Ана тіліңде сөйлеу ұлтыңның қадіріне жету деген сөз

students-tut.ru
students-tut.ru

Ұлтымыздың ұлы ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай, Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында «Болашақ» сарайында салтанатты шара ұйымдастырылып, онда облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтау сөз сөйледі және мемлекеттік тілдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген ақмолалық тіл жанашырларын Алғыс хаттармен марапаттады.  

Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары мен студенттері  және ақмолалық тіл жанашырлары қатысты.

– Бүгінгі кездесу халқымыз үшін маңызды және тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Соңғы жылдары елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып, жарқын болашаққа батыл қадам жасалуда. Қазіргі таңда елімізде жүргізіліп жатқан тіл саясаты – бірлік пен татулықты қажет ететін маңызды бағыт. Бүгін көптеген азаматтар қазақ тілін тек үйреніп қана қоймай, оны еркін меңгеріп, кәсіби деңгейде де қолдануға ұмтылуда. Осыған орай, облыстың қалалары мен аудан орталықтарында тіл үйретудің жаңа еркін форматын ұсынатын клубтар жүйесі құрылып, жұмыс істеуде. Бұл бастамалар қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықты арттырып, тілдің ортасын жандандыруға зор үлес қосып келеді, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары  облыста қазақ тілін меңгеруге бағытталған жүйелі және мақсатты жұмыстар өз нәтижесін беріп келе жатқанына тоқталды. Соның ішінде мемлекеттік тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік ең алдымен отбасынан, сосын балабақшадан басталатынын тілге тиек етіп, бұл орайда мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде тәрбиеленетін балалар үлесі 75 пайызға дейін жеткенін атап өтті. Сол тәрізді Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12200 орындық 9 мектеп ашылып, онда 10 мыңнан астам оқушы қазақ тілінде білім алып жатқандығы айтылды.

Салтанатты шарада мемлекет және қоғам қайраткері, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің деканы, белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымға мемлекеттік тілдің қазіргі замандағы мән-маңызы туралы кеңінен айтып берді.

– Ежелден тілдің қадір-қасиетін біздің қазақтан артық түсінетін халық жоқ. Тілді құдірет деп, тілді қасиет деп санаған халқымыз жауды да, дауды да өз шешендігімен, ділмар сөзімен тоқтата білген, – деп сөзін бастады жазушы ағамыз Жабал Ерғалиұлы. – Түркістанда өткен үшінші Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәселесін сонау Алаш қайраткерлерінен бастап бәрі айтып келе жатқанын, енді айтуды қойып, нақты іске кірісетін уақыт келгенін, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде елімізде тұратын барлық ұлт өкілдерінің ортақ тіліне айналуы тиістігін атап көрсетті. Бұл ретте, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» да осы іске өзінің айтулы үлесін қосып келеді, – деп жиналған қауымға  мемлекеттік тілді құрметтеу мен қастерлеудің мән-маңызын ұтымды ойларымен өрбіте отырып, әсерлі жеткізіп берді.

Белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы да өз кезегінде тіліміздің байлығы мен тазалығын сақтаудың, оны келешек ұрпаққа жеткізудің қажеттілігіне ерекше тоқталды. Ахаң айтпақшы, «сөзі жоғалған елдің – өзі жоғалады» деген сөздің түп-төркінін, баба тілінің, ана тілінің қадірін жастардың санасына жететіндей етіп түсіндірді. Тіпті, тілдері жоғалып бара жатқан елдерден нақты мысалдар келтіріп, тәуелсіз елдің басты нышаны да осы тіл екендігін ұмытпауымыз керектігін баса айтты.

Бұдан әрі сөз алған Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ филологиясы факультетінің 4-курс студенті Оксана Зинченко бала кезінен қазақ тілінің уызына қанып өсіп, қазір қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығына оқып жүргенін, қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақтың салт-дәстүрі мен тілін өзге ұлт өкілдері арасында насихаттап, дәріптеп жүргенін жатық тілмен айтып бергенінде, іштей қуанып отырдық.

Конференцияда белгілі болғанындай, биыл тіл мерекесі құрметіне облыс көлемінде жылда өтіп жүрген дәстүрлі онкүндік аясында 2 мыңнан астам түрлі іс-шаралар жоспарланыпты. Осы жолы жиында еліміздегі тіл саясатын жүзеге асыруда нәтижелі еңбек етіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға елеулі үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды. Соның ішінде Жарқайың ауданының тілдерді оқыту орталығының басшысы Нұргүл Ысқақова, Ақкөл аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әйкерім Түменбаева Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталса, аталған министрліктің Алғыс хатына Көкшетау қаласының №11 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сандуғаш Жүсіпова ие болды.

Тілге деген құрметі мен жанашырлығын нақты іспен көрсетіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және оның дамуына елеулі үлестерін қосып жүрген ақмолалықтарға табысталатын Ақмола облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын 10 номинация бойынша жеңіп алғандар қатарында ақын, жазушы Серік Жетпісқалиев,  Біржан сал ауданы Үлгі ауылдық округінің әкімі Рысжан Әбжанова, Ақкөл ауданы прокуратурасының аға прокуроры Бүркітбай Жиенқожаев, мәдениет саласының үздігі Марал Жақыпова және тағы басқалары бар. Сол тәрізді ана тіліміздің абыройын асқақтатып, қазақ тілін дамытуға және оның аясын кеңейтуге айрықша үлес қосып жүрген бір топ тіл жанашыры  Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты шара соңында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші  Ерлан Рысқали өнер көрсетіп, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар