Егін орағы – 2026
Биылғы жылы Бурабай ауданында егін алқабы 190,5 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8,9 мың гектарға артты.
Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, осы алқаптың негізгі үлесін, яғни, 126,9 мың гектарын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алып жатыр. Оның ішінде бидай 74,1 мың гектарға себіліп, 2025 жылғы деңгеймен салыстырғанда 3,0 мың гектарға азайды. Есесіне майлы дақылдар алқабы 16,2 мың гектарға кеңейіп, 53,5 мың гектарға жетті. Бұдан бөлек, мал азықтық дақылдар 12,3 мың гектарды, картоп 853 мың гектарды, ал, көкөніс дақылдары 79 мың гектарды құрады.
Бүгінгі таңда аудан бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 30,9 мың гектары орылып, егін алқабының 24,4 пайызы жиналды. Жалпы түсім 62,8 мың тоннаны құрап, орташа өнімділік гектарына 20,3 центнерден айналуда. Ал, майлы дақылдар 565 мың гектар алқаптан жиналып, гектарына 10,7 центнер өнімділікпен 606 мың тонна өнім алынды.
Дала жұмыстарын кедергісіз жүргізу мақсатында ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 2824 тонна жеңілдетілген дизель отынына 117 өтінім берді. Ал, 2025 жылы 2484 тоннаға 106 өтінім берілген болатын. Сонымен қатар, облыстың Жол картасына сәйкес биыл егістікке 15,1 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған, бұл өткен жылғы 11,8 мың тонна деңгейден 3,3 мың тоннаға артық.
Осы орайда, отандық өндірушілермен бірлескен мақсатты жұмыстар да атқарылды. Атап айтқанда, «ҚазАзот» АҚ-мен 2,4 мың тоннаға 7 келісім-шарт, «ҚазФосфат» АҚ-мен 2,5 мың тоннаға 15 және басқа өндірушілермен 2,6 мың тоннаға 7 келісім-шарт жасалды. Бұған қоса, аграршылар шетелден 10,2 мың тонна карбамид, сульфоаммофос және тағы басқа да минералды тыңайтқыштар сатып алды. Сонымен қатар, көктемгі егіс және күзгі жиын-терім науқанын қаржыландыру аясында «Кең дала — 2» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 3,3 миллиард теңгеге 18 өтінім қаржыландырылды.
Ауданда бір мезгілде төрт түлік малды қыстатуға азық қорын дайындау жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі таңда 71,2 мың тонна шөп қоры жасалып, межеленген жоспар 100 пайызға орындалды. Сондай-ақ, 1,6 мың тонна сабан, 15,2 мың тонна пішендеме, бұл – жоспардың 108,6 пайызы және 3,8 мың тонна сүрлем дайындалды. Белгіленген 19,0 мың тонна сүрлем жинау межесінің 20,0 пайызы орындалып, бұл бағыттағы жұмыстар әрі жалғасуда. Суармалы жерлерді дайындау мен сүдігер жинау жұмыстарына келсек, ол жағы да назарда. Қазіргі уақытта астық ору мен бастыруға 340 комбайн қатыстырылып жатса, оның 91-і заманауи шетелдік техника. Сондай-ақ, 167 дестелегіш іске қосылған.
Жиналған астықты қабылдап, сақтау үшін ауданда жалпы сыйымдылығы 252,7 мың тоннаны құрайтын 4 элеватор бар. Олар «Көкшетау Мельинвест», «KENESARY AGRO», «Жасыл ХПП» және «ХПП Арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бұдан бөлек, шаруашылықтардың өзінде сыйымдылығы 47,2 мың тоннаны құрайтын қоймалар мен аумағы отыз бір мың шаршы метрді алып жатқан асфальтталған алаңдар бар. Қазіргі таңда барлық элеваторлар штаттық режимде жұмыс істеп, егінжай төсі мен қырмандардан түскен астықты қабылдауға кіріскен.
Астық кептіру бағытында 16 астық кептіргішті де тиімді пайдалануға тырысқан бурабайлықтар осылайша биылғы жауапты науқанды талапқа сай өткізіп, мол астықты қамбаға құю қарекетінде.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.
![]()

