағы Қарлығаш Ілиясова. Ол төрт баланың анасы, 12 немере, 33 шөбере және екі шөпшектің әжесі. 2013 жылдан бері оның шаңырағында үш буын  өзі, келіні және немере келіні бірге тұрып келеді.

– Біздің отбасымыз үшін үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болу өте маңызды. Маңызды күндері бірге болуға тырысамыз. Сондықтан, бүгін бірнеше буын болып сайлау учаскесіне келдік, – деді Қарлығаш Ілиясова.

Бұл әулетте отбасылық құндылықтарға айрықша мән беріледі. Бір дастархан басына жиналу, үлкендердің батасын алу, кітап оқу, табиғатты қорғау, қонақ күту секілді дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Отбасының жас буыны да білімге, спортқа және шығармашылыққа белсенді. Немерелері мен шөберелері түрлі олимпиадаларға қатысып, футбол және жүзумен айналысады, сурет салып, кітап оқиды.

Отанасы Қарлығаш Ілиясованың өзі де белсенді өмір салтын ұстанады. Ол YouTube желісіндегі бейнесабақтар арқылы тігін тігуді меңгеріп, жақындарына көрпе, жастық және басқа да бұйымдар дайындайды. Қазақ тіліндегі сөзжұмбақтарды шешуді де ұнатады.

Әулет мүшелерінің кәсіби өмірінде де еңбекке деген құрмет айқын көрінеді. Қарлығаш Ильясованың келіні Сұлуай көп жылдан бері педагог болып еңбек етіп келеді.

***

Ақмола облысында сайлау күні әр буын өкілінің азаматтық белсенділігімен ерекшеленді. Бірі алғаш рет дауыс беріп, азаматтық өміріндегі маңызды қадам жасаса, енді бірі ондаған жыл бойы қалыптасқан дәстүрін жалғастырды. Аудан-қалалардағы сайлау учаскелеріне еңбек адамдары жұмыс арасынан уақыт тауып, дауыс беруге келсе, ардагерлер кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетті.

Сол күні көлікте жүру тегін болды

Ақмола облысында сайлау күні тұрғындардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетуіне жағдай жасау мақсатында «Тегін көлік» акциясы ұйымдастырылды.

Өңірдің қалалары мен аудандарында жүргізушілер мен қоғамдық көлік қызметі тұрғындарға қолдау көрсетті. Акцияға өз еркімен қосылған жүргізушілер азаматтарды сайлау учаскелеріне тегін жеткізіп, дауыс беруге қатысуына мүмкіндік жасады.

Мәселен, Степногорск қаласында акция таңертеңнен басталды. Жеке көлік жүргізушілері тұрғындарды сайлау учаскелеріне ақысыз тасымалдап, игі бастамаға өз үлестерін қосты. Көкшетау қаласында да тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Сайлау күні қалалық қоғамдық көліктің барлық бағыттарында жол жүру тегін ұйымдастырылды. Бұл шешім қала тұрғындарының сайлау учаскелеріне қосымша шығынсыз жетуіне мүмкіндік берді.

Ал, Аршалы ауданында да дауыс берушілерді учаскелерге жеткізу үшін тегін көлік ұйымдастырылды. Жүргізушілер мен көлік қызметінің өкілдері тұрғындардың сайлау орындарына ыңғайлы жетуіне қолдау көрсетті.

***

Ақкөл ауданында сайлау күні жастар үшін ерекше мәнге ие болды. Бірқатар ауылдық сайлау учаскесінде жас азаматтар алғаш рет өздерінің сайлау құқығын пайдаланды.

Алғашқы дауыс жастар үшін жай ғана бюллетень толтыру емес, ересек өмірге жасалған алғашқы қадам, туған ауылдың болашағына деген жеке жауапкершілікті сезінудің көрінісі.

Жас сайлаушы Ақан Даниал өз дауысын жастардың үні естілуі үшін бергенін айтты.

– Мен жастардың дауысы естілгенін қалаймын. Ақкөлдің ертеңі қандай болатыны бізге де байланысты, – деді ол.

Самат Мақсат та сайлауға алғаш рет қатысып отыр.

– Бұл менің алғашқы сайлауым. Мен ауылдың дамуын, жолдардың жөнделуін, жастарға жұмыс орындарының көбейгенін қалаймын. Сондықтан, үйде отырмай, сайлауға қатысу керек деп есептеймін, – деді жас сайлаушы.

Жалғызқарағай ауылының тұрғыны Әділбек Құлмағамбетов те алғаш рет дауыс берді.

– Бірінші рет дауыс беріп отырмын. Ауылымызда балалар үшін көбірек мүмкіндік болғанын қалаймын. Сондықтан, бүгін сайлау учаскесіне келдім, – деді ол.

Ал, Бекболат Құсайынов алғашқы дауысын азаматтық парыз ретінде бағалайды.

– Алғаш рет дауыс беріп, өз таңдауымды жасағанымды мақтан тұтамын. Бұл  ел алдындағы және болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз, – деді ол.

Ақкөл ауданындағы жас сайлаушылардың белсенділігі ауыл жастарының туған жердің мәселелеріне бейжай қарамайтынын көрсетті.

Олар ауылдың дамуы, жастарға мүмкіндік, балалардың болашағы және туған өлкенің өркендеуі деген сияқты қарапайым талаптар қойып отыр.

Динара АРХАРОВА.

Ақкөл ауданы.

***

Астраханка ауылында егін орағының қызған шағында жүрген комбайншылар да сайлауға қатысуға уақыт тапты. Агробизнес және сервис колледжінің қызметкерлері Дмитрий Антонец, Мадияр Пелевин және Дмитрий Скляров №181 сайлау учаскесіне бірге келіп, дауыс берді.

Колледждің өзіне тиесілі егістік алқабы бар. Қазір дала жұмыстарының ең қызған шағы. Комбайн тізгіндеген азаматтардың жұмыс күні таңнан кешке дейін егістік басында өтеді. Соған қарамастан, олар сайлауға қатысу үшін уақыттарын алдын ала жоспарлаған.

– Қазір біз үшін нағыз қызу науқан. Егістікте жұмыс көп. Дегенмен, дауыс беру де маңызды болғандықтан, оған алдын ала уақыт бөлуді шештік. Бірге келіп, өз таңдауымызды жасап, қайтадан жұмысқа ораламыз, – деді Дмитрий Антонец.

Дауыс бергеннен кейін комбайншылар қайтадан егістік алқабына аттанды. Оларды даладағы күнделікті жұмыс күтіп тұрды. Егін орағы ауыл шаруашылығы үшін аса жауапты кезең. Әр сағаттың, әр күннің маңызы зор. Осындай қарбалас уақытта азаматтық міндетін де естен шығармай, сайлауға қатысқан еңбек адамдарының ел өміріне белсенді араласуы құптарлық іс.

***

Жақсы ауылында сайлау күні еңбек ұжымы дауыс беруге ерекше форматта барды.

Қызметкерлер №472 сайлау учаскесіне велосипедпен бірге келіп, белсенді өмір салтын азаматтық белсенділікпен ұштастырды.Таңертең акцияға қатысушылар белгіленген жерде жиналып, кейін велосипедшілер колоннасы ауыл көшелерімен сайлау учаскесіне қарай бет алды.

№472 сайлау учаскесіне жеткен соң ұжым мүшелерінің әрқайсысы өз таңдауын жасады. Дауыс бергеннен кейін велосипедшілер күнделікті жұмыстарына қайта оралды.

Жақсы ауылындағы спортшылардың бұл бастамасы сайлау күнінің өзіндік бір ерекшелігіне айналды. Бір жағынан салауатты өмір салтын насихаттаған велошеру болса, екінші жағынан азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы болды.

***

Аршалыда шайбалы хоккейден 19 дүркін чемпион атанған ақмолалық «Қойгелді» командасы сайлауда дауыс беруге ұйымдасқан түрде қатысты.

Спортшылар сайлау учаскесіне біртұтас ұжым болып келіп, өз таңдауларын жасады. Команда мүшелері үшін сайлауға қатысу  азаматтық ұстанымын білдірумен қатар, ел болашағына ортақ жауапкершілікті сезінудің бір үлгісін көрсетті.

Алаңдағы тәртіп пен ұйымшылдықты басты орынға қоятын хоккейшілер бұл қасиеттердің қоғамдық өмірде де маңызды екенін көрсетті.

Команданың сайлау учаскесіне бірге келуі Аршалы ауданы жастары үшін де үлгі іс болды. Спортшылардың бұл қадамы командалық рухтың тек мұз айдынында ғана емес, қоғамдық өмірде де көрініс табатынын аңғартты.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар